“АМЕРИКА КӨМЕК ӘКІМШІЛІГІ” — (АРА – American Relief Administration) — қайырымдылық көмек көрсететін халықаралық ұйым. Алғашқыда Еуропада тұратын тұрмыс жағдайы нашар америкалықтарға көмек беру мақсатымен құрылған. Оны 1919 — 23 ж. Г. Гувер басқарған. 1-дүн. жүз. соғыс басталған кезде (1914) Ұлыбританиядағы АҚШ елшісі У.Х. Пейдж Америка көмек к-тін құруға ниеттеніп, бұл істі Г. Гуверге тапсырған. К-т 120 мың америкалыққа көмек беріп, елге жеткізді. Осыдан кейін Гувер Германия басып алған Бельгия мен Солт. Франциядағы аштыққа ұшырағандарға көмек беру үшін құрылған комиссияның басшысы болып тағайындалды. 4 жыл ішінде комиссия 10 млн. адамға көмек көрсетті. Бұған 1,5 млрд. доллар қаржы жұмсалды. Жеңіске жеткен одақтас мемлекеттердің басшылары 1918 ж. 11 қарашада Г. Гуверді Көмек беру және қайта құру ұйымына басшылыққа тағайындады. Бұл ұйым соғыста зардап шеккен Еуропа елдеріне азық-түлік көмегін көрсету міндетін іске асыруға тиісті болды. Ұйым 1920 жылға дейін 200 млн. адамды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Дүн. жүз. соғыс зардабы көп елге тигендіктен көмек ету шараларының ауқымы кеңейе түсті. Сондықтан Г.Гувер аталған ұйымды “Америка көмек әкімшілігіне” айналдырып, қайта құрды. Әкімш-тің қызметіне конгресс 100 млн. доллар қаржы бөлді. 1921 — 23 ж. әкімш. Еділ бойындағы және Украинадағы аштыққа ұшыраған халыкқа көмек көрсетті. АМЕРИКАЛЫҚТАР- АҚШ-тың қазіргі халқы. Жалпы саны 194,2 млн. адам (1992). Соның ішінде АҚШ-та 193 млн., Канадада 350 мың, Мексикада 135 мың адам. Антропологиялық жағынан әр қилы. Еуропадан қоныс аударушылардан, Африкадан апарылған негрлерден құралған. Тілі — ағылшын тілінің америкалық нұсқасы, солт., оңт., батыс диалектілері мен говорлары бар. Жазуы латын әліпбиіне негізделген. Діні жөнінен протестанттар мен католиктер. 16 ғ-да Еуропа отаршылары Солт. Америкаға жаппай қоныс аудара отырып, тұрғылықты халқы — үндістерді өз мекендерінен ығыстырды, қырып-жойды, олардың орнына апарылған африкалықтар жаңа тіл мен мәдениетті қабылдап, афро-америкалық этно-нәсілдік қауымға айналды. Алғашында Солт. Америкада ағылшын отарларының көп болуы, америкалық этник. қоғамда ағылшын тілі мен мәдениетінің рөлін арттырса, кейін Еуропадан барған басқа халықтардың — немістердің, голландықтардың, француздардың мәдени әсері мол болды. А. ұлт ретінде 1775 — 83 жылдардағы тәуелсіздік соғысынан кейін қалыптаса бастады. 19 ғ-дың басында ел үш экон.-геогр. және мәдени аймаққа: сауда-өнеркәсіптік, фермерлік Солтүстікке, құл иеленушілік Оңтүстікке, қоныс аударушы Батысқа жіктелді. 19 ғ-дың ортасында АҚШ-қа Еуропадан қоныс аударушылар тасқыны үдей түсті. 1846 — 48 ж. Мексика соғысында тартып алынған жерлердегі мексикалықтар (испан-үндіс метистері, испандықтардың ұрпақтары) Америка халқының құрамына енді. 1861 — 65 ж. Америкадағы азамат соғысы А-дың ұлт болып қалыптасуына, мемл-тің нығаюына, құлдардың азат етілуіне жол ашты. 20 ғ-дың 20-жылдарында қоныс аударушыларды нәсілі мен ұлтына қарай шектеп, сұрыптап отыру үшін қатаң көші-қон заңы қабылданды. Этник. тұрақтану мен этностар тоғысы АҚШ-ты көп ұлтты мемл. болудан сақтап, Америка халқын ұлтына, дініне, нәсіліне қарамайтын біртұтас қауымға айналдырды. 1965 ж. АҚШ-та қабылданған жаңа көші-қон заңы нәсілдік шектеуді жойды, оқыған мамандардың келуіне жол ашты, филиппиндіктердің, қытайлардың, корейлердің, т.б. қоныс аударуы күрт өсті. Ана тілдерін ұмытпаған қоныстанушылардың өз тілінде сөйлеуіне шек қойылмады. Туысқандық жүйесі ағылшындық. Америкалықтар тез қоныс аударғыш, батыс, оңт. штаттарда халықтың тығыздығы жоғары. 4 шілде — Тәуелсіздік күні, қарашаның соңғы бейсенбісі Қайырымдылық күні, маусымның 2 жексенбісі — Ана күні кеңінен аталып өтіледі. Ұлттық спорт түрлері: бейсбол, баскетбол, бокс, туризм, регби, хоккей кеңінен дамыған.