Қазіргі заманғы ғылымдар жүйесіндегі мәдениеттанудың алатын орны және оның басқа ғылым салаларымен байланысы. Мәдениеттану жеке пән ретінде XIX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады, сондықтан да оны әлі де болса да буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз. Мәдениеттану — мәдениет туралы ғылым, сонымен қатар философиялық ілім, өйткені ол философияныңбасты саласы — мәдениет философиясын қамтиды. Мәдениеттану қоғамда болып жатқан түрлі процестерді (материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік т.б.) барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықгарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-біріне этно-әлеуметтік, саяси-моральдык, ғылыми-көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшелінетін алуан мәдениет түрлерінің өзара байланыстары мен тәуелділіктерін зерттейді.
Мәдениеттану пәні сонымен қатар жергілікті және региональды мәдениеттердің сапалық ерекшеліктерін, олардың өзара байланыстары мен мәдениеттің басқа түрлерімен мирасқорлығын, қарым-қатынасын зерттей отырып, адамзат баласының біртұтас мәдени даму процесінің жалпы заңдылықтарын анықтайды. Демек, мәдениеттану пәні түрлі қоғамдар барысындағы мәдени өмірді жан-жақты қамти отырьш, ондағы басты мәдени процестерге ғылыми тұрғыдан талдау жасайды. Мәдениеттануды тек қана гуманитарлық ғылымдар саласына ғана емес, жалпы теориялық пәндер қатарына да жатқызуға болады. өйткені бұл пән адамзат баласының мәдени өмірдегі толып жатқан құбылыстарын жүйелі түрде қарастырады. Ал мәдени процестердің мәнін ашып көрсетуде түрлі ғылым салаларының өкілдері, атап айтқанда, этнографтардың, әдебиетшілердің, социологтардың, психологтардың, тарихшылардың, демографтардың және т.б. ат салысатынын ескерсек, мәдениеттанумен барлық ғылымдар саласының айналысатындығын айқын аңғаруға болады. Шындығында да, мәдениеттануға осы уақытқа дейін түрлі ғылым салалары, атап айтқанда, антропология, психология, тарих, педагогика зор ықпал етті. Енді осы аталған ғылым салаларының мәдениеттануға қалайша ықпал ететіндігін қарастырып көрейік.
Антропологияның басты бағытының бірі — қоғаммен адамды салыстырмалы тұрғыдан зерттеу. Осы тұрғыдан алып қарағанда, «антропология»мәдениет деген ұғымның мағынасын анықтауда үш жағдайға назар аударады. Олар:
- Қоғам мен адамның мәдени қалыптасуы (ағартушылық);
- Қоғамдық және адамзаттық салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың, қалыптасқан дағдылардың, қоғамдық мекемелердің және т.б. жиынтығы (бірлігі);
- Белгілі бір қалыптасқан мәдени жүйеніңбасқа мәдени құндылықтарға қарсылығы.
Мәдениетке антропологиялық тұрғыдан берілген бұл анықтаманы мәдениеттану саласындағы көптеген сыншылар «жалпылама» деп есептеп, оның эмпирикалық сипатта екендігін баса көрсетеді. Сонымен қатар олар «әлеуметтік антропология» әлеуметтанудың (социологияның) негізгі әдістері мен үлгілерін қабылдап, осы ғылымға мүлде бет бұрып кетті деп пайымдап, ал «мәдени антропология» деп аталатын антропологияның басты саласы — психология мен тарихқа ден қойды деп тұжырым жасайды. Әрине, түрлі пәндерге бағдар жасау өзіміз қарастырып отырған антропология саласында ғана емес, жалпы мәдениетті түрлі мағынада түсіндіруге әкеліп соғары сөзсіз. Осы орайда ерекше атап өтетін бір жәйт, ғасырлар бойғы даму жолынан өткен социология да дәл баяғыдай жаратылыстану ғылымдарына сүйенеді, әлеуметтік ғылымды әлеуметтік философияғақарсы қояды.
Дүние жүзі халықтары мен этникалық топтарының, тайпаларының мәдени және тұрмыстық ерекшеліктерін, олардың шығу тегі мәселелерін, олардың жер жүзіне таралып коныстануы мен мәдени тарихы карымқатынастарын зерттейтін этнография ғылымы адамзат баласының өткен заман мен бүгінгі таңдағы мәдениеттің мол мұрасын игеруге және оны ғылыми тұрғыдан ашып көрсетуде айрықша рөл атқарып отыр. Этнография ғылымы белгілі бір халықтың қай этносқа жататындығына қарамастан, олардың қайсысының болсын материалдық және рухани мәдениет саласындағы жетістіктеріне үлкен құрметпен қарауға үйрете отырып, мәдениеттану ғылымының қалыптасуына өзінің қомақты үлесін қоса білді. Егер антропология мен этнографияадамның биологиялық белгілеріне сүйене отырып, мәдениетпен «жаратылыстану ғылымдары» ретінде үйлесімділік тапса, қоғамды жүйелі түрде қарастыратын әлеуметтану (социология) ғылымының биологиямен байланысы жоқ.
Социология мемлекет, таптар, топтар, сословие және одан да ұсақ қоғамдық топтарды этникалық белгілеріне қарай емес, олардың қоғамда алатын орны мен атқаратын кызметіне қарай зерттейді. Көп уақытқа дейін КСРО-да социология марксизмге жат ғылым ретінде саналып, тарихи материализмге қарама-қарсы қойылды. Шын мәнісінде, социология мәдениеттанушыларға қоғамның әлеуметтік әрекетшілігіне байланысты мәдениеттің материалдық және рухани көріністерін дұрыс түсініп, ой елегінен өткізуге көмектеседі. Пролетарлық мәдениет, ақсүйектік мәдениет, сауықтық мәдениет сияқты мәдениеттану пәнінде кездесетін ұғымдар социологиямен тығыз байланысты.
Мәдениеттану саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарында түрлі әлеуметтік топтарға жататын адамдардың қызметі мен іс-әрекеті заңдылықтарын зерттейтін әлеуметтік социологияның мәліметтерінің алатын орны ерекше, өйткені олардың мәдени іс-әрекет көріністері белгілі бір психологиялық сарынға байланысты болғандықтан, мәдениет саласындағы зерттеу жұмыстарында бұл факторларды ескермеске болмайды. Мысалы: жер мен табиғатқа ерекше сезіммен қарайтын ауыл психологиясының өзіндік ерекшеліктерін білмей және байыбына бармай тұрып, — «шаруа мәдениеті» жайында толық түсінік ала алмаймыз.
Ұлттық мәдениеттің ойдағыдай зерттелуі этникалық немесе ұлттық психологияның мәліметтеріне де тығыз байланысты болып келеді. Нақты тарихи тәжірибе негізінде әрбір нәсілдің, тайпалар мен халықтардың психикалық өмір салтының ерекшеліктерін байқай отырып «этнопсихология« рухтың не белгілі бір ұлттың қайталанбайтын өзіндік қасиеттері жөніндегі Гегельдің, Гумбольдтың және олардың ізбасарларының философиялық қағидаларына барып тіреледі. Ресейде жекелеген халықтардың, олардың ішінде, орыс халқының мәдени-психологиялық сипаттамасын Н.А. Бердяев тамаша . сипаттап берген болатын. Этнопсихологиялық зерттеулер ұлттық мәдениетті жасаушылардың психологиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып, кез келген ұлттық мәдениеттің өзіне ғана тән сипатын ашып көрсетуде қомақты табыстарға жетіп отыр. Мысалы: орыс биінің, аргентин тангосының, негрлер музыкасының терең ұлттық мәнін тамаша рухани дүниелерді өмірге келтірген халықтың ұлттық мінезін ескергенде ғана толық түсінуге мүмкіндік алған болар едік.
Халық туралы және қоғамдық факторларға байланысты оның даму заңдылықтары жайындағы демография ғылымының да мәдениеттануға тікелей қатысы бар. Ұлттық мәдениеттің тоқырауы немесе оның орны толмас ауыр зардаптарға ұшырауы — қоғамдық-саяси жағдайларға және т.б. тікелей байланысты екендігін дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас, өйткені мың өліп, мың тірілген қазақ халқының өткен тарихы сөзімізге нақты дәлел бола алады. «Азшылық» халықтардың немесе тұтастай өркениеттердің құрьш кетуі отаршылдықпен, басып алушылықпен, шектен тыс қанаушылықпен, табиғи апаттармен, эпидемиялармен, маскүнемдікпен, нашақорлықпен және т.б. тығыз байланысты болды.
XX ғасырда мәдениеттану ғылымының дамып, одан әрі қалыптасуына өзіндік үлес қосқан ғылым салаларына сипаттама беруді аяқтай отырып, тағы бір ғылым саласын ерекше атап өтуді жөн көрдік. Ол — белгілер мен таңба жүйесін зерттейтін семиотика ғылымы. Бұл жас, әрі қажетті ғылым саласы аз уақыт шеңберінде мәдениеттану ғылымымен біте қайнасып кетті десек қателеспеген болар едік. Семиотикалық тәсіл лингвистика, әдебиет, кино, театртеориясында, қоғамдық ғылымдарда және басқа да ғылым салаларында кеңінен қолданылуда, онымен тіпті информатика мен кибернетика да тамаша үндестік табуда. Демек, мәдениеттанудың басқа ғылым салаларымен өзара сабақтастықта дамуына және «мәдениет» мәселесімен барлық ғылымдардың айналысатындығына қарап, » мәдениеттану жеке пән ретінде бар ма?» деген ой да туып қалуы ғажап емес. Біздің айтарымыз, мәдениеттану — ғылымның жеке саласы ретінде өзінің алғашқы қадамын жасауда, сондықтан оның болашағы да зор болмақ.
Әрине, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, мәдениеттану ғылымының дамуына көптеген ғылымдар ат салысуда, осыған қарамастан бұл пәннің өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар. Мәдениетке өзіндік баға берушілік сол бір ғылыми ізденістің басты белгісі болса керек, сондықтан да болар мәдениеттану саласында түрлі мектептер қалыптасып, ондағы мәдениеттанушылар «мәдениет» мәселесімен тығыз айналысуда. Кейде мәдениеттану саласында қанша теория болса, соншама мәдениеттанушылар бар деген пікір де айтылып қалады. Шындығында да, теориялар санының көп болуы, мәдениетке де көзқарастардың сан алуан болуымен оның әр тұрғыдан карастырылуына әкеліп соқты. Мысалы : мәдениетті «семиотикалық» тұрғыдан қарастыру бар. Бұл ағымның басты өкілі Ю. Лотман және мәдениетті «әдебиеттік» (С.С, Аверинңев), «тарихи» (Л.Н. Баткин), «методологиялық» (А. Кребер, К. Клахкон), «антропологиялық» (М. Мид) және тағы басқа тұрғыдан пайымдаулар бар. Әрине, олардың «мәдениет» мәселесіне байланысты пікірлерінің, түсініктерінің айырмашылықтары бар екендігі даусыз және оны ешкім жоққа да шығара алмайды, бірақ олар бірін-бірі жақсы түсінеді, мәдениеттануға тікелей байланысты ортақ мәселелер көтереді. Ендеше, бұл пәнді терең зерттеуге құлшынушылық, мәдениетке байланысты түрлі көзқарастар жүйесінің қалыптасуы сөзсіз қуантарлық жағдай, ол гуманитарлық ғылыми пәннің туып келе жатқандығының белгісі деп санауымыз керек. Шындығына келсек, әрбір ғылым салаларының өкілдері мәдениетті өз мамандықтары тұрғысында қарастырады. Бірақ бұл ғылымдар бір-бірімен тығыз байланысты болғандыктан бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Олай болса әдебиетші тек таза әдебиетші болып қалмайды, өйткені ол мәдениеттануды, тарихты, психологияны игергенде ғана нағыз әдебиетші бола алады. Өз кезегінде тарихшы да, психологта, социолог та сол сияқты.
Мәдениеттің әр түрлі тұрғыдан қарастырылуы, мәдениет мәселесіне деген үлкен қызығушылықтан туса керек. Оған дәлел ретіне 1964 жылдары батыс әдебиетінде мәдениетке 257 анықтама берілгендігі жөнінде американ мәдениеттанушылары А. Кребер мен К. Клахконның мәліметтерін келтірсек те жеткілікті сияқты. Ал одан кейін қаншама уақыт өткендігін және дүниедегі болып жатқан мәдени өзгерістерді есепке алсақ, мәдениет ұғымының шеңбері бұрынғыдан да кеңейе түсті. Әрине, әкімшілік-әміршілік жүйе жағдайында мәдениеттану пәні біздің елімізде жүйелі түрде оқытылмады. Гуманитарлық ғылымдар саласында да өзінің нақты орнын таба алмады. Осы орайда көптеген ғалымдар ұлттық мәдениеттің тоқырауын Ұлы Қазан революциясымен де байланыстырады.
Шындығында да, экономикалық және саяси берекесіздіктің басты себебі — мәдениетсіз саясаттың салдары болып саналады. Ендеше тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен Қазақстан Рсспубликасының алдында тұрған басты мақсат — халықтың рухани байлығы — мәдениетті қалпына келтіру, ал мәдени өркендеусіз еліміз өркениетті елдердің қатарына еш уақытта қосыла алмайтыны ақиқат. Бұл мақсатты жүзеге асыруда мәдениеттану пәнінің қосар үлесі қомақты болмақ.
Әрине, мәдениеттану гуманитарлық ғылымдардың ықпалымен дамуда, бірақ соған қарамастан ол жеке пән болып қалыптасу процесін бастан кешіруде. Оған дәлел ретінде қазіргі мәдениеттанудың біртіндеп философияның әкелік қамқорлығынан шығып, өзіндік бағыт алуын айтсақ та жеткілікті сияқты. Мәдениеттанушы, ең бірінші кезекте, мәдени кызметтің нәтижелерімен (мәдени шығармашылықтың нәтижелері, музыка, кескіндеме туындылары және т.б.) санасса да, оның басты мақсаты — тереңде жатыр, дәлірек айтқанда, мәдениеттің рухын игеру болып табылады. Бұл жағдайда мәдениетті игерудің екінші — «коммуникативтік« жағы келіп шығады. Ол білім беру мен тәрбиенің, адамның адамгершілік тұрғыдағы карым-қатынастарының дәрежесіне де байланысты болып келеді. Ең соңында мәдениеттің негізі, оның түйіні мен маңызы туралы мәселе келіп туындайды. Ғалымдар оны тілмен де, рәміздік жүйесін қабылдаған ұлттың психологиялық түрімен, сакрализация тәсілімен де және т.б. байланыстырады. Қалай болғанда да дүниенің тұтастығы, қоғамның интеграциялық негізі және этностың рухани кеңістігі — мәдени дәстүрлердің дамуында ең басты факторлар болып қала береді. Мәдениеттану ғылыми пән дәрежесіне жету мақсатында, сөзсіз мәдениет археологиясына сүйенеді, оның генезисін, өмір сүруі мен дамуының құпияларын ашып, мәдени мұрагерліктің тәсілдерін жетілдіреді. Бұл жұмыс үш дәрежеде жүзеге асырылады:
- Мәдениетті, оны базистік негіздерін сақтау;
- Мәдениетті жаңғырту, мәдениеттің дамуына жаңаша ықпал ету;
- Мәдениетті трансляциялау, немесе мәдениет әлемін халықтың игілігіне айналдыру.
Бұл үш дәреженің арқасында мәдениеттің сандық-салалық (ғылым, техника, өнер, философия, экономика т.б.) саналық сипатын тереңірек ашып көрсетумен қатар, мәдениеттің құрылымын, тұтастығын, даму заңдылықтарын ашып көрсетуге мүмкіндік аламыз.
Осы айтылғандар ғылыми пән ретінде мәдениеттану пәні және оның алдында тұрған міндеттер жайында кейбір қорытындылар жасауға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, мәдениеттану пәнінің басты мәселесі — адамзаттың ерекше өмір сүру тәсілі ретінде мәдениеттің қалыптасып дамуы, оның генезисі болып табылады. Мәдениеттанушылардың бұл орайдағы басты мақсаты — дүниежүзілік және ұлттық деңгейдегі тарихи — мәдени процестерді тарихи шындық тұрғысынан түсіндіріп қана қоймай, оларды болжай әрі басқара білу. Ең бастысы мәдениеттану ғылымы мәдениеттің қайнар бұлағынан сусындай білуі қажет. Адамзат баласы өз шешімін таппаған көптеген мәселелерге белшесінен батуы қазіргі заман мәдениетінің көп жағдайларда өз бастауын ұмыта бастағандығынан да болуы керек. Ендеше адамзаттың мәдени жаңғыруына бұл мәдениеттану пәнінің қосар үлесі де қомақты екендігін ескерсек, өлі де болса буыны бекімеген бұл жас ғылым саласының болашағы да зор болатындығына күмән келтіруге болмас.