М. Томановтың тіл тарихына арналған зерттеулерінің ішінде шоқтығы биігі қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің қалыптасу заңдылықтарын анықтап, оларды қазіргі қазақ тілімен салыстыруы дер едік. Ғалым қазақ тіл білімінде алғаш рет тарихи фонетиканы жүйелеп, оның негізгі нысаны мен зерттеу әдістерін анықтады. Қазақ тілі фонетикалық жүйесінің негізгі ерекшеліктерін ашып көрсетті. Дауысты дыбыстар жүйесі мен дауыссыз дыбыстар жүйесін бөлек саралай келе, олардың даму ерекшеліктерін ғылыми сипатта дәлелдеді.
Тегі мен түп тамыры бір болғандықтан да, түркі тілдерінің жалпы сипаты, негізгі қалыптасу жолы ортақ. Сондықтан жалпы дыбыстық жүйелердің ерекшелігін зерттегенде, өзге түркі тілдеріндегі деректерді келтірмеу, айқындамау мүмкін де емес. Қазіргі жеке түркілік тілдердегі тілдік ерекшеліктер мол болғанымен, тарихтың терең қойнауына қарай барған сайын, ортақ бірліктер көбейе бастайтынын айтуға болар еді. Мұның өзіндік ішкі заңдылығы да бар. Түркі тілдерінің дамуының ежелгі сипатында етістік және есім негізді бір буынды түбірлер ортақ болады да, олардың кейінгі кезеңдегі тұлғалық және мағыналық дамуында дыбыстық ерекшеліктері көбейеді, дауысты дыбыстардың жіңішке нұсқалары жасалып, дауыссыз дыбыстардың бірнеше бірбірінен жіктелетін жаңа варианттары қалыптаса бастайды.
М. Томанов өзінің “Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы” атты еңбегінде түркі тілдерінің негізгі жүйелілік ерекшеліктерін анықтай келе, олардың ішіндегі ең бастысы фонтикалық жүйе екенін алға тартқан болатын. Ол түркі тіліндегі топтардың өзіне тән, оларды өз алдына дербес семья ретінде ерекшелейтін белгілерді көрсеткенде де, оның бастысы ретінде фонетикалық жүйені атайды .[1, 315-316 –б.].
М.Томановтың пікірі бойынша, фонетикалық жүйе бойынша жеке түркі тілдерінде мынадай жағдайларда дыбыстық өзгерістер болады: а) сөздің бірінші буынында кездесетін дауыстылар мен сөздің келесі буындарында ұшырайтын дауыстылар екі түрлі жүйе құрайды. Бірінші буында ашық-қысаң, жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жұптасатын 8 дауысты дыбыс жұмсалады[2,7-б.].
Ғалым қазіргі қазақ тіл білімінің ғылыми әдебиеттерінде дауыссыздардың саны әртүрлі болып белгіленіп жүргенімен, қазақ тілінің тарихи грамматикасында 8 дауысты дыбыс бар деп берілетіндігін атап көрсеткен.
Қазақ тіл білімінің алғашқы білімпазы, қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің зерттелуінің ғылыми негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов 1912 жылғы жариялаған “Жазу тәртібі“ атты мақаласында бес дауысты дыбыс, екі жартылай дауысты дыбыс бар деп жазған екен. Дауысты дыбыстарға автор а, о, ұ, ы, е дыбыстарын жатқызады.
С.Аманжолов 1941 жылғы жазған “Жаңа алфавиттің принциптері” атты мақаласында қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың санын 14 деп көрсетеді. Олар: а, ә ,е, о, ұ, ү, ы, і, и, у, э, я, ю.
Проф. К.Аханов қазақ тіліндегі дауысты дыбыстардың санын 11 деп көрсеткен. Олар: а,е,ы,і,ә,о,ө,ұ,ү, и, у. [3,22].
Проф. А.Нұрмаханова ” Қазақ тілінде он бір дауысты дыбыс (ә, а, е, ы, і, й, о, ө, ұ, ү, у) бар” болғанын дәлелдеген.
Дауысты дыбыстардың саны туралы ғылыми зерттеу жүргізе келіп, С.Мырзабеков көптеген пікірлерді қорыта келіп былай деп жазады: “Қазақ тілінің байырғы құрамында тоғыз (а, е, о, ө, е, ұ, ү, ы, і) дауысты дыбыс бар. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды“ [4 ,33-бет]. Осы пікірге біз де тоқтаймыз.
Қазақ тілінде дауысты дыбыстардың классификациясы үш түрге бөлінеді: біріншісі – сөйлеу, яғни сөйлеу мүшелерінің пайда болуын зерттейді; екіншісі – есту (құлақ) мүшелерінің әсерін зерттейді; үшіншісі – акустикалық классификация.
Дауысты дыбыстар сөйлеу мүшелерінің негізгі үш түрінің қатысы мен қалпына қарай, атап айтқанда:
- тілдің қалпына (қызметіне)
- еріннің қатысына (қызметіне) және
- жақтың ашылу қалпына қарай топтастырылады.
Қазақ тіліндегі бір буынды сөздердің құрамындағы дауысты дыбыстар мен көп буынды сөздердің бірінші және келесі буындарындағы дауыстыларды бір-бірінен ажыратып қарау керек болады. Зерттеушілердің көрсетуінше, бір буынды түбір құрамындағы дауысты әрі тұрақты, әрі сапалық жағынан басқа сөз құрамындағы дыбыстарға ешқандай бағынышты емес. Ал көп буынды лексемалар құрамындағы дауысты дыбыстарда мұндай қасиет жоқ. Олар көбінесе айнымалы, өзгермелі болып келеді екен. Әсіресе мұндай буындағы дауысты дыбыстар сингармонизм заңы бойынша өзге дыбыстардың ықпалына түсіп кетіп отырады. М.Томановтың пікірі бойынша, “фонемалар жүйесін анықтау үшін, комбинаторлық, позициялық өзгерістер әсер етпейтін жағдайдағы дауыстылар қарастырылуы тиіс. Ал комбинаторлық, позициялық өзгерістер әсер етпейтін жағдай тек бір буынды түбір құрамында ғана болады“[2, 15-б.]. Демек, бір буынды түбірлердің құрамындағы дауысты дыбыстардың сапалық сипатын тұрақты деп бағалай отырып, олардың қазақ тіліндегі сапалық өзгерістері мен қалыптасу заңдылықтарын зерделеуге болар еді. Бұл арада оғыз тобына жататын түрік тілі мен қыпшақ тобына жататын қазақ тілінің негізгі өзіндік даму заңдылықтарын анықтап алу орынды болмақ.
Түркологтардың дәлелдеуінше, түркі тілдерінің көпшілігінде созылыңқы дауысты дыбыстардың сақталуының негізгі себебі бірінші буындағы болған фонетикалық өзгерістермен тығыз байланысты. Яғни бір буынды лексемалардағы сөз басындағы әуелгі қатаң дыбыстар екпінмен айтылған кезде, дауыстылардың созылыңқылығын туғызды. Кейін түркі тілдерінің ұяңдану процесі кезінде сөз басындағы қатаң дыбыстар ұяңданды да, созылыңқы дыбыстар қысқа дауыстыларға ұласты. Мұндай пікірге де ден қою орынды деп білеміз.
Қазақ тілінде созылыңқы а дауысты дыбысы жоқ.
Түркі тілдеріндегі созылыңқы а дыбысы тұрақты дыбыс ретінде бағаланбайды. Көне түркі жазба ескерткіштерінде созылыңқы а дыбысы кездеседі де, кейін бірте-бірте қысқа а дыбысы дамыған.
М. Томанов жеке дауыстылардан “ә” дыбысының тарихына ерекше тоқталған. Ғалым бұл дыбысты шығыс тілінің әсерінен пайда болған деген пікір айтады. Қазақ тіліндегі әр сөзінің арғы түрі Һар болғанын айта келе, осы түбірден әркім, әрдайым, әралуан, әркез, әрқилы т.б. сөздердің тарағанын көрсетеді.Сонымен бірге автор байырғы қазақ сөздерінде кездесетін әпер, әкелсөздерінің де жасалу сипатын терең түсіндіреді. Бұл сөздер екі түбірдің бірігу процесінен кейінгі әсерінен жіңішкеріп кеткен деп анықтайды.
Профессор М. Томанов у, и, ү, ұ, о, өдыбыстарының тарихын терең қарастыра отырып, олардың ерекшеліктерін, дифтонгтық, монофтонгтық сипаттарын ашып көрсетеді. Мәселен, “у дифтонг дауыстысы көне түркі тілінде қолданылған уғ (кейде іг) дыбыс тіркесі негізінде қалыптасқанын”, “и дифтонг дыбысының қазіргі тілде монофтігіге айналу процесі байқалатынын” жазады. Көне түркі, қызғыз, қазақ тілдеріндегі дифтонгілерінің бір ізділігін нақты тілдік деректермен көрсетеді.
Түрколог ғалымдардың арасында түркі тілдерінің даму кезеңін әртүрлі түсіндіру де бар. Айталық, Н.А.Баскаков “Историко-типологическая фонология тюркских языков” атты монографиялық еңбегінде вокализмнің дамуына байланысты фонематикалық құрылымның дамуын кезеңге бөлу жөніндегі пікірін былай білдіреді:
1) Алтай кезеңіне дейінгі кезең. Автордың пайымдауынша, бұл кезеңде өзге алтай тілдері сияқты бұл кезеңдегі түркі тілдері де өзіндік ерекше грамматикалық құрылымы бар, бөлінбеген моновокальдық жүйеден дамыған тіл болған.
2) Алтай кезеңі. Мұнда түркі тілдері өзінің жалғамалылық қасиетін иеленген, ал сөздер морфофонемалардың тіркесінен құрала бастаған кезең. Бұл кезеңде вокализмнің негізі екі фонема болған, олар тек қана тембр арқылы жіктелген.
3) Хун кезеңі. Бұл кезеңде түркі тілдері жалғамалылық сипатта толық жетіліп, дауыстылардың саны сегізге жеткен. Ашық дауыстылар мен қысаң дауыстылар толық жіктелген кезең деп бағалайды.
4) Көне түркілік кезең. Бұл кезеңде түркі тілдері өзіндік ерекшеліктерін иеленіп, жеке топтарға бөліне бастайды.
5) Қазіргі түркі тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкес өзгере бастауы. [5,72-73 б.]
Бұл жүйелеуден өзгеше ерекшелігі бар классификация Б.Сағындықұлының кезеңге бөлуі болып саналады. Ғалым өзінің “Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері“ атты зерттеуінде тілдік фактілердің табиғатына қарай отырып, есте жоқ ескі кезеңдерден бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аффрикат дыбыстардың даму кезеңін былайша жүйелейді:
1-кезең. Тұңғыс, маньчжур, корей, жапон, түркі, монғол тідері бір-бірінен ажырамаған.
2-кезеңде гипотезалық аффрикаттар мүлде жойылып, жаңадан қалыптасқан африкаттар одан әрі дами бастайды.
3-кезеңде солтүстік-шығыс алтай тілдері мен оңтүстік-батыс алтай тілдері одан әрі жіктеле түседі.
4-кезең автордың көрсетуінше түркітануда қалыптасқан алтай дәуіріне сәйкес келеді.[6,23-бет.]
Бұдан байқайтын нәрсе дауысты дыбыстың қайсысы алғашқы деген терминнің тым шарттылығы.
Қазақ тіліндегі дауыстылардың өзіндік даму сипаты бар. Қыпшақ тілдеріндегі ұзақ дауыстылар мен қысқа дауыстылардың бір-біріне қарсы қойылуы сақталмаған немесе мүлде мұндай құбылыс болмаған.
Дауысты дыбыстардың жіктелу процесін Н.А.Баскаков көрсеткендей, бір дауысты, екі дауысты, төрт дауысты және сегіз дауысты деп түсінер болсақ, қазақ және түрік тілдеріндегі дауысты дыбыстардың құрамы мен сапалық өзгерісін көрсету үшін, ең алдымен олардың жасалу орындарына қарай, еріннің қатысуына қарай және дыбысталу процесінде тілдің көтерілу дәрежесіне қарай жіктеп көрсету қажет болады.