Антикалық пәлсапа

Антикалық пәлсапа алғашқы қауымдық құрылыстың орнына құл иеленушілік құрылыс келген дәуірде өмірге келді.

Ертедегі Грекияның алғашқы философтары стихиялы материалистік бағытты ұстануымен ерекшеленеді. Олар бүкіл дүниені тұтастай алып қарап, әлемнің, дүниенің түп негізін, алғашқы бастамасын табуға тырысты. Антикалық философтарды «физиктер» деп атаған. Себебі, олар философиялық ойларын табиғат құбылыстарымен байланыстыра отырып тұжырымдаған. Мұндай философиялық пікірді философияда «натурфилософия» деп атайды.

Дүние қалай пайда болды, қалай жаратылды, ең бірінші не пайда болды деген сұраққа ерте грек ойшылдары жауап бере отырып, өз пікірлерін алға тартты.

Ертегірек (антикалық) философиясы өзінің даму тарихында үш кезеңнен өтті:

  1. Сократқа дейінгі кезеңдік философия (б.д.д. 7-6 ғ.ғ.). Бұл кезеңде натурфилософиялық көзқарас басым болды. Милет, Элей, Пифагоршылдар, Софистер мектебінің қалыптасуымен қатар атомдық көзқарастың негізі қаланады.
  2. Классикалық кезең (б.д.д. 4ғ.). Платон мен Аристотель философиялық еңбектерімен ерекшеленеді.
  3. Римдік-эллиндік кезең (б.д.д 3ғ. соңы мен б.д. 3ғ. басы). Стоиктер, скептиктер және эпикуршілдік мектептер басымдылық танытқан кезең.
 

Милет мектебіӨңдеу

Милет мектебі — Грекиядағы ең көне материалистік философиялық мектеп. Милет қаласы сауданың, теңізде жүзудің, мәдениеттің ірі орталығы болды, ал бұл жағдайлар Фалес, Анаксимандр және Анаксимен секілді көрнекті милеттіктердің ой-өрісі мен ғылыми ынта-талабының жан-жақты өрістеуіне жағдай жасады. Олар математика, география, астраномия салаларында ғылыми жаңалықтар ашты.

ФалесӨңдеу

Фалес (б.д.д. 624-547ж.ж.) – Милет қаласынан шыққан грек философы және саяси қайраткері. Аңыз бойынша ерте грек жеріндегі жеті данышпанның бірі. Мысыр және Вавилонда математика және астрономия ғылымдарымен танысады. Б.д.д. 585-584 ж.ж. күннің тұтылуын алдын — ала дәл болжаған деген мәлімет бар. Сондай-ақ пирамиданың көлеңкесінің ұзындығы бойынша пирамиданың биіктігін анықтайды.

Фалес бір жылды 365 күнге, 365 күнді 12 айға бөліп, күнтізбенің (календарь) жасаудың алғашқы бастамасын көрсетуші ретінде және стихиялы-материалистік Милет мектебінің негізін қалаушы ретінде танымал.

Ол заттардың алуандылығынан бірегей бастапқы негіз іздеп, оны материалды, нақты зат деп есептеді. Дүниенің, барлық нәрсенің түп негізі, алғашқы бастамысы – су деген пікірді ұстанады. Өйткені бәрі судан пайда болады, бәрі қайтадан суға айналады дейді.

АнаксимандрӨңдеу

Анаксимандр (шамамен б.д.д. 610-546 ж.ж.) – ежелгі гректің материалист – философы, стихиялы диалектик, Фалестің бас шәкірті. Грекиядағы «Табиғат туралы» атты тұңғыш ғылыми шығарманың авторы, бірақ бұл шығарма бізге жеткен жоқ. Анаксимандр дүниенің негізі, бастамасы ретінде – «архе» («негіз») ұғымын енгізді, дүниенің негізі — апейрон (шексіз нәрсе) деп есептеген. Апейронның ыстық пен суықтың қарама-қарсылығы туады; олардың күресі космосты дүниеге әкеледі; ыстық-от ретінде көрініс тапса, суық аспан мен жерге айналады. Анаксимандр материаның сақталу және айналу заңын тұңғыш рет тұжырымдады. Анаксимандрдың космологиялық теориясы бойынша жазық цилиндр формасындағы Жер Ғаламның ортасында тұр. Жер төңірегінде аспанның үш сақинасы: күн, ай және аспан денелері – жұлдыздар айналып жүреді. Тарихта тұңғыш рет эволюция идеясын ұсынды: адам – балықтан пайда болған.

АнаксименӨңдеу

Анаксимен (шамамен б.д.д 588-525 ж.ж.) – ежелгі грек материалист – философы, стихиялы- диалектик, Анаксимандрдың шәкірті.Оның ілімінше, барлық нәрсенің бастамасы материадан – ауадан пайда болған, қайтадан ауаға айналады. Ауа шексіз, мәңгі, қозғалыстағы зат. Қоюланғаннан кейін – бұлтқа, суға, жер мен тастарға, сейіліп – отқа айналады. Мұнда санның сапаға ауысу идеясы көрініс тапқан. Ауа бәрін қамтиды: ол әрі жан, әрі ғаламның сансыз заттардың өмір сүретін ортасы. Анаксимен жұлдыздар – от, бірақ оның жылуын сезінбейміз, өйткені олар өте қашықта орналасқан, күн қатты жанып тұрған алып аспан денесі деп үйретті.

Материализм мен диалектика идеаларын әрі қарай дамытқан Гераклит (шамамен б.д.д 544-483 ж.ж.)- ежелгі грек философ-материалисі, диалектик. Кіші Азиядағы Эфесте туған. Гераклиттің бізге тек үзінділері ғана жеткен «Табиғат туралы» шығармасы сол заманның өзінде атақты еңбектердің бірі болған. Гераклиттің пайымдауынша дүниенің негізі — от, ол әрдайым өзгеруде әрі қозғалыста. Барлық әлем, жекелеген заттар, тіпті адам жаны да оттан жаралған. «Космос баршаға ортақ, оны ешқандай Құдайда, адамда, жасамаған, ол қашаннан болған, қазір де бар, бұдан былайда мәңгі жанып тұратын от, тұтанып және өлеусіреп сөніп бара жатқан оттың өлшемі» Зат атаулының бәрі қажеттілікке орай оттан пайда болады, оны Гераклит «логос» деп атайды. Әлемдік процесс ұдайы қайталанып отырады; «ұлы маусым» біткен соң заттардың бәрі қайтадан отқа айналады. Табиғат тіршілігі-толассыз қозғалыс процесі, барлық нәрселер, олардың қасиет-күйлері өздерінің қарама-қарсы жағына ойысады: суық-ыстыққа, ыстық-суыққа айналады. Бәрі өзгере отырып жаңарады. Соған орай Гераклиттің атақты тұжырымдамасы қалыптасады: «Бір өзенге екі қайтара түсе алмайсың». Гераклит дүниені танып-білуге болатындығына кәміл сенеді, сондықтан адам баласының ақыл-ой қабілетіне бөгет жоқ деп есептеді. Сонымен бірге ол ақиқатты танудың, оған жетудің қиындығын түсініп, табиғат жасырынуды ұнатады деді, данышпан болу үшін көзі ашық, көкірегі ояу болу-жеткіліксіз. табиғаттың сырын ұғу үшін адамның ұлы қасиеті болып табылатын ерекше ойлау қабілеті болуы керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *