Әже, сен бірге жүрсің меніменен.
Өліге мен өзіңді телімегем. . .
Мұқағали Мақатаев
Тіршілік заңдылығы бойынша, жарық дүниеге келген әрбір адам өмірге өз парызымен келеді. Ол өмір сүру, шама-шарқынша қоғам дамуына ықпал ету, генетикалық тұрғыдан адамзат қоғамының тектік қорына үлес қосу. Мақала кейіпкері, менің әжем Мәриамкүл Болатайқызы бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, ауылдың ырыс-берекесіне мұрындық болған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, өрелі немере-шөбере, шөпшек өрбіткен асыл ана. Аналық парызы өз алдына, әке орнына әке бола білген «тәубесінен жаңылмай, тәуекелінен тайынбай» бір әулеттің көшін өрге тартқан қажырлы жан. Мәриамкүл әжемнің жеті баласынан тараған ұрпақтары бұл күнде қара ормандай қалың бір қауым елге айналған.
«Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт» дегендей, толассыз тіршілік күйбеңімен уақыттың зулап өткенін байқамай да қаласың. Дегенмен, көңілде мықтап сақталатын аяулы жандар да бар екенін мойындау керек. Сондай жандардың бірі – менің әжем Мәриамкүл Болатай қажы қызы. Әжемізді бүкіл әулет, тұтастай ауыл, әкеміз де «апа» деп атаушы еді. Жарқын жүзінен шуақ шашылған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған апам марқұм ақ батасымен, шын пейілімен ұрпағының тілеуін тілеп, айналасын мейіріммен нұрландырып отыратын. Арайлап атқан таңмен жарыса тұрып, Алладан ұрпағының амандығын тілеп, ырызғысын сұрап жалбарынатын, күндіз дастарқанға берген ықыласында да алақан жайып Алладан ұрпағының амандығын, несібесін тілеп, жатарда да осы тілегін қайталап айтып, мінәжат етіп жүретін.
Әжем – табиғатынан жан дүниесі мен келбеті үйлесім тапқан ажарлы, бітімі бөлек, ойы зерек, талғамы терең зиялы жан еді. Табиғат заңдылығы бойынша күллі тіршілік иесі ұрпақ өрбіту, оны баулып өсіру, тәрбие беру тәсілдерін тектік деңгейде жадында ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз ететіні белгілі жайт. Тек арқылы берілген тәрбие адам дамуының өзекті мәселесі, басқа тәрбиелердің ықпалын қабылдау тектілік тегеуріне тікелей байланысты. Тектілік ұялаған әулетте бойжеткен апам жеті атасынан қаракөк үзілмеген отбасына келін болып түсті. Жаратқанның маңдайға жазған сыйы болар. Намазын қаза қылмаған әжем, Аллаға мінәжат жасап, тынымсыз тірлігімен отбасы ырысын қамдап, ауылдың берекесін байырқалатты. Алладан мейір, ағайын-туыстан пейіл сұрап, ұрпағының тілеушісі болды. Әжем әулеттің түп қазығы, ұйытқысы бола білді. Ес білгенде көңілге түйгенім, әулет қана емес, ауыл құрметіне бөленген, ағайын туыстың тірегіне айналған абыз жан болды. Балалары, жасы үлкен-кіші туыстар бір іс бастарда, қуаныш-жақсылықтарда, сапарға аттанғанда және басқа да жағдайларда әжеммен ақылдасатын, апамның батасын сұрайтын. Ол кісі барлық мәселені байыппен тыңдап, тыңғылықты атқарудың шешімін тауып, жөн-жоралғысымен реттеуге кеңесін айтып, ақ батасын беріп, шығарып салатын.
Мен ержетіп, ақыл тоқтатқанда пайғамбар жасынан асқан апамның үлкендердің, ауылдағы ер адамдардың атын атамай, тіршілікте өздерін, өмірден өткенде аруағын құрметтеп жүруі – ауыл келініне тән әдептілік, қазаққа тән тәрбиелілік деп пайымдаймын. Қазақта «Келін ененің топырағынан жаралады» деген сөз бар, атамыз Жақыбай бидің бәйбішесі Шаруан апамыз да елге сыйлы, ұрпақтары ерекше жақсы көрген қорымал жан болған екен. Шаруан апамызды бүкіл ауыл «мама» деп атағаны мәлім. Адами қасиеттің бәрі тектіліктен бастау алатынын ескерсек, Шаруан әжеміз Жетісу өлкесіндегі «ноқта ағасы» Жалайыр руынан шыққан Бөрібай батырдың шөбересі болып келеді. Ұрпағының тектілігін мұрат тұтқан Салпық бабамыз баласы Жақыбайға Жалайыр руынан келін түсірген екен. Келін – ененің ізбасары дегендей, ақылды ене, инабатты келін – отбасының құт-берекесі. Әр буын ұрпақтан жалғасып келе жатқан әулетке тән өнегелі дәстүр сабақтастығын үзбей, отбасындағы ауызбіршілік,бауырмалдық, сүйіспеншілік іспетті қасиеттерді тәрбие шыңына көтере білген Мәриамкүл әжем, шынында, көргенді келін деңгейінен данагөй ана биігіне жетті. Бір әулеттің отбасына тән құндылықтарын жақсы өнегелермен толықтырып, кіндігінен тараған ұрпақтарының қоғамда сыйлы орын иемденуіне ықпалы зор болды. Қазақта осындай ақылды, осыншалық дана ұлы әйелдердің болғаны бір ғанибет. Әлемге әйгілі тарихи тұлғалардың өміріне үңілсек, ұлы ақын Абайдың әжесі Зере, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің әжесі Дінәсіл, озық ойлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың әжесі Тиын адамзат мақтан тұтар тұлғаларды тәрбиелеген данагөй аналар. Әркімнің өз әлемі бар дегендей, Мәриамкүл әжем де өнерлі ұрпақ өсіріп, қазақ халқының тектік қорына сүбелі үлес қосқан асыл ана.
Әжем ауқатты ауыл Болатай қажының үкілеп, үлпілдетіп, бетінен қақпай ерке өсірген қызы болған. Болатай қажы өз ойын қаймықпай айтатын қызының өжеттігіне сүйсініп, тұспалдап, тауып сөйлеуге тапқырлығын ұштап, өнерлі етіп тәрбиелеген. Қазақ дәстүрінде ықылым заманнан қыз баланы «қонақ» деп әспеттеп, ерекше мейіріммен, ілтипатпен қарағаны ақиқат. Еркелікпен бұла өскен әжем тұрмысы толысқан, ел билеген ауыл Салпық бидің отбасына келін болып түседі. Ұзатылу рәсімі жаңа қадамдарға жол ашады. Суан тайпасының іргесін кеңейтіп, қыз алыспаған ру арасындағы туыстық қатынастың жаңа арнасы жекжаттық деңгейіне ұласуына мұрындық болды. Тоғарыстан бабамыздан тараған Хангелді мен Мырзакелді аталарымыздың жеті атадан асқаннан кейінгі алғашқы құдаласу рәсіміне жол ашқан менің апамның ұзатылу хикаясы. Хангелдіден шыққан ел ұстаған, ауқатты ауыл Башық ата мен Мырзакелді руының марқасқаларының бірі Салпық бидің құдаласуы, ақ биенің қанын ағызып, екі рулы елдің жақсы-жайсаңдарын сауын айттырып, ағайындық туыстан жекжаттық қарым-қатынасқа бет бұруына бата алғаннан басталғаны, менің пайымдауымша, Алланың апама деген ерекше ықыласының нышаны сияқты. Осындай үлкен салтанаттан басталған өмір көші, бір ауылдың өнегелі келініне жалғасып, тоқсанның етегіне ілінгенше бір әулеттің құрметті анасы болуына ұласып, өз кіндігінен 121-ден астам ұрпақ өрбітуіне жеткізді. Бір ғасырға жетпес өмірде бір ғасырлық өлшемнен астам ұрпақты өсіріп жеткізу әркімге бұйыра бермес бақ.
Төрехан атамыздың тұңғышы Әуелхан Жақыбаев Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер, ұзақ жылдар Талдықорған облыстық телерадиосының бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Әдепхан Төреханұлы мамандығы мұғалім, Қазақстан Республикасының үздік ағартушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, этнограф-ақын, сазгерлігі де бар, үш томдық таңдамалы туындылар жинағы жарық көрген. Базархан Жақыбаев мамандығы сауда қызметкері, Қазақстан Республикасы сауда саласының үздік қызметкері, сазгерлігімен республикаға танымал, 50-ден астам ән жазған, ақындық өнері бар, қаламгер ретінде бірнеше кітаптары жарық көрген. Әдепхан мен Базархан Жақыбаевтар «Алматы облысының құрметті азаматы» атақтарына ие болған. Төрехан атамыздың кенжесі Ғани Жақыбаев ақындық, әншілік, сазгерлік және көркемсурет өнерлерін игерген қабілетті азамат болған, әттең, өмірден ерте өтті. Атамыздың қызы Мәриамхан Жақыбаева апамыз «Батыр ана» алқасының иегері, бір ауылдың берекесін ұйытып, талапты да талантты балалар тәрбиелеген ардақты ана. Сейілхан апамыз да кеудесіне алтыннан «Батыр ана» алқасын тағып, бір ауылдың көшін түзеп, ұрпақтарының өсіп-өнуіне мұрындық болып отыр.
Әжемнің барлық келіндері «Батыр ана» атанып, алтыннан алқа таққан жандар. Кейде, әжемді сағынғанда, ұрпағының өсіп-өнгені апамның мейірім-ықыласына қарай Жаратқанның жарылқағаны ма деп пайымдаймын. «Келін ененің топырағынан жаратылған» деп жатады ғой, жеті баланы жетімсіретпей өсірген данагөй әжемнің тілеуіне орай, Алла алтын құрсақты келіндер берген болар. Алладан ұрпағының өсуін тілеген әжем, барлық немерелерін өзі қырқынан шығарып, солардың ержетуіне тікелей ықпал етті.
Бір үйдің тұңғышы болғандықтан қазақ дәстүріне орай апамның баласы болып өстім. Тұла бойы тұңғышын әжесінің тәрбиесіне беріп, «әжесінің баласы» деп әлпештеп, солардың бауырына басатын ұлт қазақ қана шығар. Әжемнің көзі тірісінде, апамның бауырында өскен мені әке-шешем «менің балам» деп айтып көрген емес. Мүмкін, осы қарым-қатынас әке мен баланың, ене мен келіннің арасындағы сыйластықтың алтын көпірі шығар. Ал көреген әжем ешуақытта мені әке-шешемнен алыстатпады, оларды қадірлеуді, құрметтеуді міндеттеп отыратын. Балиғат жасына келгенше апамның қойнында жаттым. Мектепке барғанша апамның етегіне жабысып, соңынан бір елі ажырамай ілесіп жүреді екенмін. Есімде, апаммен қонаққа барсақ, қойдың басы апама бұйырса, құлағы менікі, сол үйдің балаларынан қызғыштай қорғаған тәттісі мен дәмдісін де мен жейтінмін. Асық жілік асылса, асығы менікі. Көшедегі асығы көп балалардың бірі мен болдым. Ең әдемі асық та менде, өйткені апам текемет басқанда асықтарымды қызылды-жасылды ғып әр түрлі түске бояп беруші еді.
Әке-шешемді білгенмен, апамның баласы ретінде институт бітіріп келгенше, ол кісілерді мойындаған емеспін. Маман болып қызметке орналасып, қоғамдық, ұжымдық істерге етене араласа бастағанда ғана туған анам мен әкеме көңіл аудардым. Апам көзі тірісінде барлық билікті уысынан шығармады, мен үйленгенде де құдалықты өзі атқарды. Жеке отау болып бөлініп шыққанымда да апам бізбен бірге тұрды. Өмірге деген дербес көзқарасы бар адуынды жан болатын. Өз кіндігінен тараған балалары менің шаңырағыма баруына қарсы болса да, «сөйлемеңдер, Айбын, менің балам, мен осының жолында құрбандыққа да дайынмын» деп, айтқанынан қайтпады марқұм.
Әжемнің имандылығы, ізеттілігі, қайырымдылығы, талғампаздығы, ұқыптылығы мен іскерлігі күнделікті тірлікте көз алдарында болғаннан соң да, адами қасиеттер ұрпағының ой-санасына қонақтап, қазақы дүниетанымның қалыптасуына ықпалын тигізгені ақиқат. Бала жүрегін баурап та, жаулап та алатын қызықты әңгімелер, аңыздар, ертегілер, жаңылтпаштар, ауыл шежіресі, туған жер тарихы мен табиғатынан сыр шертетін танымды әңгіме ұрпақтарының сана-сезімінің өрелі қалпын сомдағандай. Шынында да, зердені табиғат жаратқанмен, оны шыңдайтын отбасы тәрбиесі, өмір тәжірибесі. «Төрге үйренген, төрге ұмтылады» деп, ұрпақтарын қасынан қалдырмай дастарқанның төріне отырғызатын әдетінің тәрбиелік мәнін кеш түсініп жүрміз. Әжемнің өлеңге жүйріктігі, қазақы әндерді өзіне тән сарында айтуы кез келген дастарқанның көркін кіргізіп, қара өлең желісімен айтыстың көрігін қыздыратын өнерпаздығы той-думанның тамашасын арттыратын. Қара өлеңнің қазынасы халықта болса, сол қазынаны молынан игерген әжем сұңғыла адам болды. Өмірде болып жататын оқиғаларға апам қара өлеңнен жауап табатын.
Жақсы адамға жолықсаң,
Тауып ойдағыны айтады.
Жаман адамға жолықсаң,
Қауып қайдағыны айтады.
Данаға жолықсаң,
Ақыл беріп, ақыл айтады.
Наданға жолықсаң,
Бұтып-шатып қайдағыны айтады, – деп отыратын әжем марқұм.
Жетісу жерұйығының жазиралы Жаркент өңірінде Әулиеағаш атамекенінде ұрпағын өрбіткен Мәриамкүл әжем, қасиетті туған жердің аясында орманға айналған әулие қарағаштай өсіп-өнген үлкен әулеттің діңгегі іспетті. Парасат парқы да, аналық нарқы да, өнердегі қабілеті де, тұрмыстағы іскерлігі де, тіршіліктегі көрегенділігі де ешкімнен кем емес дана адам болды. Дәулетхан, Әуелхан, Әдепхан, Базархан, Ғани сияқты ел құрметіне бөленген азаматтармен қатар, өз кіндігінен тараған ұрпақтарының ішінен ғылым докторлары, ақын, әншілер шықты, республикалық деңгейде жоғары лауазымды қызмет атқарып жатқан азаматтар қаншама. Шүкір, әжемнің тәрбиесін көрген бір ғасырлық межеден асқан немере-шөберелері Қазақстанның түкпір-түкпірінде егеменді еліміздің баянды болашағы үшін аянбай тер төгіп жүр.
Нарықтың қамыты қысқан мына құбылмалы заманда, пейілі жүдеп бара жатқан пенделерге қарап, қилы замандарда әулеттің қарашаңырағын қастерлеп, ырысын ортайтпай, берекесін ұйытқан әжемнің жомарттығын айта кетуді парызым деп санадым. Облыс отралығы Талдықорғанда қызмет атқаратын баласына, Алматы, Қарағанды, Талдықорған қалаларында оқуда жүрген немелеріне ай құрғатпай ет жіберу, жайлаудан түскен соң бүйенге салған сары майын, құрт-ірімшігін беру, мал сойғанда балаларымның сыбағасы деп арнайы ет дайындататын әжемнің жөн-жоралғысы қазыналы ауылдың сарқылмас берекесі іспетті. Мәскеуде оқуда жүрген маған күз-қыс жылқының етін, көктемде туралып, өз майына қуырылған қой етін дайындап сәлемдеме арқылы жіберетін еді. Ауылдың түтінін түтеткен, берекесін күзеткен қайран әжемнің, қазір сый-сыбағасын сағынамын.
Иә, көптің құрметі, жұрттың сыйы – бағасыз байлық. Ізгі адамның мейірімділігі мен кішіпейілділігі бағаланбай қалуы мүмкін емес. Ауыл ішінде беделді болудан, ағайынға сыйлы-құрметті болудан артық қандай бақыт болмақ! Өлді деуге қимайтын асыл әжем, өзі кетсе де артында атын ұмыттырмайтын өскен ұрпағы бар. Міне, көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл да өте шықты. Алты буын әулет ұрпағының алтын көпірі әжемнің тілеуін Алла қолдап, біздің әулет жеті атадан асып, ендігі қыз алысу рәсіміне де жетті. Өзі мұрындық болып Ханкелді мен Мырзакелді бабаларымыздың қыз алысуына жол ашқан әжем, ақ тілеуімен ұрпағының өркендеуіне ықпал етті-ау. Бәрі де Алланың қалауымен болады деген нанымға сенген қазақпыз, дегенмен, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын да, өмір көшінің көрігін қыздыратын да ерекше жаралған тұлғалар. Біздің әулеттің көш салтанатына көрік берген болмысы бітік, аналық рухы биік менің әжем еді деп нық сеніммен айта аламын. Апамның бейнесі мәңгі есте, оны уақыт аласарта алмайды. Кешегі әжемнің әлпештеген немересі бүгіндері өзі немере сүйді. Ұрпақ жалғастығының алтын көпірі болған асыл әже немерелік пейіліммен әжелік мейіріміңе бас иемін!
Айбын ТӨРЕХАНОВ
Алматы облысы