Кім тұрар дүниеде тақтан аумай,
Неше хан өтіп кеткен Алатаудай.
Дүниеде неше түрлі ғашық өткен,
Сырты бүтін, іші түтін лаулай алмай.
Ал, Дәуіт, қалам ұста ұшын тежеп,
Көңілге бір фазылды қойма кезеп.
Бұрынғы ноғайлының заманында,
Сөйлейтін бір қиссадан келді кезек.
Он екі ру өзбек деген ел бар екен,
10. Дейтұғын Алтай, Қаңғай жер бар екен.
Қаңғайды сансыз моңғол мекен еткен,
Атақты Моңғол, Шіңгіл бел бар екен.
Шіңгілге мұсылмандар барады екен,
Әр жерден мал қаптатып салады екен.
Моңғолдың хандарына тарту берсе,
Тиісті сар шөп майын1 алады екен.
Қалмақпен жері шендес жүрген жуық,
Хауариж мұсылманнан көңілі суық.
Ел екен Естек деген ел шетінде,
20. Жүретін кейде тату, кейде қуып.
Алтайдың бауырында Сарыөзен,
Сары Ертіс, Қара Ертіс бар айыр кезең.
Бала Ертіс және ағып қосылады,
Үстінен Зайсан көлдің кетер төмен.
Сондай жақсы жерлерді мекен еткен,
Талай ер бұл фәниге келіп кеткен.
Қарабай, Сарыбайдың хикаясынан,
Сөйлейін білгенімді енді шеттен.
Қарабай Қалтай деген елден екен,
30. Қаракөк жеті атасы кеңнен екен.
Сарыбай бағыс деген рудан боп,
Екеуі де дәулетті көрген екен.
Екеуі екі таптан хабарласып,
Далада бірін-бірі көрген екен.
Далада қонды бірге жолдас болып,
Түспейтін атқан оғы мерген екен.
Таңертең саятына қарап тұрса,
Қолтыққа2 буаз марал кірген екен.
Маралды екеуінің де көзі көрді,
40. Ырымдап әрбір түрлі ой жіберді.
– Атуға сескенемін, батыреке,
Қарабай, сен атсаңшы мұны, – деді.
Қарабай жауап берді Сарыбайға:
– Атпасақ бәрекелді болар пайда.
Әйелім менің үйде жүкті еді,
Ырымдап тұрып едім осы жайда.
Екеуі сол маралға кеңлік берген,
Есіркеп залал қылмай қоя берген.
Әйелінің жүктілік себебінен,
50. Маралды әдейі атпай көңіл бөлген.
Екі бай ат үстінде құрды кеңес,
Тұрмаған айтқан сөзде адам емес.
“Құда болсақ жарасар даңқымызға,
Бай едік табымызда құлақ теңдес3.
Екеуі де егерде ұл боп туса,
Дос болсын қияметтік хақын жемес.
Біреуі ұл, біреуі қыз болса егер,
Құда болсақ лайықсыз ешкім демес.
Құдалық ниетімізге жетерміз”, – деп,
60. Бір Құдай, Пайғамбарды қылады елес.
Екі бай осы сөзбен тарқап кетті,
Олжасыз тарқамайды құрған кепті.
Қызылдай құда болып жүргенінде,
Арада бір, екі, үш ай өтіп кетті.
Қатыны Сарыбайдың тауыпты қыз,
Әңгіме, құлақ салып тыңдасаңыз.
Кеңесіп Баян қойды қыздың атын,
Халықтан артық көріп оның затын.
Үлкен қатын бәйбішеден екі ұлы бар,
70. Баянды тапқан екен тоқал қатын.
Қарабай бір күндерде аң қуыпты,
Сейілмен жүрген жерін шаң қылыпты.
Қатыны өзі жоқта ұл туыпты,
Сүйінші сұрағандар даң қылыпты.
Келеді біреу шапан, біреу атқа,
Бере берсе кім келмес ондай затқа.
Қарекең мойны үзіліп өлген екен,
Қуанып ауылына шапқан шақта.
Жасады шілдехана ел өзінен,
80. Көрмеген әке өлімін себебінен.
Ел дулап, етке тойып кетіп жатты,
Қозыдай тілек тілеп көк өрімнен.
Қайғырды ел Қарекеңе, жасымады,
Медеу қып жас Көрпешін асырады.
«Басынып елі-жұртым кетпесін», – деп,
Қайғысын дұшпан көрсе жасырады.
Бәйбіше ие болды қалған малға,
Сүйекке жесірмін деп салмай таңба.
Бермесе қолыменен жұртқа қайыр,
90. Зорлыққа тиын бермес ешбір жанға.
Құдағи барып жүрді құдасына,
Алмайды мал берем деп қарманса да.
Бейшара, жетім-жесір дұшпаның көп,
Өз малым жетіп асар алмасам да.
Сарыекең аяған боп «қорғап» жүрді,
Болар деп заман қалай ойлап жүрді.
Балалар сегіз жасқа келгенінде,
Сарыбай іші ауырып толғап жүрді.
Сарыбай салқын тартты сұмдық ойлап,
100. Қозады бір жаманға көңілі бойлап.
«Өзі жетім балаға қыз бергенше,
Бір күшікке берсемші ала мойнақ.
Жетімге қыз бергенім сүйекке мін,
Алыс кетсек бізді іздеп барады кім».
Көңіліне осылай шайтан кірді,
Ауылына бағыс деген айтып сырын.
“Пәлен деген руда жақсы жер бар,
Солай ауып кетсек”, – деп кеңес құрды.
Сарыбай бастап көшті елден ауып,
110. Көңілін көтермекке қылар сауық.
Өзенге қырат асып қона қалса,
Қыран құсы қашыпты ебін тауып.
Ол жердің атын содан «Қыран» қойды,
Үріккен ел үрей қумай жияр ма ойды.
Оған да байыз таппай көшіп еді,
Зорығып бір бурасы жолда өледі.
Ол жердің атын қойып «Бура асуы»,
Тоқтамай толғатқандай жөнеледі.
Қонады одан өтіп Бақын суға,
Үржардың маңайына жақын суға.
Тегінде ұйғыр тұрған мекен екен,
Моңғолдар атайды оны Қатын су да.
Алдындағы Үржарда көп қалмақ бар,
Елші салып өтпесең нақ салмақ бар.
Сый беріп, сыйласымды жол таппаса,
Басындың деп бас салып найза саптар.
Сарыбай тарту етті қырық қара ат,
Түстері бірыңғайдан өңкей пар ат.
Жіберді елшілікке елу кісі,
130. Мықтылар ел ішінде құйрық-қанат.
Жіберді бастық етіп Сағынбайды,
Ол күнде ондай жігіт табылмайды.
Сағынбай қалмақтарды басшы қылып,
Уаңға4 жөн білгізді үш күн қонып.
«Қазақта ұры-кезеп көп болады», – деп,
Бермеді жақын жерден қоныс бөліп.
Барасың онан көшсең иен бетке,
Жетесің көше берсең елсіз шетке.
Дегенмен Сарыбай көшті Жеменейге,
Күндіз көшсе, қонады түнде кейде.
Сасқаны Сарыбайдың сол емес пе,
Бір шешілмей тозыпты киген жейде.
Жаз болды сол арада көкек туып,
Мамырға аяқтасып келді жуық.
Мал төлдеп, көкке тойып аяқтанды,
Қара қатқақ, қарлатқан кетіп суық.
Сарыбай онан көшіп шеттеп кетті,
Керегесін кең жайып, шаншып уық.
Тынығып бұл Сарыбай жата тұрсын,
150. Дәуіт сөзін ноғайлы жаққа бұрсын.
Еліне саудагерлер келіп жүрді,
Көк ала, қызыл жиек мата сатқан.
Бұлар келген ноғайлы жерлерінен,
Он екі ру қаптаған елдерінен.
Еліне қайтып барған кездерінде,
Сарнайды Баян қызды көргенінен.
Баян қыз сұлу екен мақтағандай,
Қара қасы қағазға қақтағандай.
Сұңқардың форымындай мойыны бар,
160. Көзіне гауһар отын жақтағандай.
Өзі ашылып біреуге сөйлемесе,
Аузынан ешкім ләззат татпағандай.
Баянның айтып тауысқысыз сұлу көркі.
Баянжан кімге тисе өзінде еркі.
Көрген жанның көңілі майдай еріп,
Айығар ішке қатқан беріш дерті.
Мүны естіп Әбдіжаппар қылды талап,
Қара көк ат ерттетіп мінді манап.
Ол өзі ноғайлының бір бегі еді,
170. Әмірімен ноғайлы жүрген тарап.
Сөз салды ол, қызың бер деп Сарыбайға,
Ілігі болмаса да тарыдай да.
“Бермесең, қызыңды егер қалың алып,
Қол жиып шабамын, – деп, – жарым айда”.
Мұны естіген Сарыбай кетті қорқып,
Құтылатын жері жоқ қашып-жортып.
«Баян көнсе, сөйлесіп алса алсын», – деп,
Қояндай қуыстағы жатты қорқып.
Ел бекке тоқтау айтты: – Жөн екен, – деп,
Баянға сөйлескенің оң екен, – деп.
Қыз қосылса әкесі көнгені ғой,
Жас қыз көнер икемге бек екен, – деп.
Бұл сөзге Әбдіжаппар уанады,
Баянға сөйлесем деп қуанады.
Қозыкеден үмітін үзбеген қыз,
Аңғал бекті айламен шырғалайды:
– Есігімде он жыл құл болып жүрсең,
Тиемін, – деп ұзақты туралайды.
Егерде тірі болса ер Қозыке,
Он жыл бойы келер, – деп, – бір хабары.
Сонымен Әбдіжаппар құл болады,
Жылқышы боп, мал бағып жорғалады.
Әбдіжаппар бек аты ұмыт болып,
“Қодар құл” боп атанып қурағаны.
“Баянға қайтсем тәуір көрінем”, – деп,
Отын ап, бие сауып зыр қағады.
Күлгенсіп оған Баян жауап берер,
«Батырым, ер екенсің көңіл бөлер.
Он жылдай сабыр қылсаң уағда бұзбай,
200. Қарағың ғашық болып бір-ақ көнер»…
Қодарды Баян солай алдап өтті,
Арада неше жылдай жалған өтті.
Сарыбай Қодарменен жата тұрсын,
Кейінгі Қозыкеден тыңда кепті.
Қозыке он алтыға келген жасы,
Жал-жая, тәтті тамақ ішкен асы.
Балалық дәурендерін босқа өткізбей,
Таусылды балдырған шақ тамашасы.
Бір күні шешекені5 ойнап жүріп,
210. Өрмегін бір кемпірдің кетті үзіп.
Ол кемпір ашуланды түрегеліп:
– Қашан жалғап тоқимын, – деп, – қайта керіп,
Дерендей боп үзгенше өрмегімді,
Жалғасы: https://kitap.kz/book/1489/read#epubcfi(/6/2[id1]!/4/386/1:0)