ГЕРМАНИЯДАҒЫ РОМАНТИЗМНІҢ ҚАЛЫПТАСУ КЕЗЕҢДЕРІ, ОНЫҢ КӨРНЕКТІ ӨКІЛДЕР
Дәрістің мақсаты: Германиядағы романтизмнің қалыптасуы мен оның өкілдері туралы мағлұматтар беру.
Тірек сөздер: идеалистік философия, романтикалық эстетика, ирония, Иендік мектеп, Гейдельбергтік мектеп, халықшылдық.
Дәрістің жоспары:
1. Неміс романтизмінің даму шарттары және оның кезеңдері
2. Иендік мектеп өкілдері
3. Гейдельбергтік мектепті қалыптастырушылар
4. Неміс романтизмінің үшінші кезеңінің өкілдері
Германиядағы романтикалық әдебиет ХVIII ғасырдың 90-жылдарының орта шенінен бастап қалыптасып, келесі ғасырдың 30-жылдарына дейін өз ықпалын жүргізді. Романтизм мәдениеттің барлық саласына сыналай еніп, оның өкілдері – Новалис, Людовиг Тик, Вильгелм Вакенродер, Людвиг Арним, Клеманс Брентано, Генрих Клейст, Амадей Гофман, Альберт Шамиссо сынды ақын-жазушылар – тұтастай бір көркемдік мектеп құрап, ұлттың эстетикалық дамуының озық үлгілерін көрсетті.
Ал, осы бағыттағы қыл қалам шеберлері – Каспар Фридрих, Филипп Рунге, Фридрих Овербек т.б. – классицизм мәдениетінің қалыптасқан түрлерін өзгертіп, пейзаж бен символикалық бейнелерді тудыра отырып, түс пен пішіннің, табиғат құбылыстары мен әлемнің, адамгершілік болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін бір-бірімен тығыз байланыста, тұтастықта алып көрсете білді. Ұлы әнгерлер (композиторлар) Моцарт пен Бетховеннің тәжірибесіне сүйенген әнгер-романтиктер – Франц Шуберт, Карл Мария Вебер, Амадей Гофман, Роберт Шуман, Рихард Вагнер дәстүрлі халық әндері мен халық аңыздарының нұсқаларын кеңінен қолданып, әншілік және опералық мәдениетті жоғары деңгейге көтерді.
Романтизм өмірдің, өнердің барлық саласын – философия, тарих, филология ғылымдарын, жаратылыстану, тіпті медицинаны өзіне қаратып, зор ықпалын жүргізді.
Герман әдебиетіндегі романтизмнің қалыптасуына Фихте мен Шеллингтің идеалистік философиясының әсері мол. Фихтенің адам санасының қалыптасуының белсенділігін нығайту жайлы айтқаны, феодалдық қоғамның бұғауындағы жеке тұлғаның бас бостандығына бағышталған үндеу болып қабылданды. Ал, Шеллингтің философиялық толғамы әлемнің іштей бірлігін, тірі организм ретінде елестетті. Француз революциясы Германиядағы романтикалық өнерде алдыңғы шепке бүгінгі күннің елеулі мәселелерін қоймай, тұрмыс қиыншылығына философиялық тұрғыдан қарап, неміс романтизмінің өзгеше қырын айқындап берді.
Әлем әдебиетінің тарихында неміс романтизмін шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші: 1796-1806 жылдар аралығы – романтикалық әдіс және романтикалық эстетиканың қалыптасуымен белгілі. Бұл кезеңдегі әдебиет адамның келелі мәселелерді шешуде өмірдегі орны мен өнердің дүниені қайта құрудағы мәніне баса назар аударған.
Екінші кезең: 1806-1814 жылдарды қамтып, неміс романтиктерінің халықшылдыққа, халық мұраларының қайнар көзіне бет бұруларымен белгілі.
Ал, үшінші кезең – 1814-1830 жылдарды құрап, романтиктер бұл кезеңде өмір шындығына жіті үңіліп, терең мән бере, оның келеңсіз жақтарына сын көзімен қарап, ашып көрсетті.
Неміс романтизмінің бірінші кезеңі. Иендік мектеп. 1796-1797 жылдары Иен қалашығында романтикалық қозғалысты қалыптастырушылардың біршамасы: ағайынды Август Вильгелм және Фридрих Шлегелдер, Людовик Тик, Новалис бас қосып «Атеней» атты журнал шығарады. Бұл журналда олар өздерінің эстетикалық жоспарларын жариялайды. Осыған орай әдебиеттанушылар бұл жазушыларды «иендік мектеп» мүшелері деп атап жүр. Неміс романтизмі осы мектептен бастау алады.
Романтикалық өнердің теориялық құрылымын алғаш қалыптастырғандар – ағайынды Шлегелдер. Олар өнердегі қатып қалған қағидалардан бас тартып, суреткердің толық еркіндігін қалайды. Гердерден соң Шлегелдер өнердің тарихи дамуы туралы ойды құптап, романтизмнен өркендеудің жаңа сатысын көреді.
Иендік романтизмнің талантты теоретиктерінің бірі Фридрих Шлегель: «Романтикалық поэзия – дамушы, жан-жақты поэзия, ол біресе сапырыстырған, біресе поэзиямен прозаны бір-бірімен қауыштырған, данышпан да сыншыл, табиғи поэзия», – деп жазды. Сөйте тұра оның суреткерлік шеберлігі аса жоғары емес еді. Жазылған көркем туындыларының ішінен «Люцинда» (1799) повесін ғана атап айтуға болады. Бұл шығарма романтикалық эстетиканың тұңғыш әліппесіндей болды.
Өзінің атақты берлиндік және веналық дәрістерінде А.В.Шлегель романтикалық өнерге тән шындықты жасаудың ерекшеліктеріне баса назар аударады. Фр.Шлегель француз революциясын «аса зор тенденция» деп атап, одан тек қана қоғамдық төңкерісті ғана емес, жеке бастың бостандығын көре білді.
Фр.Шлегельдің эстетикалық толғамындағы басты идея – романтикалық ирония теориясы. Ол: «Иронияда барлығы орнымен болуы керек. Айтылатын ой шынайы, қарапайым түрдегі ашықтықпен және терең астарлы мысқылмен толық жеткізілуі тиіс», – деп жазды.
Неміс романтизмінің басты өкілдерінің бірі Фридрих фон Герденберг (1772-1801) өзіне Новалис деген лақап ат алған.
Новалис – иендік романтиктердің арасындағы ең көрнекті ақыны, тамаша жазушысы саналады. Гете оны «романтизмнің әміршісі» деп атаған, себебі алғаш соның туындыларынан ғана ерте романтизм өнерінің озық ойларын тани білген. Шынайы өмірге Новалис аса бағалы, асқақ әуенді рухани тіршілікті қарама-қарсы қояды.
Оның 1802 жылы жарық көрген «Генрих фон Офтердинген» атты аяқталмаған романы неміс романтизмінің бағдарламасы іспетті. Бұл туындысын автор қайтыс болғаннан кейін, оның жақын досы Людвиг Тик бастырып шығарады.
Романның басты идеялық-философиялық бағыты суреткердің ішкі жан дүниесінің қалыптасуымен байланысты. Жас Генрихке табиғатынан ақындық рух берілген. Дегенмен ақын жанды басты кейіпкерге әлі де көп талпынып, сан қилы өмір соқпақтарынан өтуі керек. Осы мақсатта автор тарапынан көптеген романтиктерге тән әдіс – жиһанкездік алынады.
Орта ғасырлық өмірден алынып, романтикалық қиялдан туған бұл туындысында автор сол замандағы адамзат пен табиғатты бір-біріне жақындастыра отырып, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастарды әсерлі нақыштармен бейнелеген. Осы орайда ол көгілдір гүлді – романтикалық асқақ арманның символы ретінде алып, оны махаббат пен поэзия жаршысы деп қабылдайды.
Генрих өз қиялындағы өзгеше өмірді іздеп, қауіп-қатері мол алыс сапарға аттанады. Шытырман оқиғаларды бастан кеше отырып, өз жолында әр түрлі адамдарға жолығады. Олар – саудагер, крест жорықшысы, дәруіш, кен қазушы болып келіп, жиһангезге өздерінің кәсіптері жөнінде, бастарынан кешкен шым-шытырық жайттардан сыр шертіп, өмір мектебінен дәріс бергендей әсерде қалдырады.
Романның бірінші бөлімі – «Күтуде», екіншісі – «Орындалу» деп аталады, бұларда Новалис өзіндік қиялымен дүниені әр қырынан қайта құруға талпыныс жасайды. Мұнда табиғаттың, тарихтың және шынайы өмірдің символ мен аллегорияға топтасып, жинақталуын көрсеткен. Ол поэтикалық қиялдың күші арқылы өзінің писсимизімін жеңбекші болады. Сол себепті туындының соңында философиялық құрғақ қиял шындықтан мүлдем алшақ көрінеді. Автор шетсіз-шексіз дүниенің бейнесін елестете отырып, ертегілік әлемге саяхат шегеді. Бұл әлемде жоқшылық, зұлымдық, өлім секілді жайыттар жеңіліс тапса, барлық тіршілік атаулылар бір арнаға түйісе отырып, қиял қанатында шарықтайды.
Кейіннен бұл туындыға: «Генрих фон Офтердинген» романтикалық прозаның тамаша үлгісі. Өмірдің нақты бейнесі- музыкада деп романтиктер атағандай, әйнектен қарағандай, ән арқылы романның өн бойына үңілгендейсің»,-деп зерттеуші-ғалым Н.Я.Берковский баға береді.
Иен романтиктерінің арасындағы ерекше аталатын тұлғалардың бірі – Людвиг Тик (1773-1853). Ол өзінің шығармашылығында көбінесе новелла, драма, ертегілік сюжеттерге баса назар аударған. Людвигтің шығармашылық өрлеуіне иендік мектептің тигізген әсер-ықпалы мол болды.
1797 жылы жарыққа шыққан «Халық ертегілері» («Народные сказки») жинағына Тик прозалық және драмалық ертегілер енгізеді. Оның біразы неміс фольклорынан алынса, біразы өз туындысы болып келеді. Соның ішінде Людвигтің атын әлем жұртшылығына танытқан туындысы «Аққұба Экберт» новелла-ертегісінде оның романтикалық көзқарасының толысуы байқалады. Ол алғашқылардың бірі болып, адамзатқа жат келеңсіз қылықтар – ұрлық, тойымсыздық, қылмыс, мендіктің бет пердесін ашып, оған қарсы тұрар күш тек адамның ар-ұжданы екенін атап айтады.
Романтикалық ирония желісінде жазылған «Кебісті мысық» («Кот в сапогах») комедиялық туындысында Тик өзінің айлакер де тапқыр кейіпкерлерін қиял-ғажайып ертегіге араластыра бейнелеп, шынайы өмірден алшақ қиял әлемімен ұштастыра, оқырман қауымға бір сәтке болсын күлкі сыйлайды.
Тиктің комедиялары романтикалық иронияның классикалық үлгіде жүзеге асуының нақты көрінісі.
Неміс романтикалық әдебиетіне өзіндік өрнегімен келген тағы бір көрнекті тұлға – Фридрих Гельдерлин (1770-1843).
Ақын француз революциясын қуана қарсы алып, өзінің көптеген туындыларын арнады. Романтикалық асқақ сезімдерден құрылған өлеңдерінде автор барша әлемдік кеңістікті қамтуға тырысады («Диотима», «Емендер» («Дубы»). Бұл ақынның өзіндік ерекшелігі еді. Оның жалғыз «Гиперион» атты романы бар.
Сонымен ерте неміс романтизмі лириканың өркендеуіне орасан зор ықпалын тигізіп, оны әр түрлі көркемдік тәсілдермен, жаңа өлең жүйелері арқылы байыта түсті. Мәселен, Гельдерлин неміс поэзиясына табиғи үнді гректік өлшем әкелсе, Новалис – еркін тынысты жаңаша рухтағы толғаныс, Брентано – халықтық дәстүрмен байланысты бөлігін, ал Тик – поэтикалық метафораны романтикалық дүниетанымды бейнелеуші құрал ретінде пайдаланды.
Романтиктердің басым көпшілігі ақын болғаны белгілі. Олардың көбінесе өз шығармашылықтарында баллада мен испандық романс (Гейне, Брентано) немесе шығыстық лирика (Рюккерт, Платен) түрлерін кеңінен қолданды. Ақындар туындыларында романтикалық поэзияның символы – сұлу табиғатқа жан бітіріп, дүниені құлпыртып, адам өмірімен байланыстыра, өзгеше бір айшықты теңеулермен көз алдыңызға елестетеді. Барлық сезім атаулы бір арнада тоғысып, табиғатпен астасып жатады. Осы бағытта Брентаноның “Кешкі серенада” (“Вечерьная серенада”) өлеңін айрықша атауға болады.
Неміс романтикалық әдебиетінің екінші кезеңі. Гейделбергтік мектеп. Неміс романтизмінің екінші кезеңі 1806-1815 жылдар аралығындағы Германиядағы ұлт-азаттық қозғалыспен тұстас келіп, халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына өз ықпалын тигізді.
Наполеон басқыншылары Германия жерінің басым бөлігін жаулап алды. Осы кезеңде Гейдельберг университетінде топтасқан романтиктер, басқыншыларға қарсы халықты ұлт-азаттық күреске үндеуге тырысты. Олар бұған қарсы құрал ретінде халық тағылымына жүгіне отырып, ұлттық рух пен патриотизмді оятарлық, тарихи тақырыптағы туындылар мен поэзиядан нәр алды.
Гейдельберг романтиктерінің басы-қасында: Клеманс Брентано (1778-1842) мен Людвиг Ахим фон Арним (1781-1831) тұрды. Екі дос Германияда елең алған халық туындыларының бай мұраларын жинауды жалғастырып, 1806-1808 жылдар аралығында «Сиқыр мүйізді бала» («Волшебный рог мальчика») атты халық әндерінің жинағын жарыққа шығарды. Кейіннен неміс фольклорының аса құнды ескерткіші ретінде бағаланған бұл жинақ көптеген ақынға рухани серпіліс берді. Қос ақын халық туындыларын өз електерінен өткізе шыңдаса да, жинақтағы өлеңдердің түпкі мән-мағынасын сақтай отырып, қарапайым да барша жұртқа ұғынықты көркем мұра түрінде оқырман қауымға ұсынған.
Бұл кітапқа атақты Гете мен Гейне де жоғары баға беріп, кейбір тақырыбы мен оқиға желісін, тіпті кейіпкерлерін өз шығармаларына арқау еткен. Гете: «Бұл өлеңдер өмірдегі барлық поэзия атаулыдан шынайы және таза поэзия»,-деп атап көрсеткен. Сайып келгенде «Сиқыр мүйізді бала» оқырманға көне неміс лирикасының асыл қазынасын ашып қана қоймай, жаңа поэзияға жаңашыл ырғақ бере білді.
Сондай-ақ Брентаноның «Годви» (1801) атты романынан да иендік мектептің ықпалы сезіліп тұрғанымен, бір жағынан жаңа бағыттағы неміс романтикалық романының үлгісін аңғарамыз. Ол – қоғамдық ортаны бейнелеуде нақты шындыққа мейілінше жақын келуі.
Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауда ағайынды Гримдердің еңбегін айрықша атап өткен жөн. Якоб (1785-1863) және Вильгельм (1786-1859) Гримдер – көрнекті әдебиетші-ғалымдар. Олардың тілдің тарихы, неміс грамматикасы, заң, мифология және тарих жайлы жазған еңбектерінің маңызы өте зор. Дегенмен олардың есімдерін әлем жұртшылығына танытқан, 1812-1822 жылдар аралығында ел аузынан жинап бастырған «Балалар мен үй іші ертегілері» («Детские и домашние сказки») жинағының шоқтығы биік тұр. Үш томнан тұратын бұл еңбек екі жүз ертегінің басын құрайды.
Ағайынды Гримдер ертегілерді бүкіл Германия жерін шарлай жүріп көпшілік аузынан жазып алса да, әр жыраудың мақамын, жырдың өзіндік ерекшеліктерін сақтауға тырысқан. Құрастырушылар бірнеше нұсқаның ішінен ең тәуірін екшелеп алып, оқиғаның бастапқы желісін сақтай отырып, көркемдік өңдеуден өткізгендері байқалады. Ең негізгі, Германияда Наполеон басқыншылығы кезеңінде жарық көрген бұл жинақ халықтың көңіл-күйін, әсіресе патриоттық рухын көтеруге зор ықпалын тигізді.
Гримдердің ертегілері үш топқа бөлінеді. Олар, қиял-ғажайып («Рапунцель», «Үш жыландық жапырақ», «Бұрқасын ханым» т.б.), жануарлар жайлы («Қасқыр мен жеті лақ», «Бремендік музыканттар» т.б.), тұрмыстық («Гензель мен Гретель», «Шаруаның ақылды қызы» т.б.) ертегілер.
Осы ертегілердің көпшілігінде өмірдің келеңсіз жақтарымен күресте жеңіс тұғырынан әр уақыт еңбекқор, тапқыр, төзімді, адал, батыл және мейірімді кейіпкерлер көрінеді. Аңыздардағы халық талғамына сай осы кейіпкерлер қиыншылыққа, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға үнемі қол ұшын беріп, көмекке асығады. Батыл да жанкешті жауынгер, еңбекқор шаруа, қолөнер шебері халық өнегесінің айнасы іспетті. Ағайынды Гриммдердің жинағы көптеген халықтар тіліне аударылып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоймаған, әлем халықтарының сүйіп оқитын туындыларының біріне айналды.
Наполеон басқыншылығы халық санасының оянуына зор септігін тигізіп, оларға қарсы барлық жерде ұлт азаттық көтерілістің толқыны басталды. Әр жерде патриоттық ұйымдар құрылды («Тугендбундтар»). Осы кезеңдегі әдеби ортаның көпшілігі публицистикаға баса назар аударды. Баспасөз беттерінде философ Фихте «Неміс ұлтына» («К немецкой нации») атты атақты сөзі арқылы халықты бостандық үшін күреске шақырады. Патриоттық лирика өркен жайып, әсіресе ақындар Эрнст Мориц Арндт (1769-1860) пен Теодор Кернердің (1791-1813) бостандыққа үндеген өлеңдері көпшілікке танымал болды. Дегенмен, қоғамдық өмірде үлкен өзгерістер бола қойған жоқ. Өйткені, неміс князьдары халық наразылығын өз мақсаттарына пайдаланып, елді ұлтшылдық сарынға салды.
Германиядағы ұлт-азаттық қозғалыс кезеңінің ірі тұлғаларының бірі белгілі прозайк және драматург Генрих Клейст (1777-1811) болып табылады. Оның шығармашылығы неміс романтикалық әдебиетінің үлкен ордасына баланады. Жазушы жас шағынан бастап прус әскери ортасымен тығыз байланыста өсті. Пруссияның Наполеоннан күйреуін Генрих трагедияға балап, өз шығармаларының көпшілігінде сезім тебіренісіне жиі берілген. Осыған орай оның туындылары көбінесе өткір трагедиямен үндесе келеді. Тіпті оның 1806 жылы жарық көрген «Сынған құмыра» («Разбитый кувшин) атты жалғыз комедиясының өзінен трагедияның лебі есіп тұр.
Клейсттің белгілі трагедиялық туындылары – «Шроффен-штейн жанұясы» (1803), «Пентезилея» (1908), «Гейльброндағы Кетхен» (1810), «Гамбургтік ханзада» (1811) т.б. басты кейіпкерлері батыл мінезді, жігерлі болып келіп, соңғы сәтке дейін арпалысса да, ақыр-аяғында трагедиялық күйді бастарынан кешіреді.
Ал, прозалық шығармаларының ішінде «Михаэль Кольхаас» (1810) атты повесі ерекше аталады. Мұнда феодал фон Тронка мен бүкіл мемлекеттік құрылым әділетсіздігінің құрбаны болған ат сатушы Кольхаастың өмір тарихы баяндалады. Туындыда жеке бастың тағдыры халық тағдырымен сабақтаса, феодалдық құрылысқа қарсы шығып, әділдік үшін айқасқа түседі.
Сонымен Клейст өзінің өміршең туындыларында алған беттерінен қайтпайтын, қайсар да әділдік жолында өлімге дейін басын тігетін батыл кейіпкерлерді шебер сомдай отырып, шығармаларын неміс романтикалық әдебиетінің озық үлгілеріне айналдырды.
Неміс романтикалық әдебиетінің үшінші кезеңі. 1814 жылдан кейінгі жылдарды Герман әдебиетіндегі үшінші кезеңге жатқызамаз. Осы уақыттың ірі суреткерлері А.Гофман, А.Шамиссо, Г.Гейнелердің туындылары жаңа дәуірмен үндесіп жатты. Романтизм өкілдері заман шындығына сын көзімен қарап қана қоймай, әлеуметтік қарама-қайшылықтарға қарсы батыл пікірлер айта бастады.