Ленинскийдің сөзі

Абай – қазақ әдебиетіне аударма өнерін алғаш енгізген ақын. Орыстың Пушкин, Лермонтов пен Крылов тағы басқа ақындардың еңбегін тәржіме жасағанда олардың кез-келген өлеңін аудармаған, шертер сыры өз көңілінің күйіне өте жақын үйлесетін және  сонымен қатар, өзінің туған жұртының ұғуына мазмұны соншалықты түсінікті шығармаларды ғана таңдап алған. Сондықтан отыздың ішінен бастап Еуропаның көптеген оқымыстыларының кітаптарын оқып, қырықтан аса бергенде дүние асты, үстіне шығып, өзгеріп: «Күншығысым–күнбатыс, күнбатысым-күншығыс боп өзгеріп кетті», — деген Абайдың батыс әлеміне терезесі теңескен жаңа тынысының ашылуы  жолындағы алғаш ұшырасқаны – Пушкин әлемі еді.

Ұлы Абайға дәуірлік, шежірелік қатпарлы, қыртысты үлгі керек болды. Осы ретте ол «Орыс өмірінің энциклопедиясы» деп бағаланған «Евгений Онегинді» таңдады. Орыстың әдеби ілімінде «басы артық адам» атанған образдар Абайға іштей бауырласты. Үстем қауыммен қақтығысуға дәрмен жоқ, дүниеден торыққан Онегин Пушкинге қандай сырлас болса, Абайға да сондай мұңдас еді. Ол бұл тұста Пушкиннің құр ғана аударушысы болмаған. Абай «Евгений Онегин» сияқты өлеңмен жазылған романға түгел тәржімаламай өзіне таңдамалы, түйінді деген жерлерін ғана таңдап алады. Пушкиннің көлемді шығармасын қазақ ақыны оқушысына ой елегінен өткізіп, өзінше қорытынды жасап, жаңаша түрдегі тың үлгі етіп ұсынбақ болады.

Сөз сыйқырын, сырын, ырғағын, құйылысы мен кестесін сезіп тұшына білген Абай осы «Евгений Онегин» романында Пушкинмен шүйіркелесіп, ішкі терең мазмұнымен ұғысып,  ұйқас үйлесімін тап басады. Ғұлама М.Әуезов осы шығарма туралы ойын былайша түйіндейді: «Ақын бұл шығарманы бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударады: «Онегиннің сипаты», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы («Таңғажайып»), «Онегиннің сөзі» («Хатыңнан жақсы ұғындым»), «Онегиннің хаты» («Хұп білемін сізге жақпас»), «Татьянаның сөзі» («Тәңірі  қосқан»), «Ленинский сөзі» («Барасың қайда-қайда»). Осылайша «Евгений Онегин» романын жеті бөлек тақырыппен берген. Ұлы ақын Пушкин романының ерекше көп жағдайлары  аударылмай, сырт қалады. Абай ол романның ішінен тек Онегин, Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылады. Ақын аудармасының соңында өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл Пушкинде жоқ. Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текістіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар. Жеке алғанда, Онегиннің сипатында, Ленинскийдің сөзінде және Татьянаның «Амал жоқ қайттым білдірмей» деп басталатын хатында, онан соң Онегин айтқан «Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін» дейтін бөлімдерде Пушкинге көп жерлерінде Абай жақын келіп отырады. Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған  теңеулерді де Абай дәл, шебер етіп аударып береді. Бірақ сонда да бұл бөлімдердің өзінде Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, ой сезімдер жиі ұшырайды. Ал, Онегиннің алғашқы хатты алғанда ойланатын жері Абайда «Таңғажайып» деп басталатын үлкен өлеңмен баян етіледі. Онан соң Онегиннің кейін жазатын хаты («Хұп білемін сізге жақпас едің сен») бәрі де Пушкин тексінен алыстап кетіп, мейлінше еркін суреттелген. Бұл тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді. Ең аяғында, жоғарыда айтылғандай, Онегиннің өкінішін үлкен трагедиялық ауыр ойға жеткізіп, оған өлім тілетеді. Бұл Абайдың мүлде өз жанынан қосқан халдер мен өзгерістері дедік. Осылайша Пушкиннің үлкен шығармасына қазақ ақыны Абай бірталай еркіндік жасайды».

Пушкин шығармасы мен Абай шығармасындағы хаттарды салыстырғанда бір байқалатын нәрсе – Абай шығармасындағы Татьяна сөздері басқалау. Абай Пушкинде бар сарынды бұзып әкетпегенмен, Татьяна ойын жаңғыртыңқырап айтқысы келген көрінеді. Хаттың осы жерінде Татьяна айтатын: «в вашей деревне», «вам слово молвить», «до новой встречи» деген сөздер Абай тәржімасында жоқ. Татьянаның айтатын сөздерінің өзі де дағдылы сөздер емес, көтеріңкі, шалқыма сөздерге ұқсайды.

Шыдар ем бір ай жатуға,

Ұзақ түн жұмбай көзімді, —

деген сөздер құлаққа батылырақ естілетін сөздер. Сөйтіп, Абай жазған Татьяна хаты Пушкин жазған Татьяна хатының тек аудармасы ғана емес екені байқалады, екініші жағынан, Пушкин жазған Татьяна хатынан да аудара отырады:

Другой!.. Нет, никому на свете

Не отдала бы сердца я!

То в вышнем суждено совете…

То воля неба: я твоя, — дегенді

 

Абай:

Өзгеге ешбір дүниеден

Еркімен тимес бұл жүрек.

Әзелде тағдыр иеден,

Қожам сенсің, не керек, — деп аударады.

Татьяна мен Онегиннің бақшада кездесіп, Онегиннің Татьянаны жұбатып айтқан сөздеріне Абай жете  көңіл бөледі. Пушкинен бастаған орыс әдебиетіндегі жаңа бағытты, оның даму жолдарын Абай терең білген. Хәкім аудармаларына қарап отырсақ, олар біз қолданатын ұғымдағы «аудармадан» әлдеқайда биік. Ақын өлеңнің ұйқас, ырғағындағы формальдық жақтарын ізденіп қоймай, шығарманың идеясы мен түр тұтастығына жан беріп, қан жүргіртіп тұрған, өлеңнің жеке жолдары былай тұрсын, жеке сөздерінен сезімді шарпитын теңеулерді табады да, оларды қазақша бейнелі түрде суреттейді.

Абайдың Пушкин үлгісін алғандағы бір ерекше белгісі, өз ұлтының көлемінен асып, сыртқы өзге елдер, ғасыр, тарихтар жайынан әңгімелі жырлар жазатын әдет Абайдың дәл өз басында көп болмағанмен, ол да жалғыз қазақ ауқымында қалмай, сол Пушкинше масштаб, өріс іздейді. Пушкин жазған Кавказ, Кырым, Цыган, Испан сияқты жұрттың әңгімелерін  Абай өзі көп жаза қоймаса да, өзінің шәкірті болған ақын жастарға неше алуан әңгімелерді айта отырып, өлең  еткізіп халыққа таратқан.

Рухани табыстың әрқашан басынан табылатын Абай бұл жолы да ұлы дәстүрдің ұланғайыр ізгі жолын ашты. Өзіне жақын жолын қуып іле жалғаған Шәкәрім, Әріп, Әсет сияқты шәкірттеріне жалғас С.Әлімбетов, Қ.Терібаев, О.Шариповтар алдындағы екі буын өкілдері елге  көптеп таратып ел есіне көп сіңдірді. Бір айта кетері: Әсет нұсқасы Қ.Терібаевтің «Онегин мен Татьянаның» әңгімелері нұсқасында кең таралған буын жаңа үрдіске айналды. Ал қазақ аудармасында «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударуда І.Жансүгіров, Қ.Шаңғытбаев аудармаларындағы асыл нысанасы, өнеге нұсқасы да Абай дәстүрі болды.

«Евгений Онегинді» аударудағы Абайдың шығармашылық мінезінен мыналар байқалады: бірінші, Абай аударманың өзін «өнер шашу, наданның көзін қойып, көңілін ашу» мақсатымен жасаған. Сондықтан ол елдің бүгінгі, ертеңгі ұғымына жарасымы жоқ нәрсеге бой ұрмайды, борышын ақтарлық сөзге ғана еңбегін артады; екінші,  жыртық жамағандай қолмен сипап, олақ тігіншідей бұрынғы тігісті қуа бермейді, сөзбе-сөз аударғанда өңі қашатын сөздерді мәні, көркемдігі пара-пар қазақ сөзімен ауыстырып, өлеңнің дәрежесін дәл келтіреді. Үшінші, Абай талғамай аудара бермейді, өз пікірімен сабақтасты ғана алады, пікір алшақ жерде жанынан жалғап, шығарманың сюжетін өзгертуден де тынбайды.

«Сен жаралы жолбарыс ең, Мен еліктің лағы ем, Тірі қалдым өлмей әрең, Қатты батты тырнағың», дейтін осы ұлы ақын кейіпкері Татьяна атты арудың нәп-нәзік үні кезінде қазақ ауылдарын Абай аудармасы арқылы шарлап, талай жүректің шерін қозғағаны анық. Міне, содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті, қаншама ұрпақ ауысты. Алайда Ресейдің атағына сай құдіретті талант иесінің ол құс қауырсынындай жеп-жеңіл һәм нұрдан жаралғандай мөлдір лирикасы әлі де жанымызды әлдилеп келеді. Өйткені, поэзияның шекараға бөлінбейтін қасиеті мен халқының шын асылға деген ерекше мейрімінің арқасында биікке көтеріліп кеткен Пушкин ХХІ ғасыр бедерінде де оқырмандарын адами биікке жетелеп, дара тұр.

Пушкин қазақ оқушыларына Абай арқылы жол ашты, қазақ оқушысы оны жақсы қабыл алды. Абай аударған Татьяна мен Онегиннің хаты сияқты «Евгений Онегиннің» үзінділері қазақ халқына тамаша ұнап, кейін қазақ даласының ең сүйікті өлеңі болып кетті. Қазақ оқушылары Пушкин өлеңдерінің күшін, музыкасын, өмірлік мағынасын, сезімділігін түсінеді. Абайдың аудармасы арқылы орыс халқының ұлы ақынымен жақындығын сезе бастады, өйткені Пушкин жалғыз орыс халқы емес, басқа халықтардың өмірін, тұрмысын, мінездерін сүйіп, жете зерттеп,  олардың ұлттық ерекшеліктерін өзінің мәңгілік образдарымен көрсеткен.

Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ оның романның ішіндегі үлкен ой серік сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру табыла бермес. Абай еңбегі тек әдебиеттік қана еңбек емес, ол зор, кең мағынынадағы ағартушылық, тарихи, қоғамдық еңбек еді.

Ұлы ақынның ұлылығы  – өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін сын көзімен қарап меңгере отырып, орыс халқының мәдениетін өзіне өнегелі мектеп етуінде болатын. Парасаты ерен, өзегі талғанша өз заманы мен келер заман жайлы жыр толғаған Абай мен Пушкин – өлмейтін  тұлғалар. Оларды бір ұлттың ғана жыршысы деуге келмейді. Олар – санасы биік ғаламның өлмес, өнеге болар біртуар тұлғалары.

Абайға баратын жол – ұзақ жол. Ол ешқашан таусылмайды. Заман өзгерген сайын, халықтың сана-сезімінде еркіндік самалы есіп, ақыл-ойы желпінген сайын ұлы ақынның өлмес мұрасы да жаңа бір қырларынан ашылып, жарқырай түспек.

 Нұрсұлу Санақбекқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени

және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің

жетекші ғылыми қызметкері

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *