АМАНГЕЛДІ БОКСИТТІ АУДАНЫ — Қостанай обл-ның Амангелді ауд-ндағы боксит кендері бар өңір. Ондағы боксит кендерін геол. түсірім кезінде тұңғыш рет 1932 ж. М.С. Быкова ашты. А. б. а- ның өндірістік мәні бар 5 кені Торғай ойпатының шығыс ернеуінде (Терісаққан мен Қараторғай өзендерінің су айрығында) орналасқан. Олар палеозойлық жыныстардың үгілу қыртысында түзілген. А. б. а-ның кендері мезозой мен палеоген-неогеннің борпылдақ шөгінділерінің табанында жатыр. Кентасты қабаттар саздан, бокситке ұқсас жыныстардан, бокситтерден (қалыңд. 20 м-ге жуық) тұрады. Олар жайпақ синклиналдардың (Арқалық, Ашұт, Терісаққан) бұдыр беттеріндегі эрозиялық- карстық ойықтарды толтырған. Түрлі пішінді кен қабаттарының қалыңд. 1 — 25 м- ден 35 — 47 м-ге дейін жетеді. Негізгі кентасты минералдар гиббсит, каолинит, гематит. Кендердегі алюминий оксидінің (А12О3) мөлш. 41,1 — 50,3%, кремний диоксиді (SіO2) зиянды қоспасының мөлш. 8,22 — 16,2%. Кендерде сапасы жөнінен құнды алюминий кентастары болып саналатын және электркорунд алуға мүмкіндік беретін бокситтің Б5, Б6 маркалары кездеседі. Бұл жоғарғы сортты кентастарды Байер және пісіру әдістерімен, ал төмендеу сорттарын гравитациялау- флотациялау әдісімен байытуға болады. Кендер ашық әдіспен өндірілуге қолайлы. 1962 жылдан жұмыс істейтін мұндағы Торғай боксит кеніштері Павлодар алюминий зауытын шикізатпен қамтамасыз етіп келеді.