ЖУРНАЛИСТ ӨНЕГЕСІ

Мойынқұм ауданы облыс орталығынан шалғайдағы, елі бай, жері дарқан аудан. Жамбыл облысының 42 пайызын алып жатқан (облыста 10 аудан бар) аудан халқы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысса, кейінгі жылдары өндірістік өлкеге айналып барады. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, қойнауы қазынаға толы кең байтақ жер мойынқұмдықтарға құдайдың берген сыйы. Ақбақайдың алтыны, Мыңарал мен Хантаудың цементі, Мирныйдың көмірі, Шығанақтың бариті, Балқаш­тың балығы мен Қияқтының граниті сөзімізге дәлел болғандай. Міне, өлшеусіз байлық деген осы емес пе?

Бар болғаны 80 жылдық тарихы бар бұл аудан кешегі Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының алғаш туын тіккен, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кіндік қаны тамған, белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов «Мойынқұмда ­ауылым» деп әнін арнаған, махаббаттың символына айналған «Құралай» сұлудың кесенесі тұрған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан ­Жазылбек Қуаныш­баевтың, «Желтоқсан» оқиғасының құрбаны, қазақтың қайсар ұлы, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің елі екенін әрқашан мақтан етеміз.
Міне, осындай жерде еңбек ету біз үшін үлкен мақтаныш. Өз әңгімемде осы өлкеде 36 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан журналист досым туралы айтпақпын.
Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы Сүндетулла Әбіловпен менің таныстығым 1984 жылы басталған. Ол сол жылы аудандық ­газетке жас маман ретінде келген еді. Осы жылы ауданымыздың көрікті жері «Тұлпарсаз» жайлауында даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы Қазақша күрестен республикалық турнир өткелі жатқанда аудандық спорт комитетінің төрағасы Насыр Берсебаев мені Сүндетулламен таныстырды. Ол жас журналист қана емес, спортты жанындай жақсы көретін, кезінде өзі күрескен палуан, волейбол, футболды жақсы ойнайтын спортшы екенін кейінірек білдім. Өнерден де құралақан емес екен.
Бұл кезде ауданда журналист ­тапшы болатын. Облыс орталығынан шалғайдағы, табиғаты қатал біздің ауданға жас маман қызыға да қоймайтын. Редакциядағы 8 қызметкердің біреуі ғана жоғары білімді кәсіби маман еді. Сондықтан жұмысқа келген кәсіби ­маманды жақсы қарсы алды. Ал ол алғашқы күннен өзін жазып-сызуға төселген журналист екенін көрсете біліп, ұжыммен біте-қайнаса еңбек жолын ­бастап кетті. Тура осы жылдары әке-шешесі Абылаш пен Әбдишаның өмірден өтуі де Сүндетулланың сағын ­сындырмады. Қайта ол қайраттана түсті. Осы тұста басылым басшысы Серік Әлімбетовтің өзіне қолдау білдіріп, көмек қолын созып отырғанын да ол әркез айтып жүреді.
Біз көбіне адамдарды лауазымы, қызметіне, қалта-қарымына қарап бағалаймыз. Ал бұл адамның бүкіл болмысын танытпайды. Керісінше, онымен өмірде, қызметте қатар жүріп, оның бойындағы адамгершілік, кісілік, іскерлік, сыйластығын көріп, еңбек ­жолына баға бергеніміз дұрыс. Міне, осындай жақсы мінез мен сөз етіп отырған, оны ұзақ жылдардан бері жақсы танып, араласып келе жатқан досымның бойынан табылады. Екеумізді таныстырған да, табыстырған да – спорт. Аудан ғана емес, ауылдарда да өтіп жататын спорттық іс-шаралардан табылып жүрдік. Оны газет бетінде халыққа жеткізуді де ұмытпадық. С.Әбілов бокс өнерінде 1990 ­жылдары жарқырап шыққан мойынқұмдық Бақыт Алпысбаевқа қолдау көрсетіп, аудан ғана емес, облыс, республикалық басылымдарға жазып, халыққа ­танытты. Өзі бас болып, жыл сайын өтетін аудандық «Коммунизм таңы» газетінің (ол кезде солай аталатын) жүлдесі үшін волейболдан турнир ұйымдастырып, ауданда волейболдың жандануына үлес қосты. Мойынқұмдық Пернебай, ­Боташ, Әзизхан, Бақтыбай, Сәрсен, Марат, қарабөгеттік Кенжетай, Тоба, ­Барбол, Меделхан, айдарлылық ағайынды Мәлібек, Дәлібек Бөкеновтер сол кездері волейболдың қыр-сырын жетік меңгеріп, жарқырап шыққан спортшылар еді.
Сүндетулла екеуміз араға бірнеше жыл салып, білім саласында қайта бас қостық. О.Жандосов, Қ.Рысқұлбеков, ал ол М.Әуезов, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерде лауазымды қызметтер атқарды. Ол Ұланбелдегі мектепте қызмет ете жүріп, іскер маман екенін көрсетті. Нарықтың қыспағында отырып, мектептерді жөндеуден өткізді, білім сапасын көтерді, оқушыларға дұрыс тәрбие берді.
2009 жылы Сүндетулла досым екеуміздің басымыз Nur Otan ­партиясы аудандық филиалында қайта қауышты. Ол осы жерде Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ал мен партияның Бірлік ауылдық ­бастауыш ұйымының төрағасы қызметін атқардым. Екеуміз де ұстазымыз, білім, мәдениет саласының ардагері Мақсат Сейдалиевтің басшылығымен партия жұмысының жандануына айтарлықтай үлес қостық. Ол бұл қызметті әлі күнге қоғамдық негізде атқаруда.
Бірде С.Әбілов еңбек демалысында жүргенде партияның аудандық ­филиалында Саяси кеңестің отырысы өтті. Онда филиал төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Сейдалиев сөз алып, былай деді:
– Сүндетулла Әбіловті бәріңіз жақсы білесіздер. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ­Саяси кеңестің бюро мүшесі. Аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді. Жақында аудан туралы «Алтын аймақ» деген түрлі-түсті кітап шықты. Бұл тарихи кітаптың иесі басқа азамат болғанымен, оны, негізінен, Сүндетулла әріптесіміз жазды. Кітаптан аудан туралы кез келген тарихи құнды мағлұматтарды алуға болады. Басқа еңбегі былай тұрсын, тура осы кітапты жазғаны үшін Сүндетулла Абылашұлын ауданның Құрметті азаматына ұсынамын…
Ұсынысты қолдаушылар көп болды. Кітап демекші, Сүндетулла досым 2017 жылы өзінің өмір жолы, жора-жолдас­тары, аудан туралы «Мойынқұмның ыстығы мен суығы», ал 2018 жылы ­ауданда басшылық қызметтер атқарған Жиенқұл Кемелқұлов туралы «Ғибратты ғұмыр» атты кітаптарын жазды.
Сүндетулла Абылашұлы «Шу» ­совхозында партия комитетінің ­хатшысы, совхоз директорының орынбасары, Ұланбел ауылдық кеңесінің төрағасы, ауыл әкімі, екі ­мектепте ­директор қызметтерін ­абыройлы атқарып, араға 18 жыл салып, өзі ұнатқан журналистика ­саласына қайта оралды. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі болып жүрген оған аудан әкімі Мәден Мұсаев 2009 жылдың жазында сенім білдіріп, аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне бас редактор етіп тағайындады. Аудан ­басшысы қателеспеген екен. Себебі ол газет тізгінін ұстаған бетте газетке жаңа леп әкелді. Алдымен алақандай газеттің көлемін үлкейтіп, мақалаларын ­байытты. Бүгінде түрлі-түсті бояумен басылатын басылымды іздеп жүріп оқитындар көп.
С.Әбілов өңірлік журналистерді тәрбиелеп шығарған ұстаз-маман. Оның шәкірттері Қуаныш ­Иембердиев облыстық «Ақ жол» газетінің бас ­редакторына дейін өссе, Әрсен Саттаров пен Айжан Сыздықова республикалық басылымдарда абыройлы қызмет етіп жүр. Оның білім саласында да шәкірті аз емес. Олардың алды бүгінде мектеп басқарып отырғанын айтуға болады.
Сүндетулла досымның курстас ­достарын да жақсы білемін. Олардың арасында өмірден ерте өткен мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс ­депутаты, экс-министр Дархан Мыңбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналис­тика факультетінің деканы, ғалым Сағатбек Медеубеков, республикалық, облыстық, аудандық басылымдардың бас редакторлары да бар.
Ол 2003-2016 жылдар аралы­ғындағы ІІІ-V шақырылымдағы аудан­дық мәслихаттың депутаты болып, сайлау­шылар аманатына адал болды. Nur Otan партиясы аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде де өзекті мәселелерді орынды көтеріп отырады.
Досым Сүндетулла еңбек жолының 18 жылын баспасөзге, 13 жылын білім саласына, 5 жылын партия, әкімшілік жүйесіне арнап, енді, міне, зейнетке абыроймен шығып отыр. Оның өмірі, атқарған қызметі бүгінгі жастарға үлгі.

Е

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *