Түркі тілінің әлемдегі орны тарихтағы Түркі мемлекеттерінің күшеюімен бірге нығая түсті. Х ғасырға келгенде, түркі тілінің маңыздылығын түсінген өзге елдер де сол тілді үйрене бастады. Мысалға Махмұт Қашқаридің ХІ ғасырда жазылған «Түркі тілдерінің сөздігі» негізінде арабтарға түркі тілін үйретуге арналған еді. ХIV-XV ғасырларға келгенде егер Түркі тілін білсеңіз, солтүстік шығыста Құбылайдың астанасы Ханбалықтан яғни Бейжіңнен солтүстік батыста Венаға дейін, оңтүстік шығыста Елтұтмыштың сосын Тұғлықтың Дели Сұлтандығынан оңтүстік батыста Байбарыстың Мысырдағы «Түрік мемлекетіне» дейін барлығымен түсінісіп жүре алар едіңіз.
Осыншама кең алқапқа жайылған түркі тілінің басқа тілдермен араласпауы мүмкін емес еді. Түркі тілінің ықпалын осы аймақтардың бәрінде көруге болады. Мысалға қазіргі Пәкістан қолданып жүрген урду тілі дегеніміз Бабыр әулеті қалыптастырған Орда тілі еді. Сол секілді Османлы немесе шағатай тілі дегеніміз де түркі, араб және парсы сөздерінен құралған сол заманның «лингво франкасы» яғни ортақ тілі еді. Ал таза түркі тіліне келетін болсақ, Махмұт Қашқаридің пікірінше, «Ең тұнық және тура тіл – парсылармен араласпайтын, жат елдерге барып келмейтін және жалғыз бір тіл білетін адамдардың тілі. Екі тіл білетін және қалалықтарға жақын жүретіндердің тілі бұзық болып саналады».
Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, қазақ мәдениетінде болғанындай, қазақ тілін де ең тұнық түркі тілі деп айтуға негіз бар. Өйткені қазақтар Түркі әлемінің нақ ортасында орналасқандықтан,қазақ тілін араб-парсы тілдерінің әсерінен өзбек тілі, қытай тілінің әсерінен Ұйғыр тілі, ал Орыс тілінің әсерінен татар тілі қорғап қалған. Десе де, қазақ тілі бұл аталған жат тілдерден сөз алмады деп айтсақ қате болар. Қазақ тіліндегі араб, парсы, орыс, тіпті қытай сөздерін жоққа шығара алмаймыз. Алайда Қазақ тілі осы тілдермен көрші отырған өзбек, ұйғыр және татар тілдеріне қарағанда салыстырмалы түрде тұнығырақ болып келеді. Ал «қалалықтарға жақын жүрмеу» сөзіне келсек, қазақ даласы дегеніміз – Еділ мен Дон жағаларында орналасқан татар қалалары, Амудария-Сырдария алқабында орналасқан өзбек қалалары және Тарым алқабында орналасқан ұйғыр қалаларының ортасында жатқан кең-байтақ өлке. Қазақ елі дегенімізде қала емес негізінен ұлан-ғайыр дала еске түседі. Сондықтан осы тұрғыдан да қарағанда қазақтарды далалықтар ретінде Түркі тілінің мұрагерлері десек болады. Бұл жағдайды Радловтың сөзімен жеткізсек, «Қазақтардың тілі – түпкі түрін, Түркі сипатын сақтап қалған тіл. Рас, оған да бірен-саран жат сөздің енгені байқалады. Бірақ ол сөздер қазақ тілінің үндестік заңына бағынып, бірыңғай халық тілінің қорына қосылып кеткен.» Шынында, бүгінгі қазақ тіліндегі «бата» сөзінің арабтың «фатиһа» сөзінен шыққандығына назар аударса, қазақ тілінің кірме сөздерді қаншалықты «қазақыландырып» жіберетініне куә боламыз.
Жалпы қазақ мәдениетінің ең елеулі ерекшелігі – сөз өнері. Ахмет Байтұрсынов «сөз өнерін» Еуропа тілдеріндегі «литература» және араб тіліндегі «әдебиеттің» баламасы ретінде береді. Сонда Еуропалықтар үшін әдебиеттің негізі «литер» яғни әріп болса, араб және мұсылмандар үшін әдебиеттің негізі әдеп болып табылады. Ал Түркілер үшін әдебиеттің негізі – сөз, ауызша айтылған сөз. Сондықтан Қазақтар «Өнер алды – қызыл тіл» дейді. Қазақтар бар мәдениетін атап айтқанда дүниетанымын, сезімін, санасын, достығы мен дұшпандығын келер ұрпаққа мақал-мәтелмен, аталы сөздермен, қара өлеңмен және жырлармен жеткізіп отырды. Алпамыс, Қобыланды, Ертарғын сынды батырлар жырлары жастарды елін-жерін қорғауға, батырлыққа тәрбиелеп, енді бір жағынан тарихи жадының көрсеткіші болып, халықтың рухы мен айбатын көрсетсе, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Еңлік – Кебек, Қыз Жібек – Төлеген ғашықтық жырлары іңкәр сезіммен, адалдыққа, беріктікке тәрбиелеп, енді бір жағынан даланың сезім әлемін паш етті.
Сөз өнері дами келе «шешендік өнерді» тудырды. Шешен дегеніміз ойы жүйрік, өзі тапқыр, сөзі көркем әрі қисынды болған адам. «Көре көре көсем боласың, сөйлей сөйлей шешен боласың» деген сөз шешен болу үшін көп тәжірибе мен білім керек екендігін білдіреді. Шешендік өнер — сөз өнерінің шыңы. Ал бүгін өкінішке орай көптеген Түркі халықтарында «шешен» сөзінің баламасы да жоқ. Шешендік өнермен жыраулық дәстүр қатар дамып, небір құнды сөздер, терең мағыналы ұғымдар пайда болды. Мысалға Асан Қайғының мына өлеңі дала философиясының айқын көрінісі:
Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады.
Немесе Майқы бидің мына сөзі не деген көркем.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Сөз өнерінің дамуымен сөз қадірін білетін, аталы сөзге тоқтайтын, қисынды тура сөзді өз мүддесінен жоғары қоятын дана халық тәрбиеленіп шықты. Тіпті тура сөздің алдында хандар мен сұлтандар да тізе бүкті. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» сөзі дала демократиясының басқа жұрттардан әлдеқайда алда екендігінің айғағы. Керісінше Қазақтар егер айтылуға тиісті сөз айтылмай қалса, «сөздің атасы өледі» деп сенеді. «Сөз атасы» дегенді сөздің иесі, киесі немесе пірі деп түсінуге болады. Бәлкім «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген атадан жеткен сөзді Түркі өркениеті тұрғысынан қайта зерттеу керек шығармыз.
Ұзын сөздің қысқасы, бүгінгі Қазақ тілі – Байқалдан Балқанға дейін созылып жатқан түркі тілінің бір бөлшегі, тіпті нағыз мәйегі. Қазақ тілі – басқа түркі тілдерінің артқы шебі, күш-қуат көзі. Кезінде Түркия Республикасы құрылып жатқанда түрік тіл мамандарының қазақ тілінен сөз алып, өз тілдерін байытқаны және бүгін ұйғыр тіл мамандарының қазақ тіліндегі сөздер арқылы өздерінің сөздік қорын толықтыруы қазақ тілінің Түркі өркениеті тұрғысынан қаншылықты маңызды екендігінің көрсеткіші.