АМАНГЕЛДІ АУДАНЫ

       АМАНГЕЛДІ АУДАНЫ — Қостанай обл-ның оңт.-шығысындағы әкімш. аудан. Аум. 37,3 мың км2. Тұрғыны 39,7 мың адам (1997). Алғаш Батпаққара ауд. деген атпен 1928 ж. 17 қаңтарда құрылды. 1936 жылдың 21 қыркүйегінде оған халық батыры Амангелді есімі берілді. А. а-ның жаңа шекарасы 1997 жылдың 17 маусымында бекітілді. Ауданда 20 ауылдық әкімш. округ бар. Орталық — Амангелді а. А. а. Торғай үстіртінің оңт.-шығыс бөлігінде орналасқан. Оның оңт.-шығысын Жыланшықтүрме (абс. биікт. 250 — 300 м) қыраты, Айғыржал (300-350 м) және Қырғыш тауларының солт. сілемдері (500 м) алып жатыр. Батыс жағының едәуір бөлігін “Торғай қолаты” деп аталатын ескі аңғардың шығыс беткейі қамтиды. Оған шығысынан Сарыөзен, Торғай, Жыланшық өз-інің аңғарлары келіп түйіседі. Соған байланысты жер бедері ойлы-қырлы, таулы-ойысты болып келеді. Пайдалы қазбалары: қоңыр көмір, темір кентасы, боксит және құрылыс материалдары. Климаты аса континенттік, қысы суық, жазы ыстық және қуаң. Қаңтардың орташа ауа темп-расы — 16 — 18°С, шілдеде 22-24°С. Жауын-шашынның жылдық мөлш. 150 — 200 мм. Аудан Торғай, Ұлы Жыланшық өз-дерінің бас жағы мен салалары — Сарыөзен, Жалдама және Қараторғайдың орта және төменгі ағыстары алабын қамтиды. Сарыөзеннің салалары — Үлкен Дәмді, Мойылды және Жалдама өз-дері жер суаруға кеңінен пайдаланылады. А. а-нында көл көп. Көпшілігінің суы тұзды. А. а-ның топырағы солт. пен солт.-шығыста қоңыр, оңт. пен оңт.-шығыста ашық қоңыр. Сортаң топырақ та кездеседі. Ауданның Торғай және оның саласы Жалдама өз-деріне дейінгі солт. бөлігін жусан аралас бетегелі, селеулі, жусанды, көкпекті шөп өскен құрғақ дала алып жатыр. Оңтүстігіндегі шөлейт аймақта ақ жусан, көде, еркекшөп, қара жусан, көкпек және бұйырғын өседі. Өзен жағалауында, ойпандарда галофит өсімдіктері аралас бидайықты, өлеңшөпті шалғын өседі. Тұрғындарының орташа тығызд. — 1 км2-ге 1,5 адам. Олардың басым көпшілігі ауылдық жерде тұрады. Мал және егін ш-гамен айналысады. Мал ш. қой, ірі қара, жылқы өсіруге бағытталған. А.ш. жерінің көлемі 3521,4 мың га. Оның ішінде егістік 517,5 мың га, шабындық 103,3 мың га, жайылым 2900,5 мың га (1997). Ауд. жерін Қостанай — Амангелді, Амангелді — Арқалық, Аркалық — Есіл автомоб. жолдары, Арқалық — Есіл т.ж-ның оңт. бөлігі басып өтеді. Аудан орталығы барлық елді мекендермен ауыларалық жолдар арқылы байланысқан. Елді мекендерде учаскелік ауруханалар, машина-трактор жөндеу шеберханалары, Амангелді а-нда Амангелді мұражайы, кәсіптік- тех. уч-ще, т.б. мекемелер бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *