Демокрит (б.д.д. 460-370 ж.ж.)-ежелгі грек материалист-философы, Левкипптің шәкірті, гректердің тұңғыш энциклопедист ойшылы. Демокрит-атомдық көзқарастың негізін салушылардың бірі. Ол дүниенің бастамасы ретінде екі негізді-атом мен бос кеңістікті алға қояды.
Атомдар бос кеңістікте бір жерден екінші жерге ауысып, үздіксіз қозғалып отырады. Осы қозғалыс процесінде олар бір-бірімен қосылып, тұтас материяны құрайды: отты, суды, жерді тудырады. Атомдар-болмыс, ал бос кеңістік-болмыс емес.
Демокрит танымның материалистік теориясын дамыта келіп, адамның санасы-обьективті түрде атомдардың сезім мүшелеріне жасайтын әсерінің нәтижесі деп есептеді. Дүниені танып-білудің екі түрін көрсетеді:
- Сезім арқылы танып-білу,
- Ақылмен танып-білу.
Демокрит біздің сезім мүшелеріміз-көру, есту, иіс сезу, дәм білу, тән сезімдеріміз-заттар мен қозғалыстардың бәрін бірдей қабылдай алмайды, дүниеде шексіз ұсақ нәрселер бар, адам оларды ақыл-ойы арқылы ғана тани алады.
Демокриттің атомдық теориясы көптеген ғасырлар бойы ғылымға жол көрсеткен ілім болды. Оның материялық атомдардың обьективті өмір сүретіндігі туралы жалпы философиялық көзқарасы ғылым мен философияның тарихында орасан зор маңызға ие. Демокриттің көзқарастарын Эпикур мен Лукреций Кар әрі қарай дамытты.