Тәуелсіздік алғанымызға 28 жылдың жүзі болды. Бүгінде «азатпыз» деп мақтанамыз, « тектіміз» деп кеуде кереміз.
Десе де, тегімізге қосақталған қара таңбадан арыла алмай жүрменімізде шаруамыз жоқ. Онымен қоймай, рухани жаңғырып, дамыған 20 елдің қатарына кіруге дәмеліміз.
Ал текті ұрпақ, біз қашан аты-жөнімізге жалғанған орыстың «-ов, -ев, -ин, -ина»-сынан құтыламыз?
Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын!
Сонау 1917 жылдың өзінде Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан ата-текті қазақыландыру идеясын көтеріп кетті.
«Қазақ аты-жөнін орыс халқына еліктеп, «-ов, -ев» деп жазу тоқтатылсын!
Бұдан былай қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құнанбайұлы деген сияқты жаздырсын,
біз де Ахмет Байтұрсынұлы,
Әлихан Бөкейханұлы болайық!»,- деді ол.
Арада ғасыр өтсе де тегімізді ұлтымыздың қалпына лайықтап жаза алмай келеміз.
Ал текті ұрпақ, бұған кім кедіргі?
Кімнің құлысың?
Біз тегімізге жалғап жүрген «-ов» жалғауы орыстың «чей холоп?» деген сөзінен шыққан. Бұл — құлдар мен күңдердің қай құлиеленушіге тиесілі екендігін анықтайтын жалғау.
Мәселен, Иванов – Иванның құлы, Николаев – Николайдың құлы.
Егер Грозный, Мудрый сынды орыс патшаларының тегіне үңілсеңіз, оларға бұл жалғаудың жалғанбағанын көресіз.
Ал текті ұрпақ, сен кімнің құлысың?
Әрбір ұлт тегін түгендеуде болмысына сай ерекшеліктерді қолданады.
Мысалы, «-ян» — армян жұртын, « -ин» — татар жұртын, «-оғлы» — түрік жұртын, «-ов» орыс жұртын танытады.
Ал текті ұрпақ, бай тіліміз барда, орыстың қосымшасына жабысып, не көрінді бізге?
Құлдық жалғаудан оңай арылуға болады, бірақ ниетті емеспіз
Елбасының 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында:
«Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып,
өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс.
Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» делінген. Демек, құлдық жалғаудан оп-оңай арылуға болады. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына туу туралы куәлігіңіз бен жеке куәлігіңізді алып барсаңыз жеткілікті. Ал текті ұрпақ, неге аты-жөнімізді түзеуге ниетті емеспіз?
Момышев емес, Момышұлымын!
Осы орайда Бауыржан атамыздың мына бір диалогы ерексіз есіме түсіп отыр. Соғыста ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлын орденмен марапаттап жатқан кезінде мысқылдап күлген армян азаматы Микоян:
-«Құттықтаймын сiздi, жолдас Момышев!»- дейді.
Сол сәтте Бауыржан Момышұлы да Микоянға «Рақмет, жолдас Микоев!» — деп жауап қатады. Микоян бұған ыза болып:
— «Мен сiзге Микоев емеспін, Микоянмын!» — дегенінде, Бауыржан Момышұлы да қарап тұрмай:
— «Мен де сізге Момышев емеспін, Момышұлымын!» — деп жауап береді. Ал текті ұрпақ, тәуелсіз елдің ұландарында неге осындай намыс жоқ?
Текті түзеу — тектіліктің белгісі. Түйіткілді өзгеден іздемей, құлдық санадан арылуға қазірден әрекет жасайық! Ертеңге ысырып жүргенде, кеш болып қалмасын…
Диана АСАН, «Адырна» ұлттық порталы