АМЁБАЛАР (Lobosea)

АМЁБАЛАР (Lobosea) — қарапайымдар типіне жататын тамыраяқтылар класының өкілі. А-дың көпшілігі тұщы суларда, топырақта, теңіздерде және аздаған түрлері паразиттік тіршілік етеді. Денесі бір клеткадан құрылады. Амёба — грек. “өзгергіш” сөзінен шыққан. Себебі олардың денесінде қабықша болмайды. Дене пішіндері тұрақсыз: қалақша, саусақ, жебе тәрізді болып келеді. А-ның дене мөлш. 20 — 700 мкм шамасында. Денесінің кез келген жерінен үнемі өсіп тұратын жалған аяқтары болады. Соның көмегімен қозғалып, қорегін ұстайды. Ұстап алған қорегінің айналасында цитоплазмадан ас қорыту сөлі бөлініп, ас қорыту вакуолясы пайда болады да, онда қорегі қорытылады. Ал қорытылмай, сіңбей қалған қорегі әрбір 5-8 мин. сайын денесіндегі көпіршік тәрізді жиырылғыш вакуоля арқылы сыртқа шығарылады. Барлық денесімен тыныс алады. А-дың, әдетте, бір ядросы болады, денесі екіге бөліну арқылы жыныссыз көбейеді (к. Митоз). А- дың тіршілігіне қолайсыз жағдай туғанда оның денесі жұмырланып, сыртынан тығыз қорғаныс қабықша (циста) пайда болады. Ал қайтадан қолайлы жағдай туғанда циста жойылып, бұрынғысынша тіршілік ете бастайды. А- дың кейбір түрлері омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың организмінде, сондай- ақ адамның тоқ ішегінде паразиттік тіршілік етеді. Бұлардың ішінде ең зияндысы — дизентерия А-ы (Entamoeba histolytica). Ол адамды амёбиаз ауруына шалдықтырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *