Шегесіз салынған мешіт

Алматы облысы Панфилов ауданында тарихи-мәдени орындар өте көп. Солардың бірі – Әулиеағаш ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан «Жаркент мешіті» мұражайы. Іргетасының қаланғанына биыл 120 жылдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін әу бастағы сұлулығын сақтап қала алған бірегей нысан.

Жаркент қаласының қақ ортасында орналасқан мешіттің ерекшелігі сол – оны салу барысында бір де бір шеге қолданылмаған. Сондықтан болар бұл мешіт XIX ғасырдың таңғажайып сәулет ескерткіштері қатарына кіріп отыр.

Біз Алматы облысына жасаған экспедициямыздың алтыншы күні түс ауа Әулиеағаш аумағынан шыққан бойда бірден мешітке тарттық. Мақсат – күн ұясына батқанға дейін суретке түсіріп үлгеру.

Жаркентке кіре берісте бізді аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Тайлақұлы күтіп алды. Тарихи орынға барар жолда ол Жаркент қаласының сәні мен салтанатын асырған көне мешіттің ауданға туристер тартуда айтарлықтай септігі тиіп отырғанын айтты. «Бір қызығы оны көруге қазақстандықтардан гөрі шетелдіктер жиі келеді, – дейді Марат Тайлақұлы, – осы күні бұл ғимарат облысымыздың да брендіне айналып отыр».

 

Биіктігі екі жарым метр тас қамалмен қоршалған мешіт ауласына кірсеңіз, нақ бір жер бетіндегі күні – жұмақ, түні – рақат өмір мекені – Мәуелі баққа енгендей әсерде қаларыңыз сөзсіз. Себебі ол жерде сылдыраған су мен сайраған құстың дауысы алма-кезек түрленіп, жаныңды рахатқа бөлейді. Мешітті қаулай қоршаған ағаштар, иісі аңқыған раушан гүлдер мен жайқалған көкорай шалғын шөп көздің жауын алардай ерекше түрленеді. бөлейді. Ал оның жоғарыға қарай майысқан құлама ұштары, саптағы сарбаздардай тізілген бағаналары мен үлкен ернеулері ерекше әсемдік беріп тұр.

Мешіт екі қабаттан тұрады. Үстіңгі қабаты әйелдерге, астыңғы бөлігі ерлерге арналған. Ішіне бір уақытта 1500 адам емін-еркін кіре алады. «Өздеріңіз байқап тұрғандарыңыздай мешіттің ішіндегі ою-өрнектер гипстен жасалған. Және одан әр түрлі ұлт өкілдерінің қолтаңбасын да көреміз. Бір таңқаларлығы мешіттің екінші қабатында әу бастағы бояулары әлі де бар, – дейді мұражай директорының міндетін атқарушы Райхан Әнреева, – әр жылдарда зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар ол бояудың құрамын әлі де анықтай алмай келеді».

Мешітке алғаш кірген адамға ондағы құрылыстан өзгешеліктің барын бірден аңғарады. Оған буддизмнің белгілері беріліп, тіреу ағаштары мен қабырғаларына ұлттық нақыштағы ою-өрнектер қашалып салынған. Сондай-ақ онда ара-тұра құстар мен балықтар, ойдан шығарылған жан-жануарлардың да бейнесін кездестіруге болады.

«Мешіт астындағы жертөле ішкі температураны жыл он екі ай бірқалыпта ұстап тұруға мүмкіндік береді, – дейді Райхан Әнреева, – жертөледегі тұрақты ауа мына тесікшелер арқылы қысты күндері ғимаратты жылытса, жаз айларында салқындатып тұрады».

Ел ішіндегі аңыз бойынша, мешітті салған қытайлық сәулетші Хон Пике еліне қайтып барғаннан кейін өлім жазасына кесіліпті. Оған қытай сәулет өнерінің құпиясын басқаларға ашып берді деген айып тағылған.

Кеңес өкіметі тұсында қойма, әскерилердің жатағы секілді түрлі мақсатта пайдаланылған мешіт тек 1948 жылғы зерттеу жұмыстарынан кейін барып мемлекет қарауына өтті. Ал 2013-2014 жылдары жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың шатыры ауыстырылып, бағаналары нығайтылған. Бұл жерде қазір намаз өтелмейді, тек мұражай ретінде ғана қолданылады.

 

Экспедиция Алматы облыстық Ішкі саясат және туризм басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

Авторы – Дәурен Құдайберген, фото: Ерболат Шадрахов, Екпін Хасенжан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *