АМИТОЗ

АМИТОЗ (грек. а — сыз, сіз, емес қосымшасы, mitos — жіп) — өсімдік пен жануарлар организмінің тіндеріндегі клеткалар ядросының тікелей бөлінуі. А. кезінде клетка цитоплазмасында ұршык жіпшелері түзілмейді, ал клетка ядросында хромосомалар ширатылып жуандамайды. А. жолымен ядро, ең алдымен, ортасынан жіңішкеріп үзіледі, содан кейін цитоплазма бөлініп, бір клеткадан жаңа екі клетка пайда болады. Кейде клетка бірнеше рет тікелей бөлінеді де, цитоплазма бөлінбей қалады, осының нәтижесінде өсіп жетілген бір клеткада бірнеше ядро болады (мыс., бұлшық ет талшықтарының дамуы). Клеткалардың А. жолымен бөлінуінің 3 түрі бар: генеративті А.— организмнің өніп-өсуі кезінде митозбен алмасып отыратын клетка бөлінуінің қалыпты түрі. Мұндай бөліну қарапайым организмдердің көбеюі кезінде, паразитті тіршілік ететін жәндіктер организмдерінде жиі байқалады; реактивті А. — сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен (мыс., жарақаттану кезінде) зақымданған органдардың қайта қалпына келуі; дегенеративті А. клетканың тіршілігін тоқтатып, ыдырау және бұзылу процесіне душар болар алдында байқалады. Онда клетка митоздық көбею қасиетінен айырылып, тіршілігін толық тоқтатады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *