Жігіттің сұлтаны

Ер-азамат қашанда ерлерге тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың иесі болғаны жөн. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені жаман еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» дегендей, ер адам жігерсіз болса – онан не қайыр? Сондықтан кешегі өткен қилы-қилы замандарда еліміздің тәуелсіздігін, кең байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған ата-бабаларымыздың батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер-азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет! Әр жігіт спортпен, денешынықтырумен айналысып немесе өзін-өзі үнемі шыңдап жүрсе оның нағыз ер тұлғалы азамат болып қалыптасары анық. Бүгінгі таңда азаматтарымызға күштілікпен бірге білімдарлық та, ділмарлық та, кісілік те қажет. Ер жігітке ұсақтық жараспайды. Еркек адам әйел құсап сөз қуып, біреудің сыртынан пыш-пыш өсек айтып немесе әріптестерін бастығына жамандап жүрсе мұның несі еркектік?! Үлкендер алдында құрдай жорғалап, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, жарамсақтанып жүрген ер-жігіттің қадыр-қасиеті болмайды.

Біз әңгіме арқауы еткелі отырған Ұлттық қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры, заң ғылымдарының докторы, ерік-жігердің иесі Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов бүгінде ер-азаматтарға өнеге етуге лайықты тұлға. Сайдың тасындай 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген Ұлы Отан соғысының ардагері Мелдебек ақсақал мен Батыр ана Бәкира Нысанбайқызының үшінші перзенті осы Сейітжан еді. Әкесі балаларының тәрбиесімен тікелей өзі айналысатын. «Балаларым, жақсы оқыңдар», «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар», — дегендей, білімді адам рухани көкжиегі кең, ақыл-парасаты мол, елінің абзал азаматы болады, — дейтін Мелдебек аға балаларына. «Адал болыңдар, өтірік айтпаңдар, кісіге қиянат жасамаңдар, ешкімнің ала жібін аттамаңдар. Жігерлі, қажырлы, сабырлы болыңдар. Сонда ғана бақыт та сендерге басын иеді». Әкенің бұл сөзі Сейітжанға да, оның бауырларына да өмірлік бағдаршамдай жол көрсетіп тұратын. Сонан болар Мелдебек ақсақалдың балаларының бәрі де жоғары білім алып өмірден өз орындарын тапты, дүниеге бір-бір кірпіш болып қаланды. Мелдебектің үлкен ұлы Бауыржан – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Ауылшаруашылығы ғылымдары академиясының академигі болатын. Бірақ 46 жасында өмірден мезгілсіз өтті. Сейітжаны генерал-майор, заң ғылымдарының докторы, Мелдекеңнің үшінші ұлы Сейітхан техника ғылымдарының докторы. Басқа ұл-қыздары да бір-бір мамандықтың иелері.

Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақов Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы су шаруашылығы техникумын, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, қауіпсіздік комитетінің Мәскеудегі кадрлар біліктілігін жетілдіретін курсын, Алматыдағы Жоғарғы курсын бітірген. Еңбек жолын Жамбылдағы коммуналдық машиналар жасау зауытында комсомол ұйымының жетекшісі болып бастаған ол көп ұзамай Жамбыл қалалық комсомол комитетінің нұсқаушысы, қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы лауазымына көтерілді. Әскер қатарында қызмет істеді. Бұдан кейін Сейітжан Қойбақовтың Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті саласындағы қызметі басталды. Бұл саланың Жамбыл, Шу, Жаңатас қалаларындағы басқармаларының кіші, аға жедел қызмет өкілі болды, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Орталық аппаратында бөлім бастығы, Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері, онан соң ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы бойынша басқарма (кейін департаменті) бастығының орынбасары, Семей қалалық аймақтық басқармасының бастығы, ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастығы, арнаулы қызмет бастығы сияқты қызмет жолдарынан өткен Сейітжан Қойбақов ұзақ жыл күрделі мемлекеттік қызметте жүрсе де ғылыммен шұғылдануға да уақыт таба білген еңбекқор жан.

Сұңғақ бойлы, сымдай тартылған дене бітімі сымбатты жігітке аққұба өңі, қиылған қара қасы мен қара мұрты онан әрі әр беріп, жігіттің сұлтаны дейтіндей сұлулық пен көркемдікті табиғат қалай үйіп-төгіп, үйлестіре берсе, оған ақыл-парасат пен күш-қайратты да аямай сыйлаған. Мектепті, орта арнаулы және жоғары оқу орындарын орысша бітіріп, қызметте де орысша жазып-сызып жүрсе де Сейітжан өз ана тілінде сөйлеп қана қоймай өлең де жазады, ата салтымызды, ұлттық дәстүрімізді жақсы біледі. Әсіресе оның ұлтжандылығы мен патриоттығы өз алдына бір төбе. Кез-келген қазақ жігіті мен осындай болсам деп еліктейтін, армандайтын, өнеге тұтатын азамат осы Сейітжандай-ақ болар. Ал енді оқырмандарымызға генерал Сейітжан Қойбақовтың ер-азаматқа тән асыл қасиеттерін айшықтайтын бірнеше эпизодты ұсынуды жөн көрдім.

Сәкеннің өзі ме екен, көзі ме екен?

Сейітжан Қойбақовтың Жамбыл қалалық комсомол комитетінде қызмет істеп жүрген кезі. Бірде Алматыға қызмет бабымен барып, шаруалары біткен соң дүкен аралап, көше бойлап келе жатты. Кенет бейтаныс бір кісі оны қуып жетіп, ақырын жеңінен тартты.

— Інішек, айып етпеңіз, танысып қоялық, мен «Қазақфильм»

киностудиясында қызмет істеймін, — деді ол емен-жарқын. Түсі жылы екен, күлімсіреп қолын ұсынды. Тумысынан ешкімнен жатырқамайтын Сейітжан да аңқылдап қолын ұсынды.

— Есімім – Сейітжан.

— Рахмет, айналайын, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын, — деді

кино қызметкері. (Атын айтқан еді, бірақ қазір Сейітжанның есінде қалмапты).

— Кешіріңіз, — деді режиссер ағай, — Мен сізді бақылап соңыңыздан

жүргеніме бірталай уақыт болды. Қазақтың жалынды ақыны, көрнекті мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин туралы фильм түсірсем деп көптен армандап жүр едім. Жаңа әлгіде сізді көріп, ойпырмай, мына жігіт Сәкеннің өзі ме, әлде көзіме деп қайран қалып, соңыңыздан қалмай ілесіп келемін. Сәкеннің сәнін де, сымбатын да үйіп-төгіп сізге берген Аллаға шүкір деймін, — деп режиссер Сейітжанға қайта-қайта сұқтана қарайды.

— Мекен-жайыңыз, қызметіңіз қайда, Секе? — деп сұрады сонан соң.

— Жамбыл қаласында тұрамын, қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысымын, — деді Сейітжан.

Таныстықтан кейін кинорежиссер Сейітжанның телефонын жазып алды.

— Партия, кеңес қызметі уақытша нәрсе, — деді ол. – Ал киноактер

болып фильмге түсу үлкен өнер. Ал өнер – мәңгілік! Кино деген тарих. Өнер тарихында қалу екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақыт. Сәкен Сейфуллиннің ролін ойнау зор мәртебе. Бұл бейнені сомдау әрбір артистің қол жетпес арманы. Сол бақыт сіздің басыңызға өзі келіп тұрған жоқ па, қарсылық жасамаңыз, — деп режиссер бәйек болды.

Қапелімде қалай жауап берерін білмеген Сейітжан елге барған соң қабырғаммен кеңесейін, ойланайын деп құтылған.

Елге келген соң бұл әңгімені отбасына айтып еді, бәрі де шошып

кетті.

— Әртіс болып үй бетін көрмей қаңғып жүрген не сұмдық?! — деді

шешесі Бәкира.

Әйелі де жақтыра қоймады. Алматыдан режиссер ағасы дембіл-

дембіл телефон шалып әуре.

— Бара алмайтын болдым, — деді ақырында Сейітжан үлкен кісі күдерін бірден үзсін деп…

— Сол кезде киноға кетсем бүгінде белгілі актерлердің бірі болып

жүрер ме едім, бірақ артист болу пешенеме жазылмапты, — деп күлді Секең өткен күндерді еске алып.

Ұлтым деген ұл туса – елдің бағы жанады

Алматыдағы әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Мәскеу жақтың бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп күйелеп жатқан кезі. Бұл кезде Сейітжан Қойбақов Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Жаңатас қалалық бөлімінде жедел (оперативтік) уәкіл.

«Бір аяқ кесе бозаның отыз ауыз желі бар» дегендей, бірде ішкіліктің желінен желпініп қалған қазағы бар, орысы бар оншақты жігіт боқтасып қалады. Сен орыссың, мен қазақпын деп бөлініскен ештеңесі жоқ, бірге жұмыс істеп, жолдас-жора болып бірге жүрген жігіттер. Бір-екі жұдырық сілтескені болмаса, «бас жарылып, көз шыққандай» дәнеңе де бола қоймаған. Кафе қызметкерлерінің қоңырауымен милиция жасағы келеді де жігіттерді тыныштандырады. Аты-жөндерін, мекен-жайларын, жұмыс орындарын жазып алады да өздерін үйлеріне қайтарып жібереді. Енді, міне, сол тізім МҚК қалалық бөлімі бастығының алдында жатыр. Бастық жедел қызмет уәкілі Сейітжан Қойбақовты өзіне шақырып, әлгі тізімді қолына ұстатты.

— Жолдас Қойбақов, — деді бастық, — мына тізімдегі аты-жөндерінің

тұсына белгі қойылған үш жігіттің үстінен ұлтшылдық отын жағушы экстремист ретінде шұғыл түрде іс қозғаңыз! — Бастықтың бұйрығы осы болды.

— Жолдас полковник! – деді лейтенант Қойбақов тізімді мұқият

шолып шығып, — мына тізімде орыс жігіттердің де аты-жөндері жүр ғой. Неге олардың бірде біреуі жазаланбай, тек қазақтар ғана ұлтшыл-экстремист ретінде жазықты болуы тиіс?! Әлде момақан қазақтарды тепкілей бер деген нұсқау бар ма?

— Онда сенің шаруаң болмасын! – деді полковник Юдиннің шегір

көздері ежірейіп.

— Сен бұйрықты орында! Басқасы менің жұмысым.

— Сіз олай ойласаңыз қателесесіз, полковник жолдас. Мемлекеттік

қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде мұндай іске менің де қатысым бар. Оның үстіне жәй ғана жанжалдасып қалған жас жігіттерді ұлтшыл ретінде қаралап, жалған жала жабу – барып тұрған қылмыс. Мен мұндай жасанды «қылмысқа» ешқандай да құжат толтыра алмаймын.

— Менің бұйрығымды тез орында, Қойбақов жолдас!

— Орындай алмаймын!

— Орындамай көрші, сөгіс жариялап, қызметіңнен қуайын!

— Кінәсіз жастарға жала жапқаныңыз үшін сіз де заң алдында жауап бересіз. Мен мұны дәлелдей аламын.

«Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар» дегендей, жас

лейтенанттың бұл сөзінен кейін полковник шала жансар жыландай сылқ ете түсті. Юдин ақырында Сейітжаннан кешірім сұрады.

Қазақ халқының басына қара бұлт үйіріліп тұрған сол бір аумалы-төкпелі кезеңде бұл сияқты сөзін сөйлейтін кісісі жоқ қаншама қазақ жастары «ұлтшыл» атағын алып орталықтың озбыр саясатының құрбаны болып кете барды десеңізші. Сейітжанның өзіне қауіп төніп тұрғанына қарамай үш қазақ жігітін жаладан арашалап қалуы сол кезде ерлікке пара-пар еді. Оның орнында жасықтау, жалтақтау басқа бір қызметкер болса «қазақтарыңды қорғаштап отырған өзің де ұлтшылсың» деген сөзден қорқып, бастығының айтқанына бас шұлғып отыра берер ме еді, кім білсін?!

Шыныққан шымыр болады

Ол арнаулы қызмет бастығы болып тағайындалып, өз жұмысына кіріскен күннің ертесіне жеке құрамның жаттығуын барып көрді. Бұл күні снайперлік винтовкадан дәл көздеп ату жөнінен жаттығу болып жатыр екен. Жаңа бастық келгенде жауынгерлер тік тұрып ізет көрсетіп, командир жаттығу барысы туралы мәлімдеді. Арнаулы қызмет жігіттері, жәй ғана қатардағы жауынгерлер емес, шеттерінен әскери шені бар білікті офицерлер, лейтенанттан полковникке дейін барлық сатыдағы шен иелері, осалы жоқ.

Жаңа бастыққа бәрі сынай қарап тұр. Бастықтың да бастығы бар. Бұл кезде полковник шенімен осы қызметке келген Сейітжан да кәсіптік шеберлігі, әскери дайындығы жөнінен талайлардан биік-ті. Ал мына жігіттер оның кәсіби деңгейін білгісі келетіндей.

— Жолдас полковник, сіз де атып көрсеңіз қалай болар екен, — деп

қалды бір офицер жымысқылау күліп. Сейітжан да адам жанын танитын психолог емес пе, оның мына күлімдеген көздерінен өзін сынап тұрғанын сезе қойды да:

— Әкел карабинді! – деді іркілместен. Офицер оқтаулы қаруын бере

қойды. Сейітжан ату шебіне жедел жетіп барды нысананы көздеп тұрып шүріппені басып қалды.

— Ура! – деді бақылаушы, — командир дәл ондыққа тигізді.

Арадан екі-үш минут өтпей полковник Сейітжан Қойбақов атысты

аяқтады. Бақылаушы нысананы көріп шықты да айқай салды:

— Төрт ондық, бір тоғыздық!

— Ура, командир жасасын!

— Біздің бастық нағыз снайпер екен ғой! – десіп жеке құрамның

жігіттері мәз-мейрам болысты.

— Жолдас полковник, мергендік өнерімен қашаннан бері машықтанып жүрсіз? – деп сұрады мана өзін сынағысы келген офицер.

— Бала кезімнен, — деді Сейітжан. – Мен ежелгі аңшы емеспін бе?!

— Ә …, ә … кәсіпқой аңшы екенсіз ғой?

— Дәл солай! Бірақ мен офицермін. Нағыз офицер жан-жақты болуы керек қой.

«Мен сендерге өзімнің кім екенімді, қандай командир екенімді енді көрсетейін» деп ойлаған жаңа бастық көп ұзамай 35 шақырым қашықтыққа жаяу жорық ұйымдастырды. Бұл жаттығудың түрін «Выживание» деп атайды. Өйткені терроризмге қарсы күресетін арнаулы қызмет жауынгерлері кез-келген қиын жағдайда аштыққа, суыққа, түтеген боранға, аптап ыстыққа, шөлге төтеп беріп, тау-таста, ұзақ сапарда өмір сүруге икемді болуға тиіс. Сонда ғана олар өмір үшін күресе алады. Жаугершілік жағдайда «бес қаруын» түгел сайлап, керек-жарағын артынып-тартынған әр жауынгердің бойында ең кемі 30 килограммдық жүк болады. Осы салмақты көтеріп 35 шақырымға желе-жортып жаяу баруға тиіс.

Жаңа бастық Сейітжан Қойбақов та жауынгерлермен бірдей жарақтанып, жаяу жорықты өзі бастады. Бұл анау-мынау емес, ең қиын, ең күрделі жаттығу 35 шақырымға адам түгілі аттың аты әзер-әзер шыдас береді. 25-30 шақырымдық аламан бәйгеде талай тұлпар болдырып, жолда қалып жатпаушы ма еді?! Ал полковник С.Қойбақовтың жауынгерлері жорықта сыр бермеді. Жаңа бастық бұл сапарда өзінің нағыз командир екенін көрсетіп қана қоймай, олардың жігерін жани түсті.

Биік тауға, тіп-тік жартастарға өрмелеу кезінде де Сейітжан Қойбақов қоластындағыларға өнеге көрсетті. Қиясынан шыбын тайып жығылатын жап-жалтыр жартастарға өрмелеу нағыз шебер, кәсіпқой альпинистерге ғана тән өнер десек, жаңа бастық осындай күрделі жаттығу кезінде жартастан жартасқа «қарсыластарға» ұрыс сала өрмелеудің шынайы шеберлігін көрсетіп, соңынан ерген сарбаздарына өзінің нағыз сардар екенін дәлелдеді.

Сейітжан үнемі жауынгерлерін жаттықтыра жүріп өзі де шеберлігін шыңдады, сұлу да сымбатты тұлғасы онан әрі айшықтала түсті.

— Жігіттер, біздің әрқайсымыз бастық сияқты сымбатты, сол сияқты күшті, батыр әрі шебер жауынгер болуға тырысуымыз керек, — дейді бөлім командирлері өз бағыныштыларына.

Спорт залына барғанда Сейітжан Қойбақов өзінің бесаспап спортшы екенін тағы да мойындатты. Турникке тартылу, онда шыр айналып әр алуан қимылдар көрсету, гир көтеру, волейбол, футбол ойнау, жаяу жүгіру – міне, осының бәрінде командир алдына жан салмады.

— Полковник мырза, сіз нағыз спортшы, нағыз қолбасшы екенсіз, — деп тамсанды оған бағыныштылары.

— Мен жасымнан спортпен айналыстым, студент кезімде бокспен

шұғылдандым. Волейболды сүйіп ойнадым, — деді Сейітжан жігіттеріне ашыла сөйлеп. – Спорт тұлға сұлулығының ғана емес, күш-қуаттың, мықты ерік-жігердің де қалыбы. Спортпен айналыспаған офицерді мен өз басым жақсы офицер деп айта алмаймын, — деді Сейітжан әңгімесін онан әрі сабақтап.

Сарбаздар қолбасшысына сүйсіне қарайды. Сымдай тартылған сұлу тұлға шын мәнінде көз сүйсінтерліктей. Аққұба өңіне отты да ұялы қара көздері, қара қасы әдемі келісім бергендей, бет-әлпетіне жарасымды қыр мұрыны, қалың қара мұрты оны онан әрі айшықтай түседі.

«Шыңдалған шымыр болады» деген осы да. Бүгінгі біздің көптеген ер-азаматтарымызда осы қасиет жетпей жатқаны өкінішті-ақ.

Әрі өнерпаз, әрі аңшы

Генерал Сейітжан Қойбақов қызметтен қолы қалт еткен шақтарында тақтайшалардың бетін қашап, өрнек салып отырғаны. Міне, ол өз үйінің дуалдарында ілініп тұрған суреттерді көрсетіп жүр. Тақтай бетіне ойып салынып, лакпен лактеліп, әр алуан бояулармен көмкерілген суреттер ертегі сюжеттерін бейнелейді екен. Алтын жиекті рамаларға салынып, қабырғаға ілінген бұл дүниелер үйдің сәніне сән қосып тұрғандай. Онан әрі көрнекі жерде бір ақ, бір қара қасқырдың тұлыбы ілулі тұр. Бастары орнында, көздері әлі от шашқандай.

— Мынау Шығыс Қазақстан ормандарының қара қасқыры, ал мынау Маңғыстау өңірінің ақ қасқыры. Екеуін де өзім атып алғам, — деді Сейітжан. Осы кезде менің ойыма өзім кеше ғана танысқан полковник Ахмет Матаевтың мына бір әңгімесі оралды.

— Сейітжан қасқыр аулауды жақсы көреді, — деген еді Ахмет. – Сонау бір жылы екеуміз Шығыста қызмет істеп жүрген кезімізде сол өңірде қасқыр көбейіп, малды ауылдың мазасын алып жатыр деген хабарды естідік.

— Аха, кеттік қасқыр атуға! – деді бір күні Сейітжан. Аңшылыққа

құмарым болмаса да әріптесімнің көңілін қимай қақаған қыста қаруымызды сайлап, қасқыр атуға аттандық. Жапан далаға шыққаннан-ақ ақ қарға түскен айқыш-ұйқыш қасқыр ізін көріп Сейітжан болжам жасады. Көп ұзамай көз ұшында кетіп бара жатқан қасқырлар шоғырын көрдік. Тағы біраз жүрген соң Сейітжан мылтығын оңтайлап, көздеп тұрып, әлгі қасқырларды бірінен соң бірін омақастыра берді. Дәлдегені мүлт кетпейтін кәнігі мергенді, ақиық аңшыны алғаш көруім де осы. Сол жылғы қыста Сейітжан 20 қасқырды атып алғанын өз көзіммен көрдім. – Ахметтің бұл әңгімесіне Сейітжан үйіндегі әралуан қасқыр терілері куә болып тұрғандай.

Мен өзім осы жасымда сұр қасқырды көргенім болмаса, ақ қасқыр, қар қасқырды көрмеген едім. Енді, міне, сол «қасқырлар» генералдың үйінде ілулі тұр.

Сейітжан мен Ахмет Маңғыстауда да бірге қызмет істеген әріптестер. Секеңнің бұл жақтағы қызықтарын да Ахмет жақсы біледі екен.

— 1999 жыл. Ақтауда қызмет істеп жүрген кезіміз. Сейітжан демалыс күндерінің бірінде жолдастарымен аң аулай шығып, қасқырдың арланын атып алғаны әлі есімде, — деген еді Ахмет. – О, ғажап, оқ тигенде секіріп барып аунап түсіп, онан соң орнынан тұра жөнелген арланның соңынан бұлар да тұра жүгірген. Сейітжанның бір атқан аңына қайта қол көтермейтін әдеті. Бұл жолы да қайталап оқ шығармай тамшылаған қан ізімен жүре берді. Оқ тиген түз тағысы бәрібір жығылуға тиіс. Әлден уақытта бір төбенің басына барып құлаған арланды бұлар қанжығаға байлаған.

— Бұл төбені бұдан былай «Сейітжан төбе» деп атайық, — деген еді

сонда әріптесі Есқабыл.

— Мына арлан бұл төбені бекер таңдамаған болар, өйткені біздің

Секең де жігіттің арланы ғой, — дескен еді сонда жігіттер.

Бұл әңгіме ел арасына тез таралып, Маңғыстау өңіріндегі бұл төбе шынымен-ақ «Сейітжан төбе» аталып кеткен-ді. Бұл да болса Сейітжанның аңшылық өнерінен бір белгі.

— Аң аулауды әлі де жақсы көремін, — дейді Сейітжан Қойбақов. –

Бірақ ауыл шаруашылығына зиян келтіретін қасқыр сияқты жыртқыш аңдар болмаса, арқар, киік, қоян секілді азайып бара жатқан қасиетті аңдарға қол көтеруге қолым бармайды. Сондықтан мен өз басым аңшыларға браконьерліктен аулақ бол деп отырамын.

Сүйсіндірген талайды

Осыдан 5-6 жыл бұрын Керчьте, Қара теңіз жағалауында ТМД елдері антитеррорлық орталығы өткізген «Азов — Антитеррор» арнаулы оқу-жаттығуына қатысқаны Сейітжанның күні бүгінгідей есінде. Бұл жаттығуға Түркіменстан мен Өзбекстаннан басқа ТМД елдерінің барлығы, оның ішінде Қазақстаннан да арнаулы қызмет өкілдері қатысқаны бар. Осы іс-шараға еліміздің арнаулы қызметін басқарып барып, жаттығуда ерекше көзге түскен талантты командир Сейітжан Қойбақов сол жолы ұйымдастырушылық қырымен де, ерекше сыр-сипатымен талайлардың таңдайын қаққызған азамат.

Мәскеулік журналистердің бірі беделді басылымдардың біріне Сейітжан туралы былай деп жазғанын мен өзім оқып, қағазға түртіп алғаным бар еді.

«Мәскеудегі Внуково әуәжайынан ұшаққа отырған біз Қара теңізге қарай самғап келеміз. Ұшақ бортында тек арнаулы қызмет офицерлері ғана емес, басқа да ерекше қызметтің өкілдері отыр. Және олар жәй ғана офицерлер емес, кілең полковниктер мен генералдар. Бірінен-бірі өтетін өңкей мықты, «ығай мен сығайлар». «Қазақстандық арнаулы қызмет бастығымен танысыңыз», — деді маған антитеррорлық орталықтың ақпарат тобының жетекшісі, — деп жазады онан әрі мәскеулік журналист әйел. – Симферепольге келіп түскен соң онан әрі автобуспен сапар шектік. Барар жеріміз Украинаның Новый свет поселкесі. Мен қазақстандық арнаулы қызмет бастығы полковник Сейітжан Қойбақовтың жанындағы орынға жайғастым. Самайларын ақ күмістей ақ қырау шалған, сұңғақ бойлы сымбатты полковник сөзге шешен, кісі жатырқамайтын ақкөңіл жігіт екен, шуу дегеннен әңгімеміз жараса кетті. Өмірден көргені көп, түйгені мол парасатты кісі екені сөздерінен байқалса, өз ісіне сенімді, рухы биік адам екені от шашқан отты жанарынан сезіліп тұрғандай. Ақ шалған самайы арнаулы әскери қызметтің күрделі баспалдақтарынан өткенін аңғартады. Командирдің келбетіне, сом тұлғасына қарап тұрып кез-келген терроршыны үш жүз – төрт жүз метр қашықтан снайпер винтовкасымен мұрттай ұшырып түсіретін, қоян-қолтық, жекпе-жекке шыға қалса қарсыласын ә дегенше алып ұратын, кепілдікте отырған бейкүнә адамдарды бүлікшілер тұтқынынан аман-есен құтқару үшін лезде ұрымтал операция ұйымдастыра алатын аса күшті де білікті басшы екенін ажырату қиын емес. Ол жеңіл ғана броньді кеудешесімен терроршының оғынан қаймықпай бейкүнә адамдарды құтқару үшін көзсіз ерлікке бара алатын батырлар тобынан. Оның тәуекелін ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Ол бірақ осындай батырлыққа бара алады. Бұл анау-мынау емес, ерекше жаратылған адам. Айрықша тұлға».

Мәскеулік журналистің осы пікірі…

* * *

Олай болса, бүгінгі ер-азаматтарымызға, жастарымызға біз ғана емес шетелдіктер де тамсана мойындаған генерал Сейітжан Қойбақовтың азаматтық қырларын өнеге етсек несі айып?! «Жігіттің сұлтаны» дейтіндей абзал ағамыз аман болсын, елімізде осындай жастар көбейе берсін.

Мырзахан АХМЕТ,

Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Астана

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *