ЭРНСТ ТЕОДОР АМАДЕЙ ГОФМАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ (1776-1822)

. ЭРНСТ ТЕОДОР АМАДЕЙ ГОФМАН

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

(1776-1822)

 

 Дәрістің мақсаты: А.Гофманның неміс романтизмінің өркен жаюына қосқан үлесін айқындау.

 Тірек сөздер: романтикалық мысқыл, Гофмандық «қосдүниелік» әлемі, фантастикалық күштер, капельмейстр.

 Дәрістің жоспары:

1. А.Гофманның шығармашылық өмірі.

2. Гофманның алғашқы туындыларының орны.

3. Гофманның неміс әдебиетіне қосқан жаңалығы.

4. Капельмейстр Крейслер – романтикалық кейіпкер.

5. Гофманның шығармашылық қорытынды еңбегі.

 

Неміс романтизмін жоғары сатыға көтеруге зор үлесін қосқан тұлға – Э.Т.А. Гофман. Оның туындылары әлем жұртшылығына танылып, О.Бальзак пен Ч.Диккенс, Н.Готорн мен Э.По, Н.Гоголь мен Ф.Достаевский сынды белгілі суреткерлердің шығармашылық шеберлігін шыңдаудағы ықпалы айтарлықтай. Гофман әсіресе Ресейде танымал болды. В.Белинский оны «ұлы, кемеңгер суреткер» деп атаса, Герцен оған терең мағыналы, ықылас-ілтипатқа толы мақаласын арнайды.

Ол әдебиеттегі бұрынғы романтиктердің озық ойларын дамыта отырып, бір орнында тұраламай, алға ұмтылады. Сол ғасырға тән ұсақ қытымырлықтың, жеке бастың дағдылы әрекетінің қауіптілігін баса айтып, тоғышарлық баянсыз болмыстың бет-пердесін ашып көрсетеді. Гофманның романтикалық мысқылы дүниенің кемеліне келмеген, келеңсіз жақтарын барынша көрегендікпен сынға алып, соңын ащы сатирамен ұштастырып отырады.

Жазушы ретінде Гофман ерекше дарын иесі болып танылады. Сонымен бірге әнгер (композитор), алғашқы романтикалық операның («Унида») иегері, музыка сыншысы, дирижер, кескіндемеші, безендіруші, режиссер т.б. көптеген жақсы қасиеттерді бойына жинақтаған ұлы тұлға. Сөйте тұра ғұмырында жұпыны күй кешіп, тағдырдың тәлкегін көп көрген ол, әдеби шығармашылыққа кеш қадам басты.

Тек 1809 жылы ғана оның «Глюк мырза» («Кавалер Глюк») атты туындысы алғаш музыкалық газет бетінде жарық көреді. Гофманның суреткерлік шеберлігі 1814 жылы жарық көрген «Калло мәнеріндегі қиял» («Фантазии в манере Калло») атты үш томдық тұңғыш әңгімелер жинағынан-ақ байқалды. Бұл туындысында ол музыкаға тереңдей бет бұрып, капельмейстр Крейслер арқылы өз өнеріне айрықша берілген адамның бейнесін сомдайды. Осы кейіпкер бойына Гофман өзінің ой-толғамдарын, қоршаған ортаға деген өкпе-назын жинақтай отырып, өнердің мәнісін жете түсінбейтін қалталылардың тұрпайы қылығына қынжылады. Оның ерте туындыларының біршамасы осы мәндес, өнер тақырыбы мен суреткер тұлғасын қалыптастыруға арналған.

 «Калло мәнеріндегі қиял» жинағына «Алтын құмыра» («Золотой горшок») атты жаңа заман ертегісі енген. Бұл туындысында автор ертегілік әлемді бүгінгі күннің шындығымен астастырып, өзіндік бір жаңалықтың бетін ашады. Оқиға сахынасының орталығына Дрезден қаласы алынып, оның барлық көшелері мен демалыс орындары ертегіге араластырылады. Ал, басты кейіпкер тіпті ертегілік тұлға емес – жай ғана студент. Жұпыны ортадан шыққан ол қағаз көшірумен айналысып, күнін көреді. Оның өмірде жолы болмай, сәтсіздіктерге жиі ұшырайды. Соған қарамастан үлкен қиял иесі, ішкі дүниесінде ол ақын, қиыншылыққа мойымайтын қайсар да талапты жан. Талапкер ақын мен ақиқат өмірдің арасындағы қақтығыс ертегінің басты лейтмотиві болып табылады.

Кейіпкер Ансельмнің арманы өз ортасында қомақты бір орын алу, шексіз бостандық пен бақытты тұрмыс құшағында өмір сүру. Міне осы жерде шынайы тұрмыс пен асқақ поэзия бір-біріне қарама-қарсы тұрады. Тұрмыс билігі – шенеунік Пульманның қызы, үлде мен бүлдеге оранған Вероника бейнесі арқылы берілсе, поэзия билігі – алтынды-жасылды келген жылан Серпантин арқылы суреттеледі. Бұл туындысында Гофман сан алуан фантастикалық күштермен (өлі затқа жан бітіру) одақтаса отырып, қайырымсыз, еңсені басар тұрмыс тауқыметіне өзгеше күшті – ақындық қиялдың ертегілік әлемін қарама-қарсы қояды. Образды қарама-қарсылық мәнде жасау суреткердің романтикалық көркемдік әдістерінің ерекше қырларының бірі. Осыдан барып гофмандық ерекшеліктің белгісі – «қосдүниелік» әлемнің туындауына әкелді.

Өнер мен өмірдің үйлесімділігін іздеуде Гофман өткенге, қайта өрлеу заманындағы қалалық мәдениетке қайта оралады. Еңбек пен шығармашылық бірлігінің әдемі қиялын ол «Мартин шебер және оның көмекші шебері» атты әңгімесінде әсірелей көрсетеді. Дегенмен, туындыдағы аса жеңіл де, әдемі өмір ырғақтары сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігімен мүлдем сәйкес емес еді. Романтикалық қиялдан туындаған бұл туындыдан өткеннің жақсы жақтарын аңсаған, шынайы өмірдегі қайшылықтарға қарсы автордың өзіндік көзқарасын пайымдаймыз.

Сол сияқты, «Дон Жуан» әңгімесінде өмір шындығын әуез үнімен бейнелеудің өзгеше үлгісін жасайды. Дон Жуан бейнесінен Гофман ерекше, әдеттен тыс дарын иесін көреді. Дегенмен ол әйел махаббатының рахаты арқылы өзінің арман-мұратына жетуді ойлайды. Дон Жуан өмірдегі белгілі бір қағидаларды ысырып тастап, әйел заты арасындағы көптеген жеңістері арқылы, күш-қуатын нығайтып, өз бейнесін жасамақшы болады. Бірақ бұл жол жалған және опасыз жол болып, суреткердің трагедиялық тұлғасы (Донна Анна) арқылы тиісті жазасын алады.

Гофманның 1815-1822 жылдары «Шайтанның шипасы» («Элик-сир Сатаны») /1815-16/, «Серапионовтық бауырлар («Серапионовы братья» /1819-21/, «Мур мысықтың тұрмыстық көзқарастары» (Житейские возрение кота Мура) /1820-22/ сынды тамаша романдарымен қоса көптеген әңгімелері, хикаяттары, аңыздары, новеллалары жарық көрді. Бұл шығармаларында кейінгі романтизмнің барлық қадір-қасиеті бір арнаға тоғысқандай.

Ұсақ герман князьдықтарының сатиралық бейнесі неміс романтиктерінде, әсіресе Гофманда, өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді. Жымысқы заманның масқара да күлкілі жайлары көбіне терең мысқылмен беріледі. Оның шығармашылығының тағы бір қыры – суреткер және қоғам, адам және қоғам деуге болады. Гофман сомдаған сазгер, суреткер және ақын бейнесі тамаша романтикалық ойлардың қайталанбас көркемдік ерекшелігі. Ол әдебиетке романтикалық қаһарманның жаңа типін әкелді /Крейслер т.б./.

Өмірінің соңғы сегіз жылында Гофман Берлин қаласында мемлекеттік сот қызметін атқарады. Сол кезеңдегі мемлекет, сот құрылымындағы келеңсіз жайлар, оның шығармашылық көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Ендігі жерде ол эстикалық сынның орнына саяси бояудағы өткір сынды құрал етіп алады. Бұл үрдіс әсіресе Гофманның «Ергежейлі Цахес» (Крошка Цахес») /1819/ атты ертегісінде айқын аңғарылады. Шығармадан өте жексұрын, тұрпайы жанның сыйқырдың күшімен басқалардың еңбегі мен рухын иемденуін көреміз. Бейшара тірлік иесі үш тал алтын шаштың арқасында көпшіліктің жалған «құрметіне» бөленіп, өзіне табындырады, тіпті министрдің орындығына отыруға дейін барады. Цахестің оңбағандығын автор көркем тілмен әсірелей жеткізеді. Ол Цахестің бұрқылдап сөйлеген, мысықша мияулаған, итше арсылдап тістелеген ақымақтығын шебер суреттеп, оқырманды бір уақыт күлкіге кенелтсе де, бір жағынан өте қауіпті биліктің иесі екендігін ескерткендей.

Гофманның романтикалық әдісінің ерекшелігі басқа әріптестеріне қарағанда өмір шындығының келеңсіз жақтарын нақты түрде бейнелеп, оның даулы тұстарының тарихын ашып беруінде жатыр. Оның ирония, сарказм, юморға толы шығармашылығы сыншыл реализмге жол ашты. Мәселен, «Ергежейлі Цахес» оқиғасы ертегілік әлемінде болса да, автордың түпкі мақсаты, сол кезеңдегі ұсақ герман княздықтарының тоғышарлық, жексұрын іс-әрекеттерін әшкерелеп көрсетуінде екенін аңғарамыз.

Гофманның ең ірі, шығармашылық қорытынды еңбегі – «Мурр мысықтың тұрмыстық көзқарастары» (Житейские воззрение кота Мура)/ атты романы. Аяқталмаған бұл туындысының бірінші томы – 1819 жылы, екінші томы – 1821 жылы басылып шықты. Автор мұнда өзінің романтикалық кейіпкері Крейслерге тағы айналып соқса да, романдағы басты роль үйретілген мысық Муррдың еншісіне тиеді. Муррдың өмір тарихын жаза отырып, капельмейстр Крейслердің тағдырына аракідік тоқталады.

Автор мысық өмірінің сан қырлы жақтарын, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасын, шынайы көзқарасын бейнелей отырып, дворяндық қоғамның күреңсіз келбетін, солардың сайқымазақ қылықтарын келемеждеген.

Өмір шындығын жан-жақты қамтыған, қоғам мен қоршаған ортаның жағымсыз жақтарына ымырасыздығын қалыптастырған суреткер күресін көрсететін Гофманның осындай туындылары, неміс романтикалық әдебиетін биік белестерге көтерді.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *