Амал жоқ,- қайттім білдірмей,
Япырмау, қайтіп айтамын?
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын.
Талайсыз, бақсыз мен сорлы,
Еріксіз аттап ұяттан,
Қорлыққа көндім бұл құрлы,
Байқалар халім бұл хаттан.
Әлімше мен де ұялып,
Білдірмен дедім өлсем де.
Шыдар ем күйіп, мен жанып,
Айында бірер көрсем де.
Болмады көріп калуға,
Есітіп біраз сөзіңді.
Шыдар ем бір ай жатуға,
Ұзақ түн жұмбай кезімді.
Қызықтан қашып бұл жерге
Көңіліңіз суып келіпсіз.
Мәнісін сұрап бірерге,
Тілдесе алмаймын еріксіз.
Келмесең егер сен бізге,
Сау болмас па ем, әлбетте?
Болмасам ашына мен сізге,
Түспес ем мұндай бейнетке.
Асау жүрек қайнамай,
Жуасыр ма еді кезінде?
Елден бір жақсы сайламай,
Бармас па ем ерге өзім де?
Өзгеге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әзелде тағдыр иеден,
Қожам — сенсің, не керек.
Абай