Әлішер Науаи – өз дәуірінде екі үлкен әдеби дәстүрді, яғни түркі мен парсы-тәжік көркем сөз жетістіктерін терең игерген, қос тілді – «Зұлсанайын» атанған, шын мәніндегі аса дарынды талант иесі. Оның үстіне ол – ескі өзбек тілінде тұңғыш рет көркем шығарма жазуды бастаушы ғана емес, оны ілгері дамытушы, жаңа биік белеске көтерген жаңашыл ақын бола алды. Өзбек жазба әдебиетінің негізгі қалаушы, өзбек поэзиясының ірі тұлғасы, бастау алатын бал бұлағына айналған кемеңгер ақын.
Әкесі Гиесиддиннен жастай жетім қалған Әлішер Науаи 15 жасында Герат сұлтаны Құсайын Байқара мен бірге болып, белгілі ағартушы, әрі әкім Әбілқасым Бабырдың сарайында қызмет атқара бастайды. Кейінірек 1456 жылы Машхатқа барып, оқуын одан әрі жалғастырып, онда Фирдауси, Низами, Дехлавий, Сағди, Лутфий, Атоий сияқты саңлақ ақындардың шығармаларынан рухани нәр алып, әдебиет табалдырығынан еркін аттай бастайды.
Тіптен, Сағдидің «Гулстан», «Бостан» атты еңбектері мен Фариддин Аттордың «Мантикун Тайр» («Құс сөзі») шығармаларын құмарта оқып, жаттап алады. Әрі, өз дәуіріндегі Сайид Хасан Ардашер, Камал Турбатий сияқты аса талантты ақындар мен жақыннан танысып достасуы, оның көркем әдебиетке деген ынтықтығын арттыра түседі.
Әлішер Науаи 18-19 жасында тәжік халқының аса дарынды ақыны Абдурахман Жәмимен танысып, оны өзіне ұлағатты ұстаз тұтады. Әлішер Науаи өз дәуіріндегі белгілі сөз зергерлерінің шығармаларынан рухани нәр алып, әдебиет әлеміне еркін ене бастайды.
Әрі өзінің сыныптас досы Ғерат шахы Құсайын Байқараның алғаш мөрін сақтаушысы, кейінірек уәзірі лауазымын атқара жүріп, сол кездегі үстем тап иелерінің озбырлық іс-әрекеттерін, зорлық-зомбылықтарын, тәж-таққа таластарын өз көзімен көреді.
Сөйтіп, өз шығармасында әділет пен адамгершілікті, достық пен махаббатты, пәктік пен тазалық сияқты т.б. ұлы гуманистік идеяларды кеңінен жырлай бастайды. Теңдік пен әділдікке, адал еңбекке ерекше мән бере түседі.
Рас, Әлішер Науаи 10-12 жасында-ақ шағын-шағын ғазелдер мен лирикалық шығармалар жазып, халық арасында таныла түседі де, келе-келе кең тынысты, кемел шығармалар жаза бастайды. Әсіресе, жас-балаң ақынның шағын лирикалары, сол кездерде әбден кемеліне келген ірі ақын Лутфиге қатты ұнайды.
Ол әлі қауырсыны қатпаған жас ақынға көмек қолын созып, аса қымбат насихаттар береді. Әлішер Науаидың тұстасы, белгілі тарихшы Хандамирдің берген мәліметіне қарағанда, бір күні Лутфи Әлішер Науаиға: «Жазған өлеңдеріңнен оқып бер» – деп, өтінген көрінеді. Сонда Әлішер Науаи өз өлеңдерінен бірнешеуін оқып бергенде Лутфи оған бұрыла қарап; «Кәне енді, мен өзімнің парсы және түркі тілінде жазған 10-12 мың өлең жолдарымды, осы ғазеліңе бір ауыстырған болар едім» – деп аса жоғары баға берген көрінеді.
Әлішер Науаи 1483 жылдан бастап өзінің әйгілі «Хамсасын» (бестік) жазуға кіріседі. Сол мақсат негізінде ол «Жеті кезбе» («Сабъаи-сайер»), «Ескендір қорғаны» («Саъди Искандари»), «Фарход-Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн» атты бес дастанын жазып, өзінің кемел ақындық арынын күллі жұртшылыққа кеңінен танытады.
Әрі ол халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жайлы да»Гауһарлар тізбегі» («Назм-ул Жавохир») және әулие-әмбиелер, әкімдер туралы «Әмбиелер мен әкімдер тарихи» («Тарихи анбие ва хукамо»), дін, мұсылмандық жөнінде «Мұсылмандық нұры» («Сирож-ул-муслимин») сияқты т.б. ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, әдебиеттану ғылымының дамуына да өз үлесін қосады.
Шоқан Уәлиханов өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаиды Еуропа және Азия ғалымдары арасында бірінші болып, ерекше құрметпен тілге алған болатын. Ол өзінің 1857 жылы Қашғария жайлы жазған очеркінде: «Қара түнекті халықтың жалғыз сәулесі – Әлішер Науаидың шығармалары болды» – десе, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов: «Түркі тілдес халықтардың көпшілігінің әдебиеті мен мәдениетін өсіруде Науаи мол әсер еткен», – деген болатын.
Шындығында да, туысқан өзбек халқының аса данышпан ақыны, ірі мемлекет қайраткері, әрі кемеңгер ғалымы Әлішер Науаи есімі, оның шығармалары қазақ халқы арасына да кең тарағандығы соншалық, ол өз ақынындай қадірленіп, ылғи да қастерлене тілге алынады. Мәселен: қазақ поэзиясының шұғылалы шыңы, данышпан ақын Абай Құнанбаев, Шығыс шайырларын, оның ішінде Әлішер Науаиды да өзіне ұстаз ретінде танып, оның інжу-маржандарынан рухани нәр алған болатын.
Мәселен, Абайдың «Иузи раушан», «Көзі гуһар», «Қор болды жаным», «Көзімнің қарасы», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» деген сияқты т.б. өлеңдеріне назар аударсақ, онда Әлішер Науаидың ғашықтық, адамгершілік, махаббат тақырыбында жазған туындыларымен іштей үндесіп, қабысып, сарындасып жатқан тұстарын сезіну оншалық қиын емес. Әсіресе, оладың Науаидың «Чор девон» атты ғазелдерінде көтерілген ойларымен жымдаса түсетіндігін анық байқауға болады. Мәселен: Абайдың 1858 жылы жазған «Иузи- раушан, көзі гауһар», «Көзімнің қарасы» секілді өлеңдері Әлішер Науаидың «Хозойин-ул-маоний», яғни «Мағаналар қазынасы» атты лирикалық өлеңдерімен сарындаса түсетіндігін аңғару мүмкіндігіне ие боламыз.
Реті келгенде, тағы бір ескерте кетерлік мәселе, Әлішер Науаи шығармаларын сүйіп оқып, оны қазақ халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналдыруда Сыр бойының сүлейлері мен Жетісу, Оңтүстік Қазақстан ақындарының орны айрықша десек, ол ағат айтылғандық емес. Бұл орайда Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Майлы қожа, Мәдалы молда, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кенже қожа, Мұсабек Байзақов сияқты т.б. қазақ халық ақындарының есімін қуанышпен тілге аламыз.
Сондай-ақ, Молда Мұса, Ораз молда, Молла Мәнһиди Майликенти, Мәдәлі молда, Жүсіп қожа, Кенже қожа, Нұралы ақын сияқты т.б. Қаратау өңірі мен Сыр жағалауын мекен еткен ақындарының шығармаларына көңіл көзін қадасақ та, олардан Шығыс шайырларының, оның ішінде ұлы ақын Әлішер Науаи шығармашылығының әсерін байқау оншалық қиын емес.
Не шара? Күні кешеге дейін, яғни 73 «жасап» келмеске кеткен кеңес өкіметі кезінде, ескі парсы — түркі тілінің әсерімен жазылған көптеген қазақ ақындарының шығармаларына мән бермей, көңіл бөлмей оларды қағажу қалдырып келген болатынбыз. Олар «Шайыр» деп қарап, ХХ ғасыр Қазан төңкеріске дейін, күні кешегі тоталитарлық дәуірде, оларды діни ұғыммен байланыстыра назар аударып, оларды бір шетке ығыстырып қойдық.
Х1Х ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде жасаған қазақ ақындарыШығыс шайырлары тамсана жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Тотынама», «Жүсіп-Зылиқа», «Шаһнама», «Рустем дастан», «Ескендір», «Сал-сал», «Зархум», «Тахир-Зұхра» секілді, т.б. дастандарды кеңінен жырлап, қазақ халқының рухани игілігіне, мәдени байлығына айналдырған.
Әсіресе, Фирдауси, Науаи, Низами, Физули шығармаларынан үлгі-өнеге алып, оларды өздеріне ұстаз санап, олардың шығармаларын жаңғырта жырлап отырған.
Сөйтіп, Шығыс шайырлары жырлаған дастандар негізінде өздері де дастандар шығарып, толғаулар жазып, тұңғыш рет қазақ әдебиеті тарихында Шығыс тақырыбын жырлау мәселесіне ден қоя бастайды. Шығыстың жыр дүлдүлдерінің есімін ерекше құрметпен тілге алып, олардың шығармаларынан рухани нәр алғандығын жан-жақты аңғарта түседі.
Майлы қожа Сұлтанқожаұлы өзінің «Толғау» атты өлеңінде:
Өзбектен өткен Науаи,
Тілдің кәусар гүлі еді.
Парсыдан өткен Фердауси,
Заманында дүр еді, –
десе, тағы біройлы да отты өлең жолдарында;
Фердауси өтті дүниеден,
Тілдің кәусар гүлі боп.
Онан кейін Науаиы —
Басқа адаммен тең емес,
Салыстырсаң, кем емес,
Ізі қалды жырының, — деп, ұлы тұлға ӘлішерНауаиның ақындық кемеңгерлігін терең танып, оны өзінің өлең жолдарында қуана тілге алып, ақын талантына бас иіп, тәнті болады.
Оның үстіне, Сыр сүлейлерінің бірі Кенжеқожа Құлмырзаев та өзінің «Ақындар» атты жыр толғауында Шығыс шайырларын ерекше ыстық ілтипатпен тілге ала келіп, Әлішер Науаимен Физули талантына ерекше құрметпен көңіл аударады. Мәселен ол;
Әуелгі шайыр Фердауси,
Артына назым тастаған.
Науаи менен Физули —
Өзгеден озған пешқадам, – деп, олардың ақындық арынын айрықша жоғары бағалайды.
Сөз орайы келгенде тағы бір айта кетерлік жәйт, Әлішер Науаи өзінің ғашықтық, сүйіспеншілік лирикаларында сұлу қыздардың қасын – садаққа, еріндерін – қызғалдаққа, аузын — оймаққа, кірпігін – жайдың оғына, шашын – сүмбілге, жүрегін – қорамсаққа, тісін – дүрге балап, жыр жолдарына қосқан болса, Сыр бойының сүлейлері де, оның ішінде, ақын Шәді төре Жәңгіров те Әлішер Науаи ізімен солай жырлағандығын байқау, оншалық қиын емес. Мәселен ол:
Қасы — жай, шашы — сүмбіл, аузы – ғұнша,
Нәзіктік — түзіктікте, белі — қылша.
Сымдай тән, нәзік бәдан, шірін забан,
Жүзінің зипалдығы — қызыл гүлше, –
дейді де, одан әрі:
Тісі — дүр, аузы — ғұнша, көзі — нәркес,
Жүзі — гүл, шашы — сүмбіл, қиылған қас.
Белі — қыл, лебізі — бұлбұл, мұрны — пісте,
Дүниеде еш адам жоқ бұған ұқсас, –
десе, тағы бір өлең жолдарында:
Қараса ұйықтап жатыр бір сұлу қыз,
Қасы – ай, кірпігі – оқ, шашы – құндыз.
Жүзінен нұры шығып шұғлаланған,
Ай мысал он төртінші яки жұлдыз, – деп, Әлішер Науаи жырлағандай тамаша теңеулермен, образды сөздермен өз өлеңдерін өрнектей түседі.
Оның үстіне Шәді төре Жәңгіров өзбек жазба әдебиетінің негізін салған, тарлан ақын Әлішер Науаидың лирикалық шығармаларынан, ғашықтық жырларынан мол өнеге алып, оны өзіне рухани ұстаз тұтқан десек, ол артық айтқандық бола қоймас деген ойдамыз.
Тіптен, белгілі ақын Әріп Тәңірбергенов та өзінің 1884 жылы жазған өлең жолдарының бірінде;
Інжуден отыз тісі, ерні – лағыл,
Ақ тамақ, алтын иек мойындары, – деп, қыздың көзін гауһарға, тісін – інжуге, ернін – лағылға, кірпігін – жаңа туған айға теңесе, тағы бір өлең жолдарында, бұл ойын одан әрі тереңдете түседі. Мәселен ол;
Қасың – міт, ернің — әмзә, сәкін – көзің,
Үтірдей бармағыңыз, шәрбәт сөзің.
Тәштит пен таһиғаңды таба алмадым,
Таныстай кез келесің қайдан өзің, – деп, аса тамаша терең түйіндеулер жасайды.
Оның үстіне Әріп Тәңірбергенов өзінің 1884 жылы жазған «Зияда – Шаһмұрат» аса көлемді қиссасында Зияда қыздың әсем келбетін, сұлу көркін жан – жақты сипаттай келіп, «Бұраң бел, ерні – ақық, көзі – гауһар» десе, одан әрі қыз сипатын жандандыра түсіп; «Хорлының жаннан асқан аршы төсі, алтын иек, інжу басы» — деп те жыр жолдарына қосады.
Ақынның бұл дастаны 1890-1912 жылдар аралығында Қазан қаласында төрт рет басылып шығады. Сондай-ақ оның «Қисса Қожа Ғафан», «Қисса Таһир», «Қисса Баһром» сияқты дастандарында да, Шығыс ақындарының, оның ішінде Әлішер Науаи шықармаларының игі ықпалын анық аңғару мүмкіндігіне ие боламыз.
1488-1500 жылдар аралығында бір жола ғылыми зерттеу еңбектер мен тарихи шығармалар да жазады. Бұл шығармалары да өзбек әдебиеті мен мәдениетінде ғана емес, әлем әдебиеті деңгейінде ерен орын алатын құнды да құнарлы дүниелер. Өйткені, кемеңгер қаламгердің «Тарихи мулки ажам», («Ажам хандарының тарихы»), «Холоти Сайид Хасан Ардашер», «Рисолаи муаммо», «Сирож — ул — Мусилимин» («Мұсылмандық нұры»), «Мухокаматул — луғатайн» («Екі тілдіґ таласы») «Мезонул — авзон» («Өлең өлшемі»), «Назм — ул — Жавохир» («Гауһарлар тізбегі») секілді т.б. ғылыми зерттеу еңбектері күні бүгінге дейін өзінің ғылыми мәнін жоғалтқан емес.
Міне, бұлардың бәрі ұлы ақынның кемеңгерлік тұлғасын, ұлылық сипаттарын одан әрі биіктете түсетін соны туындылары десек орынды ғой деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, өмірге 1441 жылдың 9 ақпанында келіп, 1501 жылдың 3 қаңтары күні Герат қаласында 60 жасында дүниеден өткен Әлішер Науаи қазақ оқырмандарының да сүйіп оқитын ұлы ақындарының бірі болумен бірге, қазақ ақындарының да одан игі нәр алған ұлы тұлғаларының бірегейі деуге болады.
Өйткені, оны Сыр сүлейлері мен Жетісу өңірінін жыр дүлдүлдері өздерінің ұстазы ретінде танып, оның шығармаларынан рухани нәр алумен бірге. қазақ жазба әдебиетінің үлы тұлғалары да Әлішер Науаиды өздеріне ұлағатты ұстаз ретінде танып, оның шығармаларынан нәр ала түскен.
Шайырдың «Таңдамалы өлеңдер» жинағы тұңғыш рет «Әлішер Науаи» деген атпен 1948 жылы, оның 500 жылдығына орай Алматыда жарық көрген болатын. Онда, ақынның бір жөн ғазелдері мен лирикалық туындылары, кейбір дастандарынан, сондай-ақ «Фархад-Шырын» дастанынан үзінділер жарияланған болса, «Алғы сөзін» Мұхтар Әуезов жазған болатын.
Соңыра, ұлы ақынның «Ескендір қорғаны» атты дастанын 1980 жылы ақын Несіпбек Айтов аудармасында қазақ оқырмандары үлкен сүйіспеншілікпен қуана қарсы алды. 1968 жылы ұлы ақынның 525 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы көлемінде кеңінен атап өтілді. Нәтижеде, газет-журналдарда ақын туралы мақалалар, шығармаларынан үзінділер аударылып, басылып, оның биік тұлғасы, ақындық әлемі жан-жақты ашыла түсіп, ол барынша асқақтай бастады. Тіптен, «Қазақ әдебиеті» газетінің 40 санында арнайы бет беріліп, онда филология ғылымының кандидаттары Әбіхас Тәжімұратовтың «Шығыстың жарық жұлдызы», Көбей Сейдахановтың «Әлішердің «Хамасасы» атты мақалалары мен ғазелдерінен үзінділер аударылып, басылған болатын.
Ақын өлеңдерін қазақ жұртшылығына жеткізуде Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Өтебай Тұрманжанов, Қуандық Шаңғытбаев, Жақан Сыздықов, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиев сияқты ақындардың еңбегі ерекше екендігін айта кеткен жөн деп ойлаймыз.
Кемеңгер ақын жайлы академик Мұхтар Әуезов «Әлішер Науаи», Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Исмаилов «Науаи және қазақ әдебиеті», Рахманқұл Бердібаев «Әлішер Навои», Ысқақ Дүйсенбаев, Сағынғали Сейітов секілді т.б. ғұлама ғалымдардың бір жөн мақалалары мен Өтеген Күмісбаевтің «Шығыс шайырлары» еңбектері де науаитануға қосылған қазақ үлесі деп білеміз.
Қалдыбек СЕЙДАНОВ,
Өзбекстан Республикасы Тұран Ғылымдар
академиясының академигі, профессор