13 – 14 ғасырлардағы кешендер
Қазақстанның онан әрі дамуы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының сәулет өнерін өркендетудің жалпы бағыт-бағдарын бейнеледі. Күмбез астындағы құралымдар жетілдірілді, құрылыстардың композ. құрылымын өзгерткен қос қабатты сымбатты барабандар, ғимараттарға әсемдік және архит. өзіндік түр беретін алуан түсті жылтыр кірпіштер, қаптағыш тақталар пайда болды.
15 – 18 ғасырлардағы кешендер
Қазақстанның далалық аймақтарында салынған діни және мемориалдық ескерткіштер 3 негізгі топқа бөлінеді: 1) күмбезді мазарлық; 2) қоршаулар (сағана там, төртқұлақ там); 3) қабір үстіндегі ескерткіштер және қабір үстіндегі ұстындар (сыпа, үштас, бестас, қойтас, құлпытас, т.б.). Мазарлар композициясына қарай: мұнаралы, порталды-күмбезді, орт. білікті; жабу түріне қарай: сфералық немесе барабаны бар яки барабаны жоқ, шатырлы (сопақша), күмбезді болып бөлінеді. 15 – 18 ғ-лардағы мұнаралы құрылыстарға Қызылорда облысының Шахнияз, Қармақшы ата мазарлары, Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы мазарлар, т.б. бірқатар ескерткіштер жатады. Олар тік бұрышты немесе көп қырлы іргетасқа қойылған биік көп қырлы барабан арқылы сопақша немесе ұя тәрізді күмбезбен жабылған. Іші еңселі, 2-қабаты күмбезбен көмкерілген, босаға табалдырығы аласа. Мұндай құрылыстардың шығуы көшпелі баспананың (күйменің) тууына себеп болды. Дөңес жерлерге салынған бұдан ертеректегі мұнаралы құрылыстардың – Қызылорда облысындағы Ақсақ қыз, Сараман-Қосы, Бегім ана (10 – 12 ғ-лар) секілді бірсыпыра ескерткіштер пішіндерінің композициясы мен құрылымы ежелгі қорған құрылыстарынан алынғаны дәлелденді. Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, Домбауыл кешені, Діңгекғимараттарының құрылыс ерекшелігінде қола дәуіріндегі Дың ескерткіштері белгілері айқын көрінеді (8 – 10 ғ-лар). Космол. үлгілер діни құрылыстар архитектурасының ертедегі түрлерінің бірі және әр түрлі этн. бірлестіктердің орт-тары болды. Оңт. облыстардағы күмбезді мазарларды салу ісіндегі құралымдық тәсілдер мен пішіндер композициясы Орта Азия архитектурасы ықпалымен дамыды. Оқша ата мазарын (15 – 16 ғ-лар) салған сәулетшілер тік бұрышты қабырғалардан бұрыштардағы аркалар арқылы бірте-бірте күмбездерге көшу тәсілін қолданды. Жүніс ата мазарын салу үстінде өңделген кірпіштен жасалған күрделі сталактиттер жүйесі пайдаланылды.Орт. білікті күмбезді мазарлар (Айқожа ишан күмбезі, 17 ғ., Қызылорда) кеңінен тарады. Оңт. және шығыс аймақтарда 4 шағын күмбезі бар мазарлар өріс алды. Орт. және Бат. Қазақстанда бұрышты күмбездердің орнына ұшы сүйір шағын мұнаралар немесе үшбұрышты құймалар (төрт құлақ) орнатылды. Күмбездердің пішіндерінде қабат жасау дәстүрі сақталған. Бат. Қазақстан мазарларында мұқият қаланған және беті өңделген қабырғаларға керісінше, өңделмеген әктастардан күмбез тұрғызу әдісі тарады. Бұл архит. дәстүр ертедегі темір дәуіріндегі мемориалдық және діни ескерткіштерден басталған үш қабатты қорған және неғұрлым кейінгі дәуірдегі мұнаралы құрылыстардың пішіндерімен сабақтас. Сатылы қорғандар түрлерінің дәстүрлері қабір үстіндегі құрылыстар архитектурасында Қазақстанның барлық жерінде үштас, бестас, сыпа, сандықша түрінде сақталып қалды. 20 ғ-дың қарсаңында тастан немесе шикі кірпіштен 3 – 5 – 7 қабатты, биікт. 8 м-ге дейін жететін шағын сатылы-үшбұрышты қабір үсті ескерткіштері жасалды (Шығ. Қазақстан)
15 – 18 ғасырлардағы кешендер
Үстіртте, Маңғыстауда, Орал маңында салынған мазарлар Еуразияның көптеген көшпелі халықтарында кең тараған баспана – күймені еске түсіреді. Іргетасы жоқ бұл мазарлардың босағасы берік бекітіледі, олардың ойықтары перделерді немесе шымылдықтарды еске түсіреді. Күмбездерінің ұшы оймышты сүмбі орнатылған цилиндр немесе шар тәрізді болып келеді. Барабандарға күмбездер орнату жиі кездесті. Ішкі безендіруі де баспана-күймемен сабақтастықты байқатады. Бірақ кейбір бөлшектерден сағаналы қорған астындағы құрылыстар (күмбездердің пішіні, тұрмыс заттарының, қару-жарақтың бейнесін салу, жоғ. ойық, т.б.) дәстүрлерінің ықпалы көрінеді. Қазақстан халықтарының көшіп-қону дәстүрінің біраз өзгеруіне байланысты, күймелер бірте-бірте жойылып, оның орнына бұрын халық арасына онша тарамаған, орын ауыстыруға, қайта құруға неғұрлым қолайлы жиналмалы, алмалы-салмалы киіз үй қолданылды (қ. Киіз үй). Дәулетті адамдардың киіз үйлері тікпе немесе жапсырма әшекейлермен өрнектелген ақ киізбен (ақ түс бұрын шарапатты болып есептелді; ру, ауыл, тайпа басының белгісі болды) жабылды. Киіз үй өрнегінің құрылымы, сондай-ақ, оның барлық композициясы белгілі бір жүйеге негізделді (шеңберлі шаңырақ – күн, уықтар – күн сәулесінің тарам-тарам шапағы, аспалы желбаулар немесе бақандар – “өмір ағашы”). Киіз үйдің ортасына ошақ орнатылды. Оның есікке қарама-қарсы түпкі бөлігі – төр (құрметті) деп аталып, есіктің оң жағы әйелдердің орны (мұнда үй жиһаздары – жүк аяқ, абдыра, т.б. қойылды) деп есептелді. Есік (сықырлауық) әшекей, нақыш салынған тақтайлардан жасалды, ал киіз есік ши тоқымасының үстіне жабылды. Верный (қазіргі Алматы қ.) қаласының әкімш.-қоғамдық орт. 19 ғ-дың 80-жылдарының орта шенінде қазіргі 28 гвардияшы-панфиловшылар бағы маңына (бұрынғы қала бағы) салынды. Бақтың айналасында ірі ғимараттар: губернатор үйі, офицерлер үйі, қоғамдық жиналыс ғимараты (қазіргі Қазақконцерттің әкімш. ғимараты), гимназия және архиерей үйлері орналасты. Олардың кейбіреулері (губернатор үйі, 1887 ж. Жер сілкінісі кезінде қираған) орыстың классик. архитектурасы стилімен салынды. Сілкініс қаланың тастан тұрғызылған көптеген құрылыстарын қиратты. Одан бергі кезде шағын үйлер күйдірілген кірпіштен қаланған аласа тұғыр қабатының үстіне ағаштан тұрғызылды. Қаланың ірі ғимараттары ағаштан қиюластырылды. 1911 жылғы күшті жер сілкінісінен қирамай қалған үйлердің бірсыпырасы бүгінгі күнге дейін сақталған. Қазақстанда қалалар санының өсуіне байланысты жұмысшы поселкелері мен сауда-қолөнер орт. да көбейді. Табиғат байлықтарын пайдалану негізінде Қарағандыда, Успенскіде, Жезқазғанда, Риддерде, Зыряновта, Шахта қ. маңында, Доссор, Мақат және басқа мұнай кәсіпшіліктерінде кенттер пайда болды.