Қазір адамзат медицинаға тәуелді. Әлемді жайлаған алапат індет дәрігерлерді көрінбейтін жаумен күрестің алдыңғы шебіне шығарды. Ақ халаттылар сырқаттарды аман сақтап қалу үшін күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан медицинасының тарихынан сыр шертетін фото-құжаттарды оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Бұл аса құнды дүниелер Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан алынғанын ескертеміз.
Сақманшы әйелдер дәрігердің қабылдауында, Алматы обл., 1950 ж.
Ғасыр бұрынғы қазақ медицинасы демей, «Ғасыр бұрынғы Қазақстан медицинасы» деп тақырып қоюымыздың себебі бар. Өйткені халқымыз ұлт саулығына ықылым заманнан-ақ үлкен мән берген. Сан түрлі ауру-сырқауды емдейтін әдіс-тәсілдер, халықтық емдеу дәстүрі болған. Археологиялық және этнографиялық деректер (Павлодар-Ертіс өңіріндегі Қараоба обасынан табылған әйелдің, Батыс Қазақстандағы Сайқын станциясы маңынан табылған ер адамның, Тараз қаласы төңірегінен табылған жауынгердің бассүйектері, Орталық Қазақстандағы Қарабие мекенінен табылған адамның қаңқасы) Қазақстанда өмір сүрген емші-дәрігерлер емдеу ісімен, әсіресе, хирургилық әдістермен ертеден-ақ таныс болғандығын көрсетеді.
«Жедел» медициналық көмек. Революцияға дейінгі Қазақстан
Мәселен 1388–1478 жылдары өмір сүрген қазақтың әйгілі шипагер ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы шешектің вакцинасын Еуропадан бұрын ойлап тапқан еді. Ал біз оқырмаған ұсынып мына суреттер ревалюциядан бергі кезеңдерді бейнелеген. Дегенмен соның өзінде кейбір фото-құжаттардың таспаға түскеніне 100 жылға жуықтап қалған. Өркениеттің дамуымен медицина саласы да көптеген өзгерістерді бастан кешті. Емдеу ісіне көптеген жаңалықтар енді. Алайда тарихи суреттер өткен заманның көрінісін көз алдыңа қайта тосуымен құнды.
Жылжымалы дәріхана пункті. Алматы қ-сы, 1954 ж.
Біз мұрағаттан теріп алып, топтастырған бұл құжаттарға ортақ бір белгі – көпшілігі ауыл еңбеккерлерінің өмірінен сыр шертеді. Ілгеріде мал шаруашылығымен шұғылданатын колхоз-совхоздарда осындай медициналық пункттер ірі жүк көлігінде орналасатын. Кемшілігі – сырқат адамды алып жүруге жайсыздау болғанымен, артықшылығы – таулы аймақтарда тоқтаусыз жүре беретін.
Шопандарды медициналық тексеруден өткізу. Алматы обл., 1965 ж.
Жайлаудағы қойшыларды профилактикалық тексерістен өткізу. Алматы обл., 1982 ж
«Қаражар» колхозы санитарлық бекетінің меңгерушісі Баякенова алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Ақтөбе обл., 1939 ж.
Шиелі аудандық ауруханасының дәрігері Х. Сыпатаев малшыларға дәрі қобдишасын дұрыс пайдалану туралы түсіндіруде.
Үкіметтің тапсырмасын орындау үшін жұдырықша жұмылған еңбеккерлерді әсіресе, науқан кездерінде осындай дәрігерлік тексеруден өткізгенге ұқсайды. Әрине, сапа тұрғысынан алғанда, бүгінгі медицинадан көш кейін, бірақ тарихи маңызыдылын ескерсек, бұл өте құнды құжаттар.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/layfstayl/Zdorove/62841/