Халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарының тағылымдық ғибраты мол үлгісі жыраулар поэзиясынан көрініс табады. Осындай өнегесі мол жыраулық дәстүрдің ең озық өкілдерінің бірі –– Қожаберген Толыбайұлы. Дауылпаз жыраудың қасиетті мұрасын насихат етіп, өлең-жырларын жаңғырту мақсатында Көкшетау қаласындағы М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми кітапханасында ақын, батыр Қожаберген жыраудың туғанына 345 жыл толуына орай «Қазақ халқының жыраулық өнеріндегі тіл мәселесі» атты дөңгелек үстел өтті. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы және кітапхана қызметкерлері бірлесіп өткізген шарада сөз алған жергілікті университет ұстаздары жиналған қауымға Қожаберген жырау жөнінде мол мағлұмат берді. Көкшетау университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов «Елім-ай» жыры – тарихи шежіре» тақырыбында жасағанбаяндамасында жыраудың шыққан тегі, туған жері туралы айта келе, Ақтабан шұбырынды кезіндегі халықтың басына түскен ауыртпалықты жырлаған жыраудың көзқарасына тоқталып, көптеген деректердің мән-мағынасын ашты.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ғалымтай Төлепбергенов «Қожаберген жыраудың тарихи тұлғасы» және филология ғылымдарының кандидаты Мейіржан Тапашев «Қожаберген шығармаларындағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер» атты баяндамаларында Қожаберген жыраудың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жөнінде айтты. Қожаберген жырау жөнінде соны, жаңа деректер жоқтың қасы. Жазба деректердің мүлде болмауы да мүмкін емес. Сол себепті тарихи тұлға ретінде жыраудың өміріне қатысты деректер мен мағлұматтарды зерттеп, жинақтау керек деген ғалымдар пікіріне көпшілік қолдау көрсетті.
Университеттің тағы бір оқытушысы,филология ғылымдарының кандидатыСәбит Жәмбек «Қожаберген жыраудың толғауларындағы тарихи шындық» тақырыбында ой өрбітті. Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледж оқытушысы Айсәуле Қайраттың «Қазақ халқының жыраулық өнеріндегі тіл мәселесі» баяндамасында Қожаберген жыраудың шығармалары халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын жырлаумен ғана емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен бағалы екендігін айтып өтті.
Қожаберген бабамыздың дана сөздері туған тілдің қадір-қасиетін дәріптеп, мақтан тұтуының белгісі. Қазіргі күнге дейін мағынасын жоғалтпаған, нағыз көкейтесті мәселені жырау бабамыз келесі жыр шумақтарында баяндайды:
…Тізгін берсең әркімге
Ана тілің жоғалар!
Сөйте тұра көрдің бе
Бектердің бүгін азуын?
Айналайын боздақтар
Аралас тілге үңілме!
Баба тілін қадірле
Болашақтан түңілме!
Сол заманның өзінде «Таза тілің тұрғанда, шұбар тілдің керегі қанша?» деген сауал мазалап, туған тілдің тартқан азабын айтып налиды. Әсіресе, жас буын өкілдеріне қаратып айтылған ұлағатты сөздер кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.
Халқымыздың тілі бай,
Бұзылмаған қаймағы!
Біз шығарған хиссалар —
Нағыз соның айғағы! –
Иә, Қожаберген бабамыздың осынау жыр шумақтары дәл қазіргі таңда ана тілімізді сақтап қалудың бар амалын жасап жатқанкөкірегі ояу азаматтардың ұранына айналса игі.
Динара Томпышева,
Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының бас маманы