Француз романтизмінің ақындары

 

Альфонс де Ламартин (1790-1869). Романтикалық лирикаға Ламартин алғашқы қадам жасаушылардың бірі болып табылады. Оның қалдырған аса бай мұрасын баспа бетін көрген бірқатар өлең кітаптары, соның ішінде лирикалық және өзі шығарған “христиандық эпопеяларының” – «Періштенің құлдырауы» («Падение ангела») т.б. іштей аяқталған үзінділері құрайды.
Дегенмен кейінгі ұрпақ санасында оның ең алғашқы шыққан туындыларының кейбіреуі ғана толық сақталған. Соның ішінде «Поэтикалық ойлар» («Поэтические раздумий») /1820,1823/ жинағының екі басылымындағы «Көл» («Озеро») және «Жалғыздық» («Одиночество») атты элегиялары. Олар Ламартиннің сүйіктісінің дүниеден ерте өтуіне байланысты туған толғамдар.
Автордың бұл меланхолиялық элегиясы адам баласының қысқа ғана ғұмыры, күйбең-тіршілігі, сол өмірдегі қас-қағым сәттей болған нәзік те, баянсыз махаббаты туралы әдеби-философиялық ойлармен өрнектелген. Ол қоршаған ортаның барлығын жанды зат ретінде елестетіп, өзімен бірге мұңға батырғандай болады. Нәтижесінде, Ламартин туындыларында кез-келген қатты заттың өзі, бар қасиетінен өзгеше рухтағы солқылдақтыққа салынады.
Ақынның осы бір қыры кезінде В.Г.Белинскийдің: Ламартин лирикасы – өңкей ухлеу, охлеу, бұлттар, тұмандар, булар, көлеңкелер мен елестерден жасалған, – деп сынауына негіз болады. Мистикаға бағытталған «ламартиндік елес» – қоршаған ортадан өз әлемінің рухымен қосылап тыныштық табуды көздейді.
Альфред де Виньи (1797-1863). Ламартинге қарағанда Виньи көзі тірісінде тек бір ғана – “Көне және қазіргі поэмалар” («Древние и современные поэмы») /1826/ атты өлеңдер жинағын баспадан шығарды. Оның соңғы 30 жыл бойы жазған басқа туындылары автор қазасынан кейін, 1864 жылы ғана “Тағдырлар” («Судьбы») деген атпен жарық көрді.
Ақын да ойшыл Виньи өзінің бар асыл ойлары мен басынан өткергендерін көбінесе библиялық мифтен не өмірден алынған оқиғалармен астастырып отырған. Хрестоматиялық мақамдағы “Қасқыр өлімі” («Смерть волка») туындысында бір түндік аңшылық жайында айтылады.
Онда ізге түскен аңшылардан құтыла алмасын білген көкжал бөрі, үйірін аман қалдыру үшін бір топ итпен тайсалмай шайқасқа түсіп, өлермендікпен жолдарын бөгейді. Сөйтіп өз өмірін қия отырып, үйірі мен бөлтіріктерінің алысқа ұзап кетуіне жағдай тудырады. Ол бұл жерде қасқыр өлімінен адам баласының да үлгі аларлық жақтары бар екендігін аңғартқандай. Шығарма соңында оқиға желісі авторлық баяндаудан философиялық үлгі-өсиет сарынына ауысады. Виньи өзіндік өнегелі-адамгершілік көзқарасын осы туындысында анық көрсеткен.
Виньи шеберлігі – оның ойының мөлдір де тазалығында. Автор қандай жайды жазса да, оны ең алдымен әбден салмақтап, кесіп-пішіп алып, жинақы да қарапайым күйінде ғана оқырманына ұсынуды мақсат тұтқан. Бұл әсіресе оның белгілі кіші лирикалық эпопеяларынан айқын көрініс табады. Соның ішінде “Бақташының лашығы” («Пастушье хижина») туындысы нағыз романтикалық сарындағы нәзік лириканың көркем айшықтарымен көмкерілген.
Огюст Барбье (1805-1882). Әлемдік әдебиеттану ғылымы тарихында Француз романтизміндегі азаматтық лириканың пайда болуын О.Барбье есімімен байланыстырады. Оның «Олжаны бөлісу»(«Раздел дабычи») атты 1830 жылдың шілде айында болған париждік көтерлеске үн қатуы, қоғамдық ортаға жай оғындай әсер етті. Ақын қоғамдағы бұл өзгерісті құптай отырса да, көтерілген қара халықтың жеткен жетістігін өз мақсаттарына пайдаланған монархиялық тоғышар топтың жымысқы қылықтарын келемеждейді. Соңында бұралқы аш иттердің бейшара қабанды жабыла ұстап, таласа жеген «иттер тойының» жиіркенішті көрінісін береді. Бұл туынды Барбьенің алғашқы “Ямбы” атты 1831 жарық көрген кітабына енді.
Англияға жасаған сапарынан соң, 1837 жылы жарық көрген оның екінші “Лазарь” жинағында француз лирикасын алғаш рет заводтар мен көмір шахталарындағы өндірістік қайшылықтардың қыр-сырымен қанықтырды. Ондағы жұмысшылар өміріндегі ауыртпашылықтар мен өндіріс орындарындағы өрескел жағдайлар ақынды бей-жай қалдырмайды. Жалпы О.Барбье өз шығармалары арқылы ХIX ғасырдың француз поэтикалық сатирасына күлкілі жайыттар арқылы қоғамдағы шынайы таргедиялық хал-ахуалды көрсетуді әкелді.
Альфред де Мюссе (1810-1857). Романтизмдегі барлық лириктерде кездесетін жүрек азабы мен қиналысы Мюсседе өзгеше рең алған. Ол өзі атап көрсеткендей «көздің жасын інжу-маржанға» айналдыра білді. Жас ақының 1829 жылы жазылған «Испан және итальян ертегілері» («Испанские и итальянсике сказки») туынды-сында жаралы жүректің шағымын трагедия түрінде емес, керісінше Гюгоға мақамындағы назды да жалынды, өзгеше экзотикадай алып көрсеткен. Пушкин кезінде оның бұл шығармасындағы «ерекше шынайлықты» атап айтқан.
Мюссе кейінен де өзінің шеберлігін көрсететін эпиграмалалық тапқырлыққа толы, жеңіл де қарапайым түрдегі орта ғасырлық романстардай сәл көңілсіздік лебі есетін өлеңдерімен ерекшеленді. Алайда уақыт өте Мюссе лирикасы да «ғасыр дерті» атанған жан жабырқаушылығына, көңіл күйсіздігі мен жегідей жеген күдікке толы болды.
Оның осындай жан тебіріністерін нақты көрсеткен өлеңдері «Түндер»(«Ночи») /1835-1837/ атты төрт бөлімдік жинағына енді Оның үшеуі – нәзік жанды ақынның музамен шын жүректен сыр шертісе отырып, мұңын шағуына арналған. Ал «Желтоқсанның түнінде» автор тумасынан өлгенге дейін жанында ерген –«жалғыздық» жайындағы жан айғайы айтылады.
Дегенмен ақын француз лирикасындағы жеке тұлғаның ішкі жан дүниесінің сезім иірімдерін дөп басып тауып, көрсете білген романтиктердің бірі болмақ.
Жерар де Нерваль (1808-1857). Жерардың нақты есімі – Лабрюни. Бала кезінен жетім қалған ақын, кедейшілік пен ауыр тұрмыстың тауқыметін ғұмыр бойы тартып өтті. Бақытсыз махаббат, ғашығының ерте дүниеден өтуі Нерваль тағдырын одан әрі ауырлата түсті. Мұның үстіне жүйке ауырының асқынуы, ақырында оның өз-өзіне қол жұмсауына әкеліп соқты. Ақынның осындай ауыр тағдырына байланысты Францияда оны «қарғыс тиген ақын» атады. Өз өмірі туралы ақын «Үлессіз қалған» («Обездоленный») атты еңбегінде нақты жазып кетеді.
Бізге жеткен Нерваль мұрасы тек екі жинақ қана. Олар ертеректе жазылса да 1852 жылы жарық көрген «Кіші одалар» («Маленькие оды») және 1854 жылы басылған «Химерлер» атты лирикалық сонеттер жиынтығы.
Өз шығармашылығында Нерваль көбінесе шығыстық, көнегіректік мифтерді, ортағасыр фольклорлық аңыздар мен християндық түсініктерді өзіндік қиял әлемімен шебер ұштастырып отырған. Осы аңыздардан өріс алған ақынның жасырын ойынан, адам ғұмырындағы өлім мен қайта өмірге келудің кезектесуі жаңа үміттің кепілі ретінде көрінеді. Нерваль «түс – басқа өмір» деп айта отырып, онда шынайы өмірдің ақиқаты бейнеленгенін дәлелдемекші болды. Кейіннен оның бұл тұжырымын ХХ ғасырдың символистері мен сюралистері өз бағыттарында қолданды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *