АМЕРИЦИЙ (лат.Americium), Аm — актиноидтар тобындағы жасанды жолмен алынған радиоактивті хим.элемент. Рет нөмірі 95, атом. массасы 243,0614.1944 ж. америка ғалымдары Г. Сиборг, Р. Джеймс, Л. Морган және А. Гиросо ядролық реакция нәтижесінде синтездеп тапқан, сол ғалымдардың Отанының атауымен аталған. А. атомдарының массалық саны 237-ден 246-ға дейін өзгеруіне байланысты 12 изотопы бар. Ең тұрақты изотопының (243Аm) жартылай ыдырау кезеңі — 7370 жыл. А. күміс түсті, созылғыш, жұмсақ металл, тығызд. 13,67 г/см3. 850°С-та жұмсарып, 1173°С-та балқиды, валенттілігі ауытқымалы, көбіне 3 валентті болып келеді. Аm+3 лантаноидтарға өте ұқсас. А. газ күйіндегі сутек және оттекпен қуатты әрекеттесіп А. гидридін (АmН3) және А. диоксидін (АmО2) түзеді. А. гидрооксидін [Аm (ОН)3] жоғары темп-рада құрамында галогендер бар қосылыстармен әрекеттестіріп үш галогенді А. алуға болады. Үш фторлы А-ді бром буымен 1150 — 1350°С-та тотықсыздандырғанда металл қалпындағы А. бөлінеді.241А, 243А изотоптарынан кюрий, т.б. ураннан кейінгі элементтер алуға болады. 241Аm және 9Ве изотоптарының қосындысынан ақаутапқының нейтрондық көзін жасайды.