Жер шарының картасында, құрлықтың бел ортасында орналасқан Қазақстан мемлекетінің аумағын қолыммен ақырын сипалай отырып, ерекше тебіреністі күй кештім. Мұхитпен шектеспесе де, мұзарт көкпен тілдесетін ұлан-ғайыр елімнің аумағын анталаған жауынан қорғап, бүгінгі ұрпағына дін-аман жеткізген ардақты бабаларыма шексіз ұлттық ризашылығым бар.
Асыл бабаларым-ай, қаны да таза, ары да таза, ұлтына деген пейілі, ұрпағына деген мейірі таза ардақтыларымның биік арманы қазақ мемлекетін жер бетінен жойдырмай, егеменді ел ету еді. Ол арманы орындалды. Осының бәрі ел ынтымағының жемісі деп ұғамыз. Ынтымақ ырысқа бастайды. Батыр білегімен бірді жығып жатса, «білімді мыңды жығады» дейді. Білімнің өзі де — ақыл, ой, жігер, тәуекелшілдік, талап сияқты қасиеттердің бірлігінің жемісі.
Бірлік- тірліктің баспалдағы, ынтымақтың қайнар көзі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөздің түбінде үлкен мағына жатыр.
Елбасымыз- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «… Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Үдеудің сыры-бірлікте, Жүдеудің сыры-алауыздықта.
Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата -бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.
… Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты!»-дей отырып, ел игілігіне қатысты істерді жүзеге асыруда халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағының маңызы зор екенін атап өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы жолында әрбіріміз қолымыздан келер игі істерімізбен үлес қосуымыз перзенттік парызымыз. Дініміздің сан жамиғатқа бөлініп, түрлі ағымдардың жетегінде кетуі, аға-әпкелеріміздің ата-анасын сыйламай, бетін бүркеніп, үлкендердің, діни сауатты ғалымдарымыздың дұрыс жолға сілтеген бағытын көрмей, «өзім білемдікке» салынып, өзге діннің шылауына кетуі бірлігіміздің берекесін кетірер үлкен қатер болмақ.
Дінге құрмет жасауымыз керек болса, бабаларымыз сан ғасырлар құбылаға жығылып, құлшылық еткен кезеңдерінде тура жол деп ұстанған Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабынан неге ауытқуымыз керек. Біздің жастар бүгінгі күні адасу жолында жүр. Бұл — адасу мемлекетіміздің дамуы мен өркендеуін көре алмайтын, жүректерін қара ниет жайлағандардың ісі. Білімі жоқ, өмірдің сәл ғана сәтсіз сәттерінде қиыншылықты көтере алмайтын әлсіз жандарды олар тез арбауына алып, олардан дінсіз қарақшылар жасақтауда. Бұл мәселеде бізге керегі тағы да ынтымақшылдық. Қауым болып адасқан жастарды ортаға алып, түзу жолға бұру игілікті іс болар еді. Дана халқымызда «Игілік басы-ынтымақ» деген қанатты сөз бар. Игілік деген не нәрсе? Игілік дегеніміз, алдымен, асқар таудай әке, мейірімді ананың ақылы. Игілік — білім, саналылық, еңбек, отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға деген адалдық. Туған жерге деген шынайы махаббат. Осынау жақсы қасиеттер адами тұлғаның тұғырлы игіліктері емес пе? Осы игіліктер болса, ынтымақ елден қайда кетпек.
Әлемді тітіркендірген экстремизм, терроризм салдары бесіктегі сәбиден, белі бүгілген қарттарымызға дейін үлкен қасірет шектірмек. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулыққа алауыздық отын үрлеп, елдерді дінге, нәсілге бөлінуді қалайды. Жұдырықтай жерді мекендеген барша адамзат баласының тілеуі тек ынтымақ болса, бұл тажалдың бетін қайтарар бір ғана нәрсе ол — тұрақтылық пен бейбітшілік, халықтар достастығын қолға алу.
Біздің алтын ұя мекеніміз Қазақстан Республикасы қашанда татулық пен тұрақтылықты қалайды. Отбасында да бір тілектеміз. Тек ынтымақ. Кешегі көнекөз қариялар дастарқан басындағы ұдайы айтар сөзі: «Елімізге тыныштық, патшамызға сабырлық, отбасымызға амандық бер!» — деп отырады.
Елбасымыздың: «…Бәрі де есімізде-қазіргі Тәуелсіздігіміз қазақ ұлтының өз тағдырын өзі шешуге деген сан ғасырлар бойғы ұмтылысының жемісі екенін жақсы білеміз. Бұл ұмтылыс қоғамдық ой-пікірдің қалыптасуымен, халықтың жан жүрегімен қалаған қажырлы іс — әрекетімен нығайтылып отырды. Біз 1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастарының тоталитарлық тәртіпке жүрек жұтқан әрі теңдесі жоқ ерлікпен қасқайып қарсы шыққанын ұмытпаймыз. Тәуелсіздік тұрақты даму арқылы нығаяды», — деген болатын.
Міне, бірлігімізді сонау ызғарлы жылдары да жалынды жастарымыз желтоқсан жаңғырығымен дәлелдегенін қалай ұмытпақпыз.
Бірлік дегенде «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы», «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» сияқты түрлі ел бірлігіне жұмыс жасайтын қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтар еске түседі.
Қауымдастық, бірлестік, ассамблея ұғымының астарында да бірлік пен ынтымақты үндеген ой жатыр.
Еліміздің үдере өркендеп келе жатқан қарқынды дамуы, бүкіләлемдік өркениет көшінің алдыңғы сапына ұмтылысы ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған ізгілік жолы екені айдан анық.
Ендеше, барлық ұландардай тәуелсіздігіміздің баянды, тұтастығымыздың берік, елдігіміздің мәңгі болғанын қалаймын!