Болжалдық сан есім заттың санын дәл білдірмей, шамамен болжалдап көрсетеді де, қанша? неше? қай шамалы? қаншадан? сияқты сұрақтарға жауап береді.
Болжалдық сан есім бірнеше жолмен жасалды:
1) Есептік сан есімдерге -лаған, (-леген), -даған, (-деген), -таған, (-теген), -лап, (-леп), -дап, (-деп), -тап, (-теп), -дай, (-дей), -тай, (-тей) жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: жүздеген, отыздаған, қырықтаған мыңдап, елулеп, жетпістей, тоқсандай т. б.
2) Есептік сан есімдерге әуелі көптік жалғауы, оның үстіне жатыс септік жалғау жалғану арқылы жасалады. Мысалы: (жасы) елулерде, (сағат) ондарда, бестерде т. б.
3) Есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады. Мысалы: он-он бес, қырық-елу, жетпіс-сексен, қырық-елудей, елу-елу бестерде, жүз-жүздеген т. б.
4) Есептік сан есімдерге шамалы, шақты, қаралы, таман, тарта, жуық, жақын сияқты сөздердің тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: жүз шамалы, мыңга тарта, отызға жақын т. б.