Кейде «тып-тыныш» сөзінің синонимі ретінде осылай да қолдана береміз. «Жұрт құлаққа ұрған танадай жым-жырт болды» (Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов, Тула толқын.).
Қос сөздің алғашқы сыңары «жым» туралы «жым-жылас» мағынасын» талдағанда баяндағанбыз. Ендігі мәселе екінші сыңары —«жырт»-тың тарихы жөнінде. Мұның өзі кейбір қос сөздердегідей мағынасыз дүние емес екендігі басқа бір түркі тіліне назар аударғанда анықталады. Тува тілінде «тыныштық»мағынасында айтылатын «оожум» сөзімен бірге, соған синоним ретінде «ыржым» да қолданылады. Алғашқы «оожум» біздегі «жым»сөзімен тұлғалас екендігі көрініп тұр. Ал екінші «ыржымға» қазақ тілінде сәйкес сөз табу қиын. Алайда ерте кездерде бұл тұлғалас сөздің түркі тілдерінде болғандығына тува тілінде кездесуі куә. Тілде қатар тұрған дыбыстардың орын алмастыру (метатеза) заңдылығы бар. Осыны тілге тиек етсек, тува тіліндегі «ыржым» қазақ тілінде «ыжрым» тұлғасына айнала отырып, соқғы «м» орнына «т» дыбысын қосып алып «ыжырт» тұлғасына дейін жеткен. Одан әрі қос сөз құрағанда өзімен мағыналас «жыммен»тіркесе келіп — «жым-ыжырт» түріне түскен деуге болады. Кейін келе екінші сөздің басындағы «ы» түсіріліп, «жым-жырт» күйінде «тыныш-тыныш» мағынасын иеленген