Өсімдік жабынының индикаторлық белгілері
Индикаторлық белгі ретінде өсімдік жабынының алуан түрлі көрсеткіштері қолданылады. Индикаторлық «критерилерді» Клементс екі: жеке, жеке өсімдікке қатынасты, және ценоздық, өсімдік қауымдастығын сипаттайтын топқа жіктейді.
Негізгі жеке белгілер қызметін таксономиялық (түр, туыс, тұқымдас, алуан түрлілік) бірліктер қолданылады. Жеке белгілерге Паунд және Клементс (сүректі өсімдіктер, жартылай бұталар, плейоциклдік шөптер, дициклдік шөптер), Раункиер (фанерофит, хамефит, гемикриптофит), Варминг (сүректі, суккулент, жатаған шөптер, жұмсақ сабақты жартылай бұталар) жіктеулеріндегі тіршілік формалары жатады. Маңызды жеке индикаторларға сонымен бірге, өсу формалары — өсімдіктердің жеке дараларының құрылысындағы ерекшеліктер де жатады.
Ценоздық индикаторлық белгілер өсімдік қауымдастықтарында «ассоциациялық» сипатта (колония, ассоциация, микротопшалар, субклимакс) болады. Қауымдастықтың кеңістік құрылымдық белгілері синузий ярстылығымен және ассоциация үйлесімділігінен көрінеді. С.В.Викторов (1953) геоботаникалық индикаторлық белгілердің маңызды классификациясын: экологиялық-физиономиялық, флористикалық, құрылымдық және даму ритміндегі айырмашылықтар бойынша жіктеуді ұсынды. Индикаторлық белгілердің бірлік классификациясын Б.В.Виноградов ұсынды. Ол индикаторларды (1957): флористикалық, физиологиялық, морфологиялық, фитоценоздық деп жіктеді.
Индикаторлық белгілер: статистикалық және динамикалық болып жіктеледі. Динамикалық индикаторлар өз алдына ритмикалық (функциональды, фенологиялық) және нағыз динамикалық (өсу, сукцессиялық) болады.
Флористикалық белгілер өсімдік жабынының негізгі индикаторлық қасиеті болып табылады. Зерттелуші үлескілердің флористикалық құрамындағы айырмашылықтар жеке түрлердің белгілі бір экологиялық жағдайға бейімділігін көрсетеді. Бұл жағдайда негізгі индикациялық бірлік – түр. Әрбір түрге бір жағдайда — өте кең, екінші жағдайда — өте тар тіршілік ету амплитудсы тән. Флористикалық индикаторлық белгілер тіршілік ортасының негізгі сапалық сипаттамсын, ал өзге белгілер қосымша ретінде пайдаланылып, жеке өсімдіктердің көрсеткіштерін нақтылай түседі.
Физиологиялық индикаторлық белгілерге өсімдіктердің химиялық құрамы мен зат алмасуындағы сипаттамалар жатады. Физиологиялық индикаторлық белгілерді заттық және қызметтік деп бөлуге болады. Заттық белгілерге өзгерістер, әсіресе аномалия ерекшеліктері, өсімдік ұлпасының құрамындағы металдық және жеңіл еритін тұздар, пигмент құрамы мен концентрациясындағы өзгешіліктер, өсімдік майының және ақуыздың формалары, су мөлшері, су ұстағыш қабілеттіліктер, осмостық қысым жатады. пигменттердің биохимиялық ерекшеліктері физиономиялық индикаторлық белгі — өсімдік түсін анықтайды.
Морфологиялық индикаторлық белгілерді пайдалану жеке өсімдіктердің ішкі (анатомиялық) және сыртқы құрылымына негізделеді. Анатомиялық белгілер ағаштардың жылдық сақиналарының ені, суөткізгіш ұлпалардың құрылысындағы ерекшеліктер, клетка мен клетка қабықшасының айырмашылықтары, жеке ұлпалардың даму деңгейі жатады. Сыртқы морфологиялық белгілер өсімдік биіктігін,бұта мен дін диаметрін жапырақ тақтасының өлшемін анықтау бойынша жүзеге асады. Сапалық морфологиялық белгілер (тіршілік формалары, экотип, терат, өсу формасы, сондай-ақ өсімдіктердің механикалық зақымдануы, табиғи қалпының өзгеруі) де индикатор ретінде қолданылады.
Фитоценоздық индикаторлық критерияларды Клементс өсімдіктердің ассоциациялығы мен құрылымындағы ерекшеліктерді ескере отырып, әлеуметтік және құрылымдық деп бөлген. Бірінші топ өсімдіктердің ассоциациялығын сипаттайды және сандық мәліметтерді: жиілілік, жобалы жабын, кездесу жиілілігі, дисперстілік көрсетеді. Екінші топ фитоценоздың құрылымдық белгілерінен тұрып, қауымдастықтың синузиялық құрылымын (ярустылық пен мозайкалылық) және өсімдік жабынының құрылымдық белгілерін (кешен формасы, фитоценоз үйлесімділігі өзара орналасуы) көрсетеді.
Анатомиялық өсу белгілері діңнің жылдық сақиналарының ені мен санының өзгерістерін және сүректің өсу жылдамдылығын талдауға негізделген.