«КӨЛДІК МЕКТЕП» ӨКІЛДЕРІ

 

 

Уильям Вордсворт (1770-1850). Уильям Вордсворт алғашқы туындыларын ХҮІІІ ғ. 90 жылдарының бас кезінде жаза бастады. Ақынның дүниетанымы Англиядағы радикалды-демократиялық қозғалыстың өрлеуіне, құрлықтағы революциялық жағдайларға байланысты қалыптасты. Вордсворт революция уақытында Францияда болып, оны қуанышпен қарсы алады. Бірақ якобиндік терроршылардың қанішерлік әрекетінен соң ол өз көзқарасын өзгертуіне тура келеді.

Вордсворт 1770 жылы Кэмберленд провинциясында заңгердің отбасында дүниеге келіп, өмірінің көп жылдарын Көлдік өлкеде өткерген. Ақын өмір сүрген Грасмир елді-мекенінде қазіргі кезде соның атындағы мұражай бар. Ол Кембридж университетінде білім алып, Франция, Швейцария, Германия елдерінде жиі болған. Уильям Вордсворттың ақындық өнері ерте оянып, он төрт жасынан шығармашылықпен айналыса бастайды.

Оның 1793 жылы жазылған алғашқы белгілі туындысы «Кінә мен қайғы» («Вина и скорбь») деп аталады. Ақын осы шығарма-сында өнеркәсіптік және аграрлық төңкерістің шаруалар мен барша қара халық басына түсірген ауыртпашылығын, трагедиялық халін бейнелейді.

Вордсворт туындыларында шетсіз шексіз жол үстіндегі бейшара қаңғыбастар мен қайыршылар жиі суреттеледі. Негізінде бұл кейіпкер сол кезеңдегі өмірдің қатал шындығын, қоғамдағы кері өзгерістер, ауылдың азуын, күн көріс іздеген халықтың тозуын көрсеткен шынайы бейне.

Кедей-шаруаның ауыр тағдыры, ауылдың аянышты да бейшара көрінісін суреттеуде ақын өзінің барлық шығармашылық шеберлігін таныта білген. Оның «Алиса Фелл, немесе Кедейлік» («Алиса Фелл, или Бедность»), «Отардың соңғысы» («Последний из стада»), «Теңізші анасы» («Мать моряка»), «Кемберлендік кәрі қайыршы» («Старый Кэмберлендский нищий»), «Бейшара Сюзанна-ның армандары» («Мечты бедной Сюзанны»), т.б. көптеген өлеңдері осының айғағы.

Уильям өз кейіпкерлерінің тіршіліктегі тапқырылықтарына масаттана отырып, олардың жақсы жақтарын атап, өмірдегі қиыншылық атаулыға төзімділіктерін, қайғы-қасіретке мойымайтындықтарын алға тартады. Ал, «Делқұлы бала» («Юр одивый мальчик»), «Біз жетеуміз» («Нас семеро») атты шығармаларында бейкүнә, кіршіксіз сәбилік сезімнің кереметтей құдіретіне тебіренеді.

«Біз жетеуміз» балладасында ақын құртақандай балаға жолығып сөзге тартқанда, сәби бауыры мен сіңілісінің қаза болғандығын айтады. «Сендер енді жанұяда нешеусіңдер?»- деген сұрауға, «жетеуміз» деп, оларды тіріге санап жауап береді. Баланың сана-сезімінде «өлім» деген – беймәлім, жұмбақ дүние, оның ойынша туғандары қасындағы бір жерде жүргендей. Автор, бір ғана баланың бейкүнә сезімі арқылы, тұрмыс тауқыметін, ауылды жерді жайлаған аштық өлімді, баянсыз өмірді көз алдыңызға әкеледі. Ауылдық тақырыпқа арналған өлеңдерінен әсіресе «Кедейшілік халдегі лашық» («Разоренная хижна») /1797/ шығармасын ерекше атауға болады. Өлең арқауы ретінде жауынгер жесірі Маргаританың өмір тарихы алынған. Оның қолындағы балалары бірінен соң бірі шетінеп, жалғыздық тұрмыстың ауыр зардабын тартады. Маргаританың қасіретті үні жалғыз жолаушының жан дүниесіне жол тауып, ақыры жалғыздық пен қайғыны бөлісетін серігін кезіктіреді.

Вордсворттың әсіресе табиғат лирикасын ерекше атау керек. Ол туындыларында табиғаттың тылсым үнін, әсем бояуын, қимыл-қозғалысын, жұпар иісін нәзік сезімді сөз өрнектерімен жандандыра отырып, ой-толғанысқа түсіре адамның қайғы-мұңын бірге бөліскендей болады. Атап айтқанда «Көкек» («Кукушка»), «Жүрегім менің тулайды» («Сердце мое ликует»), «Шілік ағашы» («Тисовое дерево»), т.б. өлеңдерінде Көлдік өңірдің тамаша көріністері өзгеше сүйіспеншілікпен бейнеленген. Туған жер төсінде жайқалған көк майсаның арасынан көктей өскен шілік ағаштары, осы өңірдің тарихи символы іспетті. Ақын жүрегі самал желдің қимыл-қозғалысын, алтынды нарцисс гүлінің алған тынысын сезініп табиғаттың жұмбақ та жұмақ бейнесімен ерекше сырласқандай болады.

Философиялық лирикаға Вордсворт «Алыс досыма» («Далекому другу»), «Венеция, Англия және Швейцария», «Лондон, 1802», «Сөнген махаббат» («Утраченная любовь») өлеңдерін арнады. Мұнда ақын көбінесе өткен өмірді, қайрылмай кеткен жастық шақты аңсай, бір сәтке мұңға беріледі.

«Түсіндірме нобайында» («Описательных набросках») /1791-1793/ және саяси сонеттерінде Уильям бостандықты қуанышпен қарсы алып, революциялық рухты дәріптейді. Ал, «Нышан» («Прелюдия») /1805/ атты түсіндірмелік поэмасында ақын революциядан күткен қоғамдағы жақсы өзгерістердің болмағандығын, өзінің бұл жөнінде қатты қателескенін айтып, ойын баршаға жайып салады.

1843 ж. Саутидің қазасынан соң Вордсворт сарай ақыны орынын басты. Осы кезеңде оның шығармашылығында ортамен ымырашылдық жайлар ұлғайып, саяси және азаматтық көзқарасы өзгеріске ұшырады. Ол қоғамдық қақтығыстардың демократиялық тұрғыда, бейбіт шешілуін армандады. «Серуен» («Прогулка») атты суреттемелік поэмасында ауылды жерде жолыққан төрт кейіпкер – ақын, жиһанкез, дуана және поптың сұхбатын суреттеу арқылы, Вордсворт өз поэзиясының даму жолындағы көп жылғы ізденісі мен қиыншылықтарын қорытындылайды. Бұл туындысында автор көркемдік танымның қыр-сырын терең меңгергендігін көрсете отырып, романтикалық образдарды сомдап, дамытты. Поэмада адам баласының тұрмыс-тіршілігіне байланысты, оның қоғамдағы орынын айқындайтын философиялық ұғым басым.

Қорыта айтқанда, Вордсворттың соңына қалдырған мол мұрасы тек қана ағылшын әдебиетінің өркендеуіне ықпал етіп қана қойған жоқ, әлемдік лирикалық поэзияның дамуына да зор үлесін тигізді. Ол ірі ақын-романтиктердің ішінде өнеркәсіптік төңкеріс әкелген бүкіл бір қоғамның трагедиялық халін алғаш ашып көрсетті. Ақын сондай-ақ, поэтикалық жанрға бірқатар өзгерістер енгізіп, қарапайым оқырманның жүрегіне жол табар көркем дүниелерін сыйға тартты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *