Халқымыздың салт-санасындағы қасиетті ұғымдардың бірі – үлкен үй немесе қара шаңырақ. Бүгінгі ұрпақ үлкен үй немесе қара шаңырақты қастерлеу түгілі, осы сөз тіркесінің мағынасын түсінуден қалып бара жатқаны өкінішті. Оларға осындай атадан қалған асыл мұраларымызды, дәстүр сабақтастығын ұғындыру, санасына сіңіру – біздің парызымыз, деп жазады otbasym.kz.
Қара шаңырақ, үлкен үй дегеніміз не? Бұл – мұрагерлік жолмен ұрпақтан-ұрпаққа көшкен бір әулеттің арғы аталарының түтін түтеткен үйі. Қазақ дәстүрі бойынша бір әкеден туған ағайындылар ержетіп, бастарын құраған соң, өз алдарына отау тігіп, бөлек үй болады да, бірі ғана сол шаңырақта әке-шешесінің қолында қалады. Әке өлгенде, өзге ұлдарына отау көтергенде бөліп берген еншілерінен өзге сол үйдің бар дәулеті шаңырақ басқан ұлдың иелігіне көшеді.
Әдетте, әке шаңырағында кенже ұлы қалатын болған. Әке шаңырағын «үлкен үй» деп атап, отау иелері құрмет тұтқан. Ал бұл шаңырақ осылай бірнеше ұрпаққа ауысса, ата-бабадан жалғасқан қара шаңырақ деп аталады. Бірге туысқандар өз әкелерінің шаңырағын қара шаңырақ деп емес, «үлкен үй» деп атаған.
Демек, қара шаңырақ ұғымы «үлкен үйден» де жоғары, қастерлі ұғым. Көне дәстүр бойынша қазақ кемінде жеті атасынан бергі қара шаңырақты жақсы білген. Біздің бала күнімізде «пәленше атаның қара шаңырағы түгеншенің қолында, ауылға келгенде әуелі сол үйге түсу керек» деп жататын. Олай істемесең, өкпе-реніш айтылатын. Дәстүр-салтты білмегенің үшін ұятқа қалатынсың.
Қара шаңырақ – бір әулеттің тараған түп тамыры. Оны сыйлау – ұлтын сыйлаудың алғашқы баспалдағы. Кешеге дейін қара шаңырақта отырған азамат атадан жалғасқан бақ-берекенің ұйытқысы ретінде сол әулеттің қадірлі азаматы саналатын. Барлығы құрметпен қарайтын. Жиын тойда, сый дастарқан басында сол қара шаңырақ иесі жасы кіші болса да, төрден орын алатын. Айналасындағы ақсақал, көксақалдардың өзі «қарағым, сен қасиетті қара шаңырақтың иесісің, жасың кіші болса да жолың үлкен, асқа батаны сен жаса» деп кішілік танытып жататын.
Қара шаңырақты қастерлеудің тағы бір үлгісі – қыста соғым сойғаннан кейін отау үйлер «үлкен үй» немесе қара шаңыраққа сыбаға апаратын. (Ең қадірлі мүше бір жамбасты қоспаларымен асып, табаққа салып апарады.)
Барлық келін үлкен үйдің босағасын аттағанда, оң тізесін бүгіп, сәлем ететін. Ал жаңа түскен келін сәлем еткен соң, отқа май салатын. Шаңырақ иесінен басқа, келін еш уақытта төрге шықпайтын. Міне, осының бәрі – қара шаңыраққа деген сый құрмет, кішілік инабат.
Бұрын ұлдар мен келіндер қара шаңырақты басуға таласатын болса, қазіргі келіндер шамасы келсе бөлек шығуға тырысады. Оған басты себеп – ата-ананы күтуден аулақ болу.
Әрине, мұндай келеңсіздіктердің көбі бүгінгі қоғамдық өмір салтынан туындаған кереғарлықтар екені шындық. Бұрынғыдай бір әулеттен тараған ұрпақ бір ортада отыру көп жағдайда мүмкін емес. Бірі — ойда, бірі — қырда, басқа қалаларда, тіпті, алыс шет елде. Тұрмыс тауқыметімен қала жағалап кеткен қара шаңырақ иесі – кенже ұлдың соңынан көп ата-ананың ере алмайтыны да шындық.
Өзіміз сияқты киіз туырлықты моңғол ұлты бүгінгі өркениет дәуірінде де дәстүр салтын да барынша сақтап келе жатқаны сол ортада өскен мені ерекше таңдандырады. Тек осы тақырыпқа байланысты бір ғана мысал келтіре кетейін. Оларда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қара шаңырақ деген дәстүр жоқ. Бірақ әке-шешесі отырған үлкен үйді ерекше сыйлайды. Жыл басы «шаған» мерекесінде қанша алыста жүрсе де, әке шаңырағына келіп, ата-анасына сәлем беруді, тарту-таралғы ұсынуды өздеріне бұлжымас міндет санайды. Әрине, бүгінгі жағдайда қызмет бабымен алыс қалада, басқа өлкелерде тұратындар кем дегенде бір айдың ішінде ата-анасының шаңырағына барып, сәлем береді. Ата-анасы да «шаған» мерекесінде әзірленген ас-судан келе алмай қалған балаларына дән сақтап отырады. Міне, әке-шешені, үлкен үйді сыйлау осындай болса ғой, шіркін!
Қазақтың қара шаңырақ, үлкен үйді сыйлау дәстүрі бұдан да керемет болғанын жоғарыда айттық. Өкініштісі, бүгінгі таңда жалғасын таппай, уақыт озған сайын көмескіленіп, ұмытылып бара жатқаны. Сол үшін жастарымызға игі дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, салтымызды насихаттап, ел арасында жаңғырту – басты парызымыз болуы тиіс.
Қазіргі кезде қоғамдық тұрғыда ынтымақ-бірлікті бекемдеуге байланысты отбасы дегеніміз кішкентай мемлекет, «Отан отбасынан басталады» дегенді көп айтамыз. Бұл да «халқыңды, ұлтыңды сүю отбасыңдағы сыйластықтан басталады, шыққан ортаңды құрметте» дегенге саяды. Одан әрі алғашқы буын әке, сосын ата-бабаны сыйлау қазақ деген ұлтыңды сыйлауға, қара шаңырақты қастер тұтуға жеткізері қақ.