Орта жүздегі патшалық реформаларға қарсылық. Саржан Қасымұлы бастаған қозғалыс (1825—1836 жылдары)

 

Емельян Пугачёв

Қазақтардың 1773—1775 жылдары Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы, батыр Сырым Датұлының көтерілісі Қазақстандағы хандық билік жүйесінің әлсірей бастағанын көрсетті. Халық арасында ықпалы кеміген хан патша үкіметінің билеп-төстеу саясатын ойдағыдай іске асыра алмады. Бұл жағдай билеу жүйесінің жаңа тәртібін қажет етті. Патша үкіметі 1822 жылы Орта жүзде «Сібір қазақтары туралы» Жарғы енгізу арқылы хандық билікті жойды.

Біріншіден, бұл патшалық реформа дәстүрлі билік құрылымдарын бұза отырып, қазақ қоғамындағы бұрынғы қайшылықтарды одан әрі тереңдете түссе, екіншіден, Ресейдің әскери-әкімшілік отарлауына кең түрде жол ашып берді.

Орта жүзде хандық жүйенің жойылуы және Қарқаралы (1824 жылы), мен Көкшетау (1824 жылы) округтерінің ашылуы және т.б. әскери-әкімшілік шараларға қарсы күресті Абылайұрпақтары бастады.

Оның басында тұрған Қасым сұлтан Абылайұлыжәне оның балалары ( Саржан, Есенгелді Қасымұлы, Кенесарылар жиырма жылдан астам уақыт бойы патшалық тәртіпке карсы табанды күрес жүргізді. Абылай ұрпақтарының қолдауына сүйене отырып, үкіметке қарсы наразылықты бірінші болып, Көкшетау округінің аға сұлтаны Ғұбайдолла Уәлиұлы ұйымдастырды. Алайда патша үкіметі Ғұбайдолланы тез қолға түсіріп, Сібірге жер аударып жібереді. Дегенмен Шыңғысұрпақтары бастаған қарсылық қозғалыстар одан әрі өрби түсті. Осы кезеңде ( Саржан Қасымұлы басқарған Қарқаралы округінде де 1825 жылдың көктемінен бастап үкіметке қарсы толқулар басталды. Бұл толқулардың мақсаты — Абылай ұрпақтары сұлтандар билік жүргізетін Қазақ хандығын қайта орнату, округтік приказдардыңкөзін құрту еді.

Саржан өзінің інісі Есенгелдімен ауылдарды аралап, өкіметке қарсы күресуге үндеу тастады. Ұлғайған халық наразылығын басуға Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевич жазалау қосынын жасақтады. Карбышев бастаған 200 қазақ жасағы Қарқаралы округінің Қарпық болысына жіберілді. 1825—1826 жылдар жазалаушы күштер мен көтерілісшілер арасындағы қақтығыстармен өтті. Саржанның қол астына Көкшетау округінен Шыңғысұлы Сартай сұлтан бастаған топтар келіп қосылды. Саржанның қол астында сұлтан Абылай Ғаббасұлы, жас сұлтан Кенесары Қасымұлы да өз сарбаздарымен соғыс қимылдарын жүргізді. Патша әкімшілігі болса өз тарапынан бүлікшіл сұлтандардың іс-әрекетін бақылай отырып, мүмкін болған жағдайда қолға түсіріп, әскери соттың құзырына беру керек деп шешті.

Үкімет көтерілісшілерді жазалау үшін олардың ізіне түсетін ірі қазақ жасақтарын қырға шығаруды кейінге қалдырды. 1827—1830 жылдары көтеріліс Ұлытау өңіріне тарады да, жаңа құрылған округ аумағын наразы топтар тастап шықты. Ал патша үкіметі қазақ даласында округтер ашуды жалғастыра берді. 1826 жылы Баянауыл, 1832 жылы Ақмола, 1831 жылы Аягөз(Сергиополь) округтерін негіздеу арқылы Орталық Азия иеліктеріне жақындай түсті.

Ресей отаршылдығына қарсы күресте қазақ қоғамы тағы да өз ішінде өзара қарсы топқа бөлінді. Қарқаралы округінің аға сұлтаны Тұрсын Шыңғысұлы Саржанның әрбір қимылын Омбыәкімшілігіне хабарлап, қарсы көмек жіберуді өтінумен болды. Ал Саржан бастаған көтерілісшілер өз кезегінде отаршыл әкімшілікті қолдаған сұлтандармен күресе жүріп, орыс керуендеріне алым-салық төлетіп, разьезд бен бекеттерге шабуыл жасады. Бұған қосымша Саржан сұлтан және оның жақтастары Қоқан хандығымен байланыс орнатады. Солтүстіктен келе жатқан қауіпке бірігіп күресуге бел шешіп кіріседі. Алайда қырға шыққан патшалық жасақтардың қимылы да қарқынды бола түсті. Патша әскерлерінің қысымымен Саржан Орта жүзді тастап шығып, Ұлы жүз иеліктеріне келеді, осы жақтағы шашыраңқы қазақ күштерін өз жағына тартуды көздейді. Саржанның бұл әрекеті Қоқан билеушісін алаңдатпай коймады.

1836 жылы жазда Ташкентте Саржан сұлтан және оның інілері Ержан, Есенгелділер опасыздықпен өлтірілді.

Саржан көтерілісінің саяси мазмұны бұған дейінгі көтерілістерге қарағанда тереңірек болды. Ол Абылай хан ұрпағы ретінде Қазақ хандығын қайта қалпына келтіруді мақсат тұтты.

Саржан Қасымұлы өлімінен кейін де патша отаршылдығына қарсы күрес бір сәт те толастамады. Саржаннан кейінгі он жылға созылған күресті Саржанның кіші інісі Кенесары одан әрі жалғастырып әкетті. Саржан бастаған Орта жүздегі көтеріліс алдағы келе жатқан жалпыұлттық азаттық қозғалыстың от жалынының тек ұшқыны іспеттес еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *