Жасыл балдырлар — төменгі сатыдағы өсімдіктердің бір тобы. Табиғатта кең тараған. Негізінен тұщы суларды мекендейді. Тұзды және теңіз суларында, топырақта тіршілік ететін түрлері де кездеседі.
Жасыл балдырлардың 5 класы:
- вольвокс жасыл балдырлары (Volvocophyceae);
- хлорококк жасыл балдырлары (протококк) (Chlorococcophyceae, Protococcohyceae);
- улотрикс жасыл балдырлары (Ulotrіchophyceae);
- сифонды жасыл балдырлары (Sіphonophyceae);
- конъюгаттар (Conjugatophyceae).
Қазақстанда 178 туысы, 700-дей түрі анықталған. Бұлар бір жасушалы, көп жасушалы, колониялы тіршілік етеді. Жасушалары бір не көп ядролы, кейде жалаңаш, көбінесе целлюлозалы және пиктинді қабықшамен қапталған. Кейбір түрлері ірілігіне әрі тарамдалғанына қарамастан жасушаларға бөлінбеген (сифонды жасыл балдырлары). Жасушаларында хлорофилл басым болғандықтан түсі жасыл және жоғары сатыдағы өсімдіктердегідей каротин, ксантофил пигменттері болады.
Қор заты – крахмал, кейде май. Жыныссыз (зооспораларымен, жылжымайтын спораларымен), жыныстық (изогамия, гетерогамия, оогамия, коньюгация) және вегетативтік (бір жасушалы түрлері – екіге бөліну арқылы, көп жасушалы түрлері – жіпшелерінің бөліктерімен) жолдармен көбейеді. Кейде бір жасушалы және колониялы түрлері (вольвоксты жасыл балдырлары) шамадан тыс көбейіп кетсе, су «гүлдеп» тұрғандай көрінеді. Жасыл балдырларыдың теңіз салаты (Ulva), монострома (Monostroma) түрлері Шығыс Азия елдерінде тағам ретінде пайдаланылады. Бір жасушалы жасыл балдырларды (хлорелла, сценедесмус, т.б.) тағамға, малға жем ретінде, лас суды, ауаны (ғарыш кемелерінде, сүңгуір қайықта) тазарту үшін қолдан өсіреді. [1]
Жасыл балдырлар – табиғатта көп тараған, жиі кездеседі, 15000-нан астам түрлері бар. Оларға бір клеткалы, қауымды, көп жасушалы тарамдалмаған /трихальды/ және тарамдалған /гетеротрихальды/ жіптесінді, пластинкалы және сифонды құрылысты балдырлар жатады. Бұлардың ішінде барлық структуралық құрылысты организмдер бар. Осындай алуан түрлілігіне қарамастан барлықтарына тән аттарына байланысты хлоропластың таза жасыл түсті болып келуі, онда хлорофильдің және пигметтерінің басым болып келуінде, сонымен бірге қосымша каротин, ксантофилл пигменттері де болады. Жасыл балдырлар вегетативтік, жыныссыз, жынысты жолмен көбейеді. Бір жасушалы түрлерінде жасушаның жай екіге бөлінуі, қауымды және жіптесінді формаларында қауымның ыдырауы мен жіптің бөлшектерге үзілуі арқылы вегетативтік көбейеді. Жыныссыз көбеюлері зооспоралар мен қозғалмайтын апланоспоралар арқылы болады. Жасыл балдырларда гологамиялық, изогамиялық, гетерогамиялық және оогамиялық жыныс процестерінің болуымен бірге зигогамиялық та жыныс процесі болады. Кейбір түрлерінде изоморфты ұрпақ алмасуы байқалады. Жасыл балдырлардың басым көпшілігі тұщы суларда, біраз түрлері теңіз суларында кездеседі, кейбір түрлері ылғалды топырақты, ағаштың қабығын мекендейді.
Вольвоксты –VOLVOCALES балдырлар қатары. Бұл қатарға вегетативтік уақытында қозғалғыш келетін бір жасушалы, ценобиальды-монада құрылысты организмдер жатады. Хламидомонада туысы бір жасушалы дөңгелек, сопақ, ұршық т.б. пішінді, монада құрылысты организм. Вольвокс туысы шар пішінді, диаметрі 2 мм-ге дейін жететін ценобиальды балдыр. Ценобиаль құрайтын жасушалар шардың сыртқы бетіне орналасады да бір-бірімен протоплазмалық жіпшелер арқылы байланысып жатады. Ал шар, сыртынан тор сияқты болады. Мұндағы жасушалар саны 500-ден 60000-ға дейін барады. Вольвоксты құрайтын жасушалар құрылысы жағынан хламидомонадаға ұқсас, олардың әрқайсысының хлоропластасы, цитоплазмасы, ядросы, көзшесі және екі талшығы болады. Осы талшықтардың бір бағытқа қарай қозғалуына байланысты бір орнынан екінші орынға қозғалып отырады. Вольвокс жасушалары біркелкі болмай ірілі-ұсақты болып келеді. Ұсақ жасушалар бөлінуге қабілетсіз. Олар көмір қышқыл газынан жарықта көміртегін ассимиляциялайды, сөйтіп фотосинтез қызметін атқарады. Ал ірі жасушалар көбеюге қабілетті. Ондай ірі жасушалардың саны оншақты, оларды партеногонидиялық жасушалардың бойлай бөлінуі арқылы жаңа жасушалар түзіледі, бұлардан дамыған пластинка табақ сияқты сыртқа қарай дөңгеленіп иіледі. Бұл кезде денесінің алдыңғы жағы иілген пластинканың ішіне қарап жатады, кейіннен алдыңғы жағы арқылы сыртқа қарап айналып түседі де пластинка шеттері арқылы түйісіп, іші қуыс шарға айналады. Кейінгілердің жасушалары аналық шардың жасушаларына ұқсас және әрбір жасуша екіден өзіне талшық түзетін болады. Мұндай жас шарлар бірнешеу болып, аналық шардың орта қуысына түсіп қозғалады. Олардың ұлғаюынан аналық шардың қабырғасы жыртылады да жас шарлар сыртқа шығып, өз беттерімен тіршілік ете бастайды. Жынысты көбеюі оогамиялы.
Протококкты балдырлар класы- Рrоtососсорhусеае Протококкты балдырлар класына негізінен бір жасушалы, сиректеу колониялы организмдер жатады. Тек қарапайым жіп тәрізді және пластинкалы формалары ғана көп жасушалы болып келеді. Бір жасушалы жасыл балдырлардың ішінде кең тарағандарының бірі хлорелла (Chlorella). Ол тұщы суларда және топырақта көптеп кездеседі. Хлорелланың жасушалары ұсақ, шар тәрізді, тек микроскоппен қарағанда ғана жақсы көрінеді. Хлорелланың жасушасының сыртын жылтыр қабықша қаптап тұрады, оның астында цитоплазмасымен ядросы орналасады, ал цитоплазмасында — жасыл хроматофорасы болады. Хлорелла қозғалмайтын автоспоралары арқылы өте тез көбейеді және өзін қоршаған ортадан органикалық заттарды белсенді түрде сорып алады. Хлорелла жыныстық жолмен көбеймейді. Сондықтанда оны лас суларды биологиялық жолмен тазартуға жиі пайдаланады.
Улотриксті балдырлар класы — Ulоthrісhорhусеае. Улотриксті балдырлар класына талломының құрылысы жіп тәрізді немесе пластинкалы болып келетін көптеген жасыл балдырлар жатады. Ағын сулы өзендердің астындағы тастарда және шіріген ағаштардың қалдықтарында жабысып тұрған ашық-көк түсті жіптердің жиынтығын көруге болады. Ол көп клеткалы, жіп тәрізді жасыл балдыр — улотрикс. Оның жіптері қысқа, цилиндр тәрізді жасушалардың тізбегінен тұрады. Осы жасушалардың әрқайсысында бір-бірден ядро және ұштары қосылмаған сақина тәрізді хроматофоры болады. Улотрикстің жасушарының бөлінуінің нәтижесінде жіптері ұзарып өсіп отырады. Улотриксте хламидомонада секілді фотосинтез процесінің нәтижесінде қажетті қоректік органикалық заттарды сорып қабылдайды. Улотрикстың базальды жасушасы түссіз сопақша болып келеді. Ол арқылы жіпше субстратқа бекініп тұрады. Жыныссыз көбеюі сопақша болып келген төрт талшықты, сиректеу екі талшықты зооспоралары арқылы жүзеге асады. Зооспоралары қолайлы жағдайларда базальды жасушадан басқа кез-келген жасушадан 2-4-тен (макрозооспоралар) немесе көптен (микрозооспоралар) пайда болады. Олар аналық жасушадан босап шығып, біраз қозғалып жүргеннен кейін талшықтарын тастап, су түбіндегі тастың бетіне, не топыраққа бекініп бөліне бастайды. Олардан келешегінде улотрикстің жаңа жіпшесі дамиды. Қолайсыз жағдайларда балдырдың кейбір жасушаларынан көптеген ұсақ екі талшығы бар қозғалғыш гаметалар (4)-8-32(64) пайда болады. Гаметалардың мөлшері бірдей (изогаметалар), олар суға шығып екеу-екеуден қосылады. Әдетте әртүрлі жіптерден пайда болған гаметалар қосылады. Одан зигота түзіледі. Ол қалың қабықпен қапталып ұзақ уақыттар бойы тыныштық күйінде тұра алады. Қолайлы жағдайда зигота бөлініп одан төрт қозғалмайтын жасуша — спора түзіледі. Олардың әрқайсысы су астына шөгіп жаңа жіп тәрізді балдыр улотриксқа айналады.
Сифонды балдырлар класы -Siрhоnорhусеае Бұл класқа жататын балдырлардың басқа жасыл балдырлардан айырмашылығы сол, олардың жасушалық құрылысы болмайды. Сифонды балдырлар түрлерінің саны онша көп емес (400-500 түрден аспайды). Сифонды балдырлардың 90%-ті теңізде өседі. Негізгі өкілдерінің бірі каулерпа туысы. Бұл Жерорта теңізінде жиі кездесетін талломының ұзындығы 0,5 метр, кейде одан да көптеу (1 метрге жететін) болатын балдыр. Сырт қарағанда оның субстратқа төселіп жататын «тамырсабағы», одан жоғары тік өсетін «сабақшасы» үлкен «жапырақ» тәрізді жасыл пластинкалары және субстратқа бекініп тұратын «тамыр» тәрізді ризоидтары болады. Алайда бұл протопласты барлығына ортақ, көп ядролы, жасыл дән тәрізді хроматофорасы бар, аса үлкен бір жасуша түрінде болатын балдыр, талломының қуысы ешбір перделермен бөлінбеген, яғни жасушаланбаған, бірақ оны целлюлозалы тіректер қиып өтеді. Нағыз жыныссыз көбеюі жоқ, кейде талломының бөліктері арқылы вегетативтік жолмен көбейеді. Жыныстық процесі изогамиялы. Өмірлік циклының барлығы дерлік диплоидты фазада өтеді. Мейоз процесі изогаметалар түзілердің алдында ғана жүреді.