Сарапшылардың оқып-зерттеуі бойынша, әлемде жолаушылардың басым көпшілігі күнделікті қозғалысында жерасты жолдарын, әсіресе, метроны көп пайдаланады екен. Жерасты жолдары дегенде, оның бәріне метроны қоса беруге болмайды. Себебі, Лондон мен Гонконг қалаларында жерасты жолдарымен кемелер мен автобустар да қатынайды. Сондай-ақ, кейбір қалаларда ұзын-сонар жерасты тоннельдерін халық қатынас жолдарына айналдырып алған. Бұл — бөлек тақырыптың әңгімесі. Біздің бүгінгі тақырыбымыз метро жөнінде болмақ. Алматы метрополитені — әлемдегі ең жаңа, бұрынғы Кеңестер одағындағы Қазан қаласынан кейінгі және Орта Азиядағы екінші, Азия құрлығындағы іске қосылған соңғы метро болып отыр. Егер Ташкент метросын бүкіл КСРО республикалары жабылып салса, Қазан метросын бүкіл Ресей Федерациясы асарлап салды. Ал Алматы метросы — Тәуелсіздігіміздің алып ескерткіші ретінде және өз күшімізбен салған ғажайып құндылық болуымен де бізге аса қымбат. 2015 жылдың басынан бастап, өткен он айда Алматы метро қызметін 2 753 242 адам пайдаланыпты. Бұл халық санына шаққанда әлемдік рекордпен тең. Салыстырмалы түрде айтқанда, әлем қалаларындағы көптеген метролар осыншама уақыт аралығында қала халқының жиынтық санын құрайтын жолаушылар құрамын жинай алмапты. Енді, Алматы метросын әлемнің өзге қалаларындағы метролармен салыстырып көрейік. Алматы метрополитені 9 бекеттен тұрады. Оның 8-інің атауы ұлттық тарихи даму дәстүрімен сабақтастырылып қойылған. Ал Мәскеу бекеті екі елдің негізгі қалаларының достық қарым-қатынасын дамытуды көздеген ойдан туындаған. Егер назар салып қарасақ, әлемдегі метролардағы бекет аялдамалары бір-біріне ұқсас келеді екен. Осылардың ішінде Алматы метросындағы бекеттер бір-бірінен өзгешеленіп тұруымен құнды. Күту алаңдары ауқымды, жарық, таза әрі желдету құрылғыларының жетілдірілгенін байқайсың. Бекеттердің әрленуінің өзі үлкен ыждағаттылықпен жасалған. Түсу, шығу алаңдарының өзі жолаушыларға өте тиімді атқарылған. Метрополитеннің техникалық-инновациялық тұрғыда жаңғыртылуы бірден көзге түседі. Сондықтан, оны әлемнің кез келген метрополитенімен жарыстыруға болады. Енді, әлем қалаларындағы метролармен қатар, соңғы бір айда өзіміз көрген Қазан, Нижний Новгород метроларын айтып өтсек те болар еді. Біз көрген Қазан метросы 2005 жылы қаланың 1000 жылдық тойын тойлау қарсаңында ашылыпты. Ол — Ресейдегі жетінші, КСРО құлағаннан кейінгі алғашқы іске қосылған метро. Қазан метросы бір бағытта салынуда. Әзірге онда тоғыз станса бар, таяу арада оныншы станса пайдалануға берілмек. Қазан метросы жер бетіне өте жақын жүргізілген. Биіктігі өте бәсең, ішкі акваториясы тар. Қасбетінің өту алаңы цементтен құйылған. Пайдалануға берілгеніне небәрі 10 жыл болса да, ол ширек ғасырдың кейпін береді. Ішкі әрлеу жұмыстары көңіл көншітпейді, сәуле беру жүйесі күңгірт. «Кремль» және «Ғабдолла Тоқай» бекеттерінен өзге аялдамалар қарапайым. Нижний Новгород қаласы метрополитені Ресейдегі үшінші, КСРО-дағы оныншы метро. Бұл жерде тарап кеткен Одақты айтудағы себебіміз, құрылысы жүргізілген метролар сол тұстағы алып империя азаматтарының салық төлеушілерінің қаржысына салынған. Сондықтан, онда біздің де үлесіміз бар. 1973 жылы жоспарланып, 1977 құрылысы басталған Нижний Новгород метросы 1985 жылы пайдалануға берілген. Екі бағытта жұмыс істеп тұрған метроның жалпы ұзындығы 18,9 шақырымды құрайды екен. Әзірге онда 14 бекет бар. Бұл екі метроны мысалға алу себебіміздің өз мәнісі бар. Құрылысы басталғалы бері өз жұмысын одан әрі жалғастырып келе жатқан метроның екі бағытта қатар жүргізілуінің өзі назар аударарлықтай. Волга Вять аймағының ірі экономикалық орталығы ретінде қалада ауыр индустриялық кәсіпорындардың орналасуы жерасты қатынасын үзіліссіз жүргізуге қолайлы климат тудырып отырған сыңайлы. Біз Нижний Новгород метросынан да көзге ілінер жаңалық таппадық. Ресейде 1902 жылы инженерлер Петр Балинский мен Евгений Кнорре Мәскеу қаласының орталық бөлігіндегі ескі ғимараттарды сүріп тастап, оның орнына метро жүргізуді жоспарлаған. Алайда, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен ол уақытша тоқтап қалған. Большевиктердің билікке келуімен 1922 жылы Мәскеу коммуналдық шаруашылық мекемесі «Мәскеудің болашағы — жол мен қарым-қатынас құралында» деген ұран көтеріп, халықты метрополитен құрылысын жүргізуге шақырады. Метрополитен басқару бөлімі құрылып, мамандарды бұл істе тәжірибесі бар Париж бен Берлин қалаларына жібереді. Кейін шет елде болған мамандардың ісіне НКВД араласып, олардың бәріне тыңшылар, сатқындар деген айып тағып, атып, асып тастайды. 1931 жылы құрылыс жұмысы басталып, 1934 жылы метроның алғашқы желісі пайдалануға беріледі. Содан бері Мәскеу метросының құрылысында дамыл жоқ. Құрылыс жұмыстары 1941 жылғы соғыста да тоқтатылмаған. Ер адамдардың орнына мыңдаған әйелдер тартылып, кейін олардың көпшілігі Социалистік Еңбек Ері атанған. Соғыс жылдарында осы күнгі Ресейдегі Қазақстан елшілігі орналасқан «Чистые пруды» гүлзарындағы «Киров» бекетінде әскери басқару орталығы орналасқан. Сол кезде көптеген бекеттер бомбыдан сақтанатын орындарға айналдырылған. Бүгінгі таңда Мәскеу метрополитенінің жалпы ұзындығы 300 шақырымды құрайды және ол 12 бағытқа қатынайды. Метро 5 ашық көпір үстінен, оның 4-еуі Мәскеу, 1-еуі Яуз өзенінің үстінен өтеді. Кейбір жерде Яуз өзенінің астынан қазылған тоннель арқылы өтетін де тұстары бар. Мәскеу метросы — Еуропадағы халық өте көп пайдаланатын, ал әлем бойынша Токио қаласынан кейінгі екінші метрополитен. Одан кейінгі орындарда Нью-Йорк, Сеул, Мехико және Париж метролары тұр. Мәскеу метросы бекеттерін әрлендіруге кезінде ең атақты суретшілер мен дизайнерлер атсалысыпты. Олардың көбісі түрлі барельефтермен, мозаикалар және витраждармен әспеттелген. Бекеттердің ішінде «Маяковский» аялдамасының тарихи даңқы зор. Мұнда 1941 жылы 7 қарашада Қазан төңкерісі мерекесі атап өтілген. Оған Сталин қатысқан. Ерекше жабдықталған вагонмен келген көсемнің сырт көзден таса, аса құпия жолмен тура Кремльден немесе Измайловадан келгенін жұрт әлі күнге дейін байқамағандарын айтып жүр. Жалпы, Мәскеу метросы туралы түрлі құпиялар бар. Метро — 2 деген құпия грифі бар жерасты жолдары туралы әңгіме бөлек тақырыптың шаруасы. Ол туралы келесі бір мақаламызда тарқатып көрмекпіз. Кезінде империя астанасы болған Санкт-Петербургте жерасты жолдарын салу өте қиынға соққан. 1917 жылға дейін Петербург метросы туралы 10-ға жуық жоба болыпты. Ұзақ жылдардағы айтыстан соң, 1938 жылы ғана жобалау жұмыстарына рұқсат беріліпті. Осы жылдары жедел түрде 38 шахта қазылып, ол соғыс басталысымен қайта көміліп тасталыпты. 1946 жылы метро құрылысы қайтадан қолға алынып, оның алғашқы кезегі 1955 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда Питер метрополитенінде пойыздар 5 бағыт бойынша қатынайды. Метрода — 64 бекет бар, олардың 57-сі өте тереңдікте жүргізілген. Ресей метроларының ішінде Питердегі «Адмиралтейская» бекеті 86 метр тереңдікте орналасқан. Ресейдегі жолаушылар тасымалдығының көптігінен Новосібір метрополитені үшінші орында тұр. Ширек ғасыр бойы айрықша суық континентальды аймақта салынған жерасты жолы 1985 жылы пайдалануға берілген. Екі бағытта жүретін метро 16 шақырым жолды қамтып, үш рет түсіп-міну орамын байланыстырады. Жерасты пойыздары жылына 82 миллион жолаушыға қызмет көрсетеді екен. Новосібір метрополитені Обь өзенін жеті жерден кесіп өтеді. Екі мың метрден астам ұзындықты қамтыған жолдың бір қанаты бір шақырым теңіз үстінен өтеді. Бұл әлемдегі ашық аспан астындағы жабық түрдегі бірден-бір метрокөпір саналады. 1986 жылы пайдалануға берілген теңіз үстіндегі метромост жазғы маусым мен қыс мезгіліне қарай жарты метр өзгеріп тұрады. Жазғы ыстықта жол ұзарып, қысқы аязда жарты метр қысқарады екен. Кез-келген құрылыс үлкен қаржыны қажет етеді. Сол қаржының жетіспеушілігінен әлемде көптеген метро құрылысының тоқтап қалған кездері болған. Мәселен, Красноярск метросы бірнеше рет басталып, соншама рет аяқсыз қалды. 1995 жылы басталып, арада 4 жыл өткесін тоқтап қалған жерасты жолы 2005 жылы қайтадан қолға алынған. Алайда, 3 жылдан кейін ол қайтадан тоқтап қалған. 2012 жылы ол тағы бір басталып, ақыр соңында аяқсыз қалды. Қазір метро құрылысы Омбы қаласында қарқынды жүргізілуде. 1992 жылы басталған жерасты жолында апатты жағдай орын алып, біршама уақыт тоқтатылған. Қазір метроның бірінші бағыты 2016 жылы беріледі деп күтілуде. Екатеринбург метрополитені 1991 жылы іске қосылған. Ол — Ресейдегі алтыншы, КСРО-дағы он үшінші, ең соңғы жерасты жолы. Метро бір бағытта қатынайды. Пойыздар бір жолмен барып, бір жолмен қайтады. Тоғыз бекеттен тұратын метро жер рельефіне қарай өте тереңнен және кейбір тұстарда жер бетіне таяу жүргізілген. Бекеттер ішінде «Ботаникалық бау-бақша» аялдамасы өзгелерден ерекше көрінеді. Қабырғалары бал арасына сәйкестендіріліп әрленген күту залы сары-қызғылт түспен көмкеріліп, өзіңді нағыз бал арасының ортасында жүргендей сезінесің. Челябинск қаласында салынып жатқан жерасты жолының қашан пайдалануға берілері белгісіз. 4 бекеттен тұратын метро құрылысы бір басталып, бір тоқтатылып тұр. Мына қызықты қараңыз! Метро дегенде біздің көзіміз қос рельске түсіп алған пойыздарға әбден көзіміз үйреніп алған. Алайда, Волгоградтағы жерасты жолымен метро емес, кәдуілгі трамвайлар қатынайды. Олар — метротрам деп аталады. 1976 жылы басталған метротрам жолдары 1984 жылы пайдалануға берілген. Мақала «Алматы ақшамы» газетінен алынды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/almaty-metropoliteni-alemdegi-sulu-metronyn-biri_a2860755