АММИАК

АММИАК (грек. Hals ammoniakos), м ү с ә т і р , NH3,— тұншықтырғыш өткір иісті, түссіз газ. 0°С-тағы тығызд. 0,771 г/л, балқу t -77,7°С, қайнауы t-33,35°С. Қалыпты жағдайда А-тың ауамен 15,5 — 28%-тік құрғақ қоспасы қопарылыс тудырады. Суда жақсы ериді. 20°С темп-ра мен 0,88 МПа қысымда тығызд. 0,68 г/см3, жарық сәулесін сындырғыш түссіз сұйықтыққа айналады. Сұйық А. ток өткізбейді, көптеген органик. және анорганик. қосылыстарды жақсы ерітеді. А-тың судағы 10%-тік ерітіндісі мүсәтір спирті деп аталады. Қатты А,—түссіз куб пішінді кристалдар. А. қосып алу, орын басу, тотығу реакцияларына бейім келеді. Ол ауыр металдардың гидроксидтері мен тұздарына қосылғанда аминокомплекстер түзеді: CuSO4 + 4NН3 -> [Сu (NH3)4] SO4. А. молекуласындағы сутектің металдармен, металл еместермен немесе органик. радикалдармен орын алмастыруынан нитридтер, имидтер, амидтер түзіледі. А. оттекте жанғанда, бос күйіндегі азот және су бөлінеді. Сондай-ақ ол катализатордың қатысуымен азот оксидіне (II) дейін тотығады. Бұл реакция азот қышқылы мен тұздарын алу үшін қолданылады. А. — хим. өнеркәсібінің ең маңызды өнімдерінің бірі. Ол табиғатта азоты бар органик. заттардың ыдырауынан пайда болады. Өндірісте А-ты ауа азотын үлкен қысымда, катализатор қатысуымен сутекпен әрекеттестіру арқылы алады. А. мочевина, көгерткіш қышқыл, сода, азот қышқылы мен тұздары өндірілетін шикізат болып табылады. Сұйық А. тоңазытқыш қондырғыларда және сұйық тыңайтқыштар ретінде колданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *