Асыл тастар

 

Бүгінде жастар, әсіресе қыз балалар жұлдызнамамен жиі айналасатындықтан болар, өздерінің туған күндеріне лайықты асыл тастарды көбірек іздейтін болды. Асыл тастардан өздеріне моншақ, тұмар немесе басқа да түрлі тағыншақтар жасап алуға құмар. Сондай-ақ ем-шара ретінде де жиі қолданады. Дүкендерге іздеп барса, сөрелерде көздің жауын алып жалт-жұлт етіп жайнап тұрғанымен, соның көбісі өз елімізде өндірілгенімен, тастардың атаулары түгел орысша аталады. Сондайда неге қазақша атаулары жоқ деген сауал туатыны белгілі.

Әрине, ата-бабаларымыз асыл тастарды зергерлік өнерде ертеден қолданып келген. Кезінде тастардың бәрінің өздеріне лайықты атаулары болған. Бірақ бертін келе зергерлік бұйымдардың көбін өндірісте жасап шығаратын болды да, зергерлік өнерді ұстанатындар азайып, қолданыстан қалған соң, асыл тастардың да атаулары ұмытыла бастады. Содан болар, газет-журнал, кітап сынды баспасөз беттерінде асыл тастарды қазақша атауға ұмтылыс болғанымен, лайықты атауларын іздеп таба алмай, жаңылыс атай салу көбейіп кетті. Мәселен, рубин тасын бірде лағыл, енді бірде ақық деп, бирюзаны бірден феруза немесе жақұт, табас деп шатастырып, оқырмандарын да сарсаңға салып қойған жайы бар.
Қашанға осылай жалғаса бермек? Асыл тастардың орысша атаулары сияқты қазақша атаулары да бір қалыпқа түскені жөн емес пе. Міне, осы жайлар ойымызға түрткі болып, асыл тастардың баспасөз беттеріндегі атауларын салыстыра, салғастыра келе, орысшасында көрсетілген анықтама, түсініктемелерін, қасиеттерін саралап барып, олардың атауларын бір ізге түсіруге талпындық. Төменде сол ұмтылысымыздың нәтижесін көріп отырсыздар.

Бағалы асыл тастар

Ай тасы (лунный камень) — ақ-көкшіл шұғылалы мөлдір тас.
Ақық (сердолик) — түссіз ақ, ашық жасыл, көмірдей қара түсті немесе кемпірқосақ түстеріндей әртүрлі болуы мүмкін.
Алмас (алмаз) — өнделген түрінде гауһар (бриллиант) — кристалды көміртегі. Негізінен түссіз, мөлдір немесе солғын сары, көк шулан, сұр, жасыл түсті өте қатты, қымбат тас. Ал қызыл, қара түстілері сирек ұшырасады.
Анартас (гранат) — қоңыр қызыл түсті асыл тас.
Ақ тас (белый кварц).
Әсие (берилл) — жасыл түсті асыл тас, темірдің, хромның, ваннадийдің өте аз мөлшерлерін өз бойына кіріктірген, жалпы құрамы берилий мен алюминий силикатына сәйкес келеді.
Беріктас (гранит).
Дәурия (кахолонг) — ақшыл-сүт түсті халцедон.
Ешімтас, бүйректас (нефрит) — жылтылдаған ашық жасыл, сұр, қызыл, ақ, сары, қара түсті киіздей қатпарланған тығыз тас.
Жадеит (империал) — шымғыл жасыл түсті қымбат тас.
Жақұт (яхонт) — қызыл түсті.
Жарқырауық тас (самоцвет).
Жасылтас (малахит) — көмір қышқылды мыс тұзынан құралған ашық жасыл түсті минерал.
Жолбарыс қарашығы (тигровый глаз) — ашық-сұрғылт түстен қою-қоңыр түске дейінгі аралықта жалт-жұлт етіп жібектей құлпырып тұрады.
Жыланбас, жылантас (змеевик, серпантин) — сары-жасыл, күңгірт жасыл, сарғыш, ақ түсті тас.
Замартас (аметист) — көкшіл түсті мөлдір асыл тас.
Зеңгір жақұт (сапфир) — темір мен титан қосылыстарынан тұратын мөлдір корунд.
Зеңгіртас (аквамарин) — жасылдау немесе көкшіл түсті шыныдай жылтыр әдемі тас.
Зертас (яшма) — қызыл, жасыл, көгілдір, сұр сия түсті берік тас.
Кәрібтас (янтарь) — ағаштың шайырынан ағып, тасқа айналған жылтырауық сары-қоңыр түсті тас.
Көктас (лазурит) — ашық көк, көгілдір түсті минерал.
Көріктас (гиацинт) — қызыл, сары, қырмызы, қоңыр мөлдір түсті тас.
Зүбіржат, зүмрет (изумруд) — көк-жасыл түсті берилл.
Жұзақ (агат) — кварц текті ала немесе түрлі түсті жартылай мөлдір тас.
Қантас (кровавик) — қан қызыл немесе күрең қызыл, күміс түсті ұшқын шашып тұратын тас.
Құбылтас (александрит, хризоберилл) — жарықтың түсу ыңғайына қарай әртүрлі түсте құлпырып тұрады.
Құлпырма (перламутр) — кемпірқосақтай құлпырған тас.
Қыран қарашығы (соколиный глаз) — көк немесе көк-жасыл түстермен көмкерілген кварц.
Лағыл (рубин) — қан қызыл түсті жоғары класты асыл тас.
Лал (красный шпинель) — қызыл, алқызыл, қызғыш, сия көк, көгілдер түсті тас.
Ләпсітас, табас (топаз) — көгілдір түстен көк, жасыл, сары, қызғылт сары реңкке дейінгі түрлері бар.
Ләулік (опал) — кемпірқосақтай құбылған тас.
Маржан (коралл) — алқызыл, қызыл, қара түсті теңізде өсетін тас.
Мәрмәр (мрамор).
Моншақ (ожерелье) — мойынға тағатын сәндік бұйым.
Мысық қарашығы (кошачий глаз) — сарғыш жасыл жолақтармен көмкерілген кварц.
Сутас, сопи тас (горный хрусталь) — мұз сияқты мөлдір, түссіз кварц.
Теміртас (корнеол) — қызыл күңгірт түсті халцедон.
Теңбіл тас (сланец пятнистый).
Феруза, березе, перуза (бирюза) — жасыл, ауа көк, сарғылт сұрлау реңкті тас.
Цейлонтас.
Шортас (киноварь) — әдемі алқызыл металл реңкті минерал.
Шыңылтыр (глазурь).
Інжу, меруерт (жемчуг) — бозғылт-қызғылт, сарғыш күміс түсті, теңіз түбіндегі маллюскіден алынатын тас. Қолдан өсірілген жасанды інжу де болады.

 

Кеңес Оразбекұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *