Роберт Саути (1774-1843).

 Көлдік мектептің соңғы өкілі Роберт Саути көбінесе Вордсворт пен Колридждің эстетикалық көзқарастарын бөлісіп, қаламдас болған. Саути өзінің алғашқы шығармашылық жолын Колриджбен тығыз байланыстырса, кейіннен Вордсвортпен үндесе жазды. Ақынның алғашқы шығармасы – «Робеспьердің күйреуі» («Падение Робеспьера») /1794/ драмасы Колридждің есімімен жарияланғанымен, үш бөлімнің екеуін өзі жазған болатынды. Қырқыншы жылдары Саутидің саяси көзқарасы кері өзгеріп, реакциялық күштерді жақтады. Оның бұл қателігін сол кезде замандастары қатты сынға алған.

Роберт Саути Бристолда саудагер жанұясында дүниеге келіп, Оскфорд университетінде оқыған. 1795-96 жылдары Испанияда болуы, осы елдің тарихы, мәдениетімен жақын танысуға құмартқан жас ақынға ерекше шығармашылық серпіліс әкеледі. Ол Вордсвортқа жақын жердегі Кезвик елді мекеніне қоныстанып, оның эстетикалық жоспарларымен танысып, барлығын өз қажетіне қабылдайды. Дегенмен, Вордсворт пен Колриджден өзгешелігі, оның романтизм теориясына аса көңіл аудармауында. 1813 жылы Саути ақын-лауреат атағын алады, бірақ В.Скотт оның бұл атағын оның реакциялық көзқарасына байланысты мойындамайды.

Саути шығармашылығын екі кезеңге бөлуге болады: бірінші – 1794-1813 жылдарға поэзиялық және драмалық туындылары; екінші – 1813-1843 жылдар аралығындағы шығармалары, әсіресе, прозалық туындылары кіреді.

Ол өзінің шығармашылық жолын 90-шы жылдары, халық жырларынан нәр ала отырып бастайды. Ақынның алғашқы туындылары кедей-жарлылар мен қайыршыларға жанашырлық көңілден шыққан. Бірқатар туындыларында – «Жауынгер жұбайы» («Жена солдата»), «Кедейлер мұңы» («Жалобы бедняков»), «Қайыршыны жерлеу» («Похороны нищего») т.б. қара халықты қанаушылық пен зорлық-зомбылыққа ақын тарапынан қарсылық лебі білінеді. Дегенмен, ол буржуазиялық құрылыстың келеңсіз қырларын ашық түрде сынағанымен, оның себеп-салдарын ашып көрсетпей, байқаған дүниелерін ғана тізбектеумен шектелген.

Саутидің сыни көзқарасы әсіресе, соғысқа қарсы туындыларында басымырақ көрінеді. Соғыстың барлық ауыртпалығын көтеріп отырған қара халық тағдырын «Бленхеймдік ұрыс» («Бленхеймский бой»), «Жарлының мұңы» («Жалобы бедняков») шығармаларында анық бейнелейді.

Өткір әлеуметтік мәселелерге баса көңіл аударған Вордсворттан бір өзгешелігі, Саути балладаларында көбінесе ортағасырлық сюжеттерді пайдалануында. Мәселен, «Құдайдың епископқа соты» («Суд божий над епископом») /1799/, «Талаба-талқандаушы» («Талаба-разрушитель») /1801/, «Кехамның қарғысы» («Проклятье Кхемы») /1810/ т.б. туындыларында халық баллада-ларының құрылымынан нәр алып жазғандығы аңғарылады.

Аталмыш алғашқы туындысында ашаршылық кезінде халықтан қызғанып астық қоймасын өртеген сараң епископтың, құдайдың қаһарына ұшырап, ит өліммен жазалануы суреттеледі. Автор өз айтпақ ойын үлгі-өнегелік, эстетикалық тұрғыдан беруге тырысқан.

Саутидің наполеондық соғыс кезеңінде жазған – «Мэдок», «Талаба-талқандаушы», «Кхеманың қарғысы» т.б. поэмалары шығыстық мақамда жазылған. Поэмалардағы кейіпкер тағдыры бір-біріне ұқсас көркемдік байланыста суреттелген.

Саутидің поэзияға көзқарасы бәсеңсіп, прозаға ауысуын оның шығармашылығының екінші кезеңімен байланыстырамыз. Оның жазған «Нельсонның өмірі» («Жизнь Нельсона») /1813/, «Артурдың қазасы» («Смерть Артура») /1817/, «Уэслидің ғұмыры» («Жизнь Уэсли») /1818/ т.б. туындылары арқылы шебер прозаик екендігі аңғарылады. Саути бұл туындыларында тарихи тұлғаларға түбегейлі бет бұрады. Дегенмен, саяси көзқарасының тұрақсыздығының кеселінен оның шығармалары өз кезінде тиісті бағасын ала алмады.

Дегенмен Саути де басқа лейкистер тәрізді әдеби тілдің жаңғырып, өркен жаюына зор үлесін қосты. Оны одан әрі оралымды, қарапайым түрде түрлендірген, өз кезеңінің әдеби-көркемдік стиліне өзіндік жаңалықтар енгізген романтизмнің көрнекті суреткерлерінің бірі болып табылады.

Сонымен Көлдік мектептің және басқа ағылшын романтиктерінің сол кезеңдегі шығармашылық өрлеуі өнеркәсіптік төңкерістің аяқталып, елде қоғамдық құрылысқа, мәдениетке жаңа көзқарастың қалыптасқан сәтімен байланысты. Осыған орай ағартушылық ізденістердің негізінде жаңа лирикалық поэзияның тарихи беттері ашылып, романтизм дәуірімен сабақтаса байланысып жатты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *