Ойшыл ақын — Абай

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асу­ларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады. Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емес­піз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды.

Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масыл­дықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салын­бай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы ең­бек арқылы шыңдап отыруды құп көре­ді. Сонымен қатар орынды әре­кет­­тің уайым-қайғыны жеңетінін дәлел­­деп, масылдықпен күрестің психо­ло­­гия­лық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоцио­нал­ды интеллектіге де сол тұста назар ау­дар­ды. Мақтан мен масылдық психо­ло­­гия­дан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихат­таған. Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал ең­бегі­мен айналасына үлгі болуы керек. Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезең­де әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміз­дің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет. Абайды өз заманындағы іскерлік­тің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мо­ти­ваторы деуге болады. Ұлы ой­шыл шығармаларында кәсіптен нә­сіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйре­ну дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек ету­дің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақы­рады. Сонымен қатар ақын баста­машыл­дықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қа­ра сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңіл­мей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», деп тұжырым жасайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *