«Алтын домбыра»

Әзидолла Есқалиев – Қазақстан Республикасының халық артисі, Бүкілодақтық және Дүниежүзілік фестивальдердің лауреаты, күйші, сазгер. Әйгілі академик, қазақ кәсіби музыкасының негізін салушы Ахмет Жұбановтан тәлім-тәрбие алып, күй анасы Динаны көріп, орындаушылық шеберлігін шыңдаған. Еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына ұшан-теңіз үлес қосқан өнерпаз 50 жылдан астам уақыт бойы қажырлы еңбегімен, тарлан талантымен, өрелі өнерімен халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ә.Есқалиев 1958 жылы консерватория­ны бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияда, «Қазақконцерт» бірлестігінде, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде табысты еңбек етті. Көптеген шет мемлекеттерде болып, қазақтың күй өнерінің құдіретін көрсетті, еліміздің мерейін үстем етті.
«Алтын домбыра» күй байқауы 2009 жылдан бері ­облыс әкімдігінің бастамасымен өткізіліп келеді. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырып отырған бұл байқаудың мақсаты – ұлт өнерін, мәдени мұрасын насихаттау, оны дамытуда ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету. Осы бағытта әйгілі күйшінің орындаушылық шеберлігін, оның ішінде батыстың төкпе күйлерін жеткізудегі ерекшелігін өнерсүйер жұртшылыққа, өскелең ұрпаққа дәріптеу көзделеді. Айта кетерлігі, байқауға мемлекеттік ресми атағы жоқ және республикалық байқауларда бірінші орын алғандардан басқа, 16 жастан жоғары музыкалық арнайы оқу орындарының студенттері мен оқушылары, кәсіби музыканттар және талантты орындаушылар қатыса алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *