Ұраным Алаш, жүрегім Алаш… Қазақтың сан ғасырлық тарихында бұл ұғымның орасан мәнге ие екені сөзсіз. Исі қазақтың жүрегіне сондай ыстық екені де хақ. Меніңше, осынау ұғымды жүрегімізге ұялатқан, саяси жолдың небір соқпақтарын, тар жол, тайғақ кешулерін көрген, туған халқының азаттығы үшін талай қам жасап, маңдай терін төккен Алаш зиялыларының еңбегінің арқасында. Ұлттық руханиятымыздың дамуына қыруар үлес қосып, сол жолда құрбан болған Алаш азаматтарына тағзым ету — бүгінгі ұрпақ парызы. Осы мақсатта, туған тарихымызды қайта жаңғыртқан «Тар заман» тарихи туындысы көпшілікке ұсынылып отыр. Бұл туындыны көре отырып, көрермен тек тарихымызға ғана ене қоймай, халқымыздың тіл байлығы мен даналығына сүйсінеді. Өз басым, бұл туындыдан тамаша әсер алдым, әрі өзіме ұнаған бірқатар тұстарын түртіп отырдым. Соларды баршаға ұсынбақ ниеттемін.
~ Өзің тірі болсаң да, көкірегің ояу болмаса, ақылға да жігер қылмайсың.
~ Қарыны ашқаннан, рухани аштық тіптен қауіпті.
~ Саясат деген сайқалға сенім бар ма?!
~ Заманың қу түлкі болса, тазы болып шалмасаң, босқа шабынып не бар? Ең керегі алдыңа қойған мақсатыңа жету үшін қарағайға қарсы өсетін бұтақ болу керек.
~ Тұлпарды баптай білмеген — қор қылады деген, қолда барды игілікке жұмсау – мұсылманның парызы.
~ Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден.
~ Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ.
~ Ақындарға шабыт келсе, қиялымен қырға да шығып, құздан да құлай салады.
~ Асау мінез болмаса, алысқа шаппасың.
~ Таласатын, жарысатын ақылды ортаң болмаса,өспейсің, өшесің.
~ Алуан түрлі ағаш болмаса, тоғайда не сән?
~ Бұл өмірде бәрі өзгереді. Өзгермейтін тек көктегі Темірқазық қана.
~ Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды.
~ Бетеге кетсе – бел қалар, Бектер кетсе – ел қалар, Берекең кетсе – нең қалар?
Бұл тек өзіме терең ой салып ұнағандары. Сіздер де фильмді көру барысында өздеріңізге жақынын табады деген сенімдемін. Баршаңызға көруге кеңес беремін. Туған тарихымызды қайта жаңғыртайық.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/26321/