Қазақ халқы қайырымдылық жасаудан жалықпаған халық. Ата-бабамыз жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпай, өз жұртына өзі ие болған ел. Бұған дейін талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, азаматы елін бастап, әйел заты ерін жақтап осы күнге жеткен. Ал бүгінгідей ел басына күн туған шақта, «мен не істей аламын» деп қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек беруге ынталанған жандар қаншама. Мәселен, бүгінгідей сын кезеңде жанашырлық танытып, көпке көмегін көрсетуге асыққан жандардың бірі – Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Мағауия Тұрысбеков 5 жасанды тыныс алу аппаратын алдыруға Түркия еліне тапысырыс берді. Жақын күндері оттегі концетраторы аудандық орталық ауруханаға жеткізіліп, науқастардың ем алуына қызмет көрсетеді. Кәсіпкер бұған дейін өз қаржысына аудандық Ардагерлер үйін, «Нұр Отан» партиясының ғимаратын салған болатын. Төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында жағдайы төмен 200 отбасыға азық- түлік таратты. Біз бүгін осындай жақсылық жасауда жарысып жүрген қайырымды жандар туралы сөз етпекпіз.
Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шолақай ауылының тұрғыны Мейрамгүл Мұқаева бүгінде 15 бие байлап отыр. Бес баланың анасы отбасымен саумал, қымыз дайындап, сатумен айналысады. Еліміздегі пандемия кезінде сауыншы апаның есік алдынан адам қарасы үзілмеген. Себебі жаңа сауылған саумал көп дертке шипа екені жұртқа мәлім.
«Менің осы жерде бие байлағаныма 30 жыл болады. Ол уақытта бұл жерде қымыздың исі де жоқ еді. Оқуым да, жұмысым да осы кәсіп. Өзім бала жасымнан бие байладым. Одан кейін жанымыздағы Қытай базары ашылды. Қымызымды сол базарда да саттым. Осы уақыт аралығында асқазан, қан азаю, қант диабеті және т.б. көптеген аурулармен қатты ауырып келген адамдардың қымыз, саумал ішіп жақсы болып кеткенін өз көзіммен көрдім. Өзімнің шөберем де бронхит-асмамен дүниеге келіп, жағдайы өте ауыр болды. Екі айлығында қолыма алдырып, төрт жасқа дейін саумалмен бақтым. Қазір Құдайға шүкір, мектепте 4 сыныпта оқып жүр» дейді Мейрамгүл апа.
Еліміздегі пандемия кезінде де сауыншының есігінің алды адамнан босамаған. Бәрі де саумал ішіп, денсаулықтарын жақсартып, иммунитеттерін көтеруді ойлап келеді екен. Осындай адам қарасының көбеюі Мейрамгүл апаға жақсы ой салған.
«Еліміздегі жағдайға байланысты адамның саулығы үшін саумал ішу керек дейді. Сондықтан шығар, сұраныс бірден артып, келушілердің де саны көбейді. Аяғына әзер тұрып келген адамдар да саумалдан жақсы болғанын көрдім. Қымызханама кісі көп келіп жатқан соң, неге саумалды ауруханаға апарып, сауапты іс жасамасқа деген ой келді. Балаларым мен немерелерім де қуана қолдады. Осылайша аудандық ауруханаға күніне 10-15 литр саумал апара бастадық. Бұл менің асып-тасығанымнан емес, елімнің басына күн туып, ауылдастарым ауырып жатқанда қол ұшын бергім келді. Қолымнан келер жақсылық осы ғана екен, тәуекел дедім» дейді.
Мейрамгүл Мұқаеваның бұл ісін Алматы облысындағы Панфилов аудандық аурухананың басшылығы мен қызметкерлері өте жылы қабылдаған. Әр келгенінде алғысын жаудырып, бие сүтін қуана қабылдайды. Өйткені дәл қазір мұндай көмек, мұндай жылы қамқорлық медицина қызметкерлері мен ауырып жатқан жандардың барлығына қажет-ақ. Бір жылы сөз, бір жылы қарым-қатынас талай жүректі жібітері сөзсіз.
ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАСЫҒАН ЖҮРГІЗУШІ
Алматылық таксист Сағи Талғатұлының жасы небәрі жиырмада. Колледждің соңғы курсында оқиды. Оқу ақысы мен киім-кешегін алматылықтарды діттеген жеріне тасу арқылы табады. Көлігін 18 жасқа толғанда нағашылары сыйлаған екен. Тегін келген көлік қой деп, қалай болса солай жүргізбей, тек жақсылыққа мінгісі келеді. Биыл оқуды онлайн оқып, елдегі ауыр жағдайды бірге бастан өткергенде Сағи өзіне «Мен не істей аламын?» деген сұрақ қойыпты.
«Бұл сұрақтың жауабын тез-ақ таптым. Қазір дәрі-дәрмек іздеп сандалған жұрт көп. Елдің бәрінде көлік жоқ. Көлігі барлар шыр айналып жүріп табар, ал көлігі жоқтар ше? Қоғамдық көлікпен қаланы аралап бітпейді, таксимен жүру қалтаға жүк. Осылайша «Яндекс», «OLX» қосымшаларына «дәрі-дәрмек жеткізіп беремін» деген хабарлама жаздым. Қазір көлігі жоқ адамдардан өтініш көп түседі. Мен аптекаға барып айтылған дәріні алып, жеткізіп беремін. Жеткізуім тегін, тек дәрінің ақшасын ғана береді. Дәріні алғанда кез келген дәріханадан түбіртек сұрап аламын» дейді Сағи.
Бұндай шешім қабылдау жас жігітке қиын болмаған. Тек қала тұрғындарының сұраған дәрісін таппай, дәріханадан дәріханаға шапқылағанда өзіне өте ауыр тиіпті. Өйткені сол таппай жүрген дәріге шын мұқтаж адам күтіп отырғанын сезіну оңай емес екен.
«Білесіз бе, кейде бір дәріні таппай кешке дейін жүріп қаламын. Сонда жаным кәдімгідей ауырады. Өйткені мені, сол дәріні табуымды күтіп отырған науқас бар. Оның жаны өмір үшін күресіп, өліммен арпалысып жатқан болуы мүмкін. Ал мұны сезіну, оның жанын сақтап қалу сен тауып апаратын дәріге байланысты екенін сезіну ауыр. Өйткені бұл өте үлкен жауапкершілік. Басында шамалы қорықтым, неге бұлай жасадым деп өкіне жаздадым. Әсіресе дәрі-дәрмек тапшы кезде өте қиын болды. Кейін тәубеме келіп, осы жақсылық жасаудан ләззат ала бастадым. Қазір жағдай тұрақтанған сияқты. Дәрілер аса тапшы емес, әйтеуір тезірек табылып жатады. Осыған да шүкір деймін» дейді алматылық студент.
Сағи Талғатұлының бұл ойын отбасы қуана қолдаған. Оны өз үйінде ата-анасы, екі аяулы қарындасы күтіп отырады. Сондықтан өз жақындарына зиянын тигізбеу үшін барлық сақтық шараларын сақтап жүреді. Дәрілерді жеткізгенде маскасын, медициналық қолғабын киіп, антисептигін пайдаланады. Сонымен қатар дәрі алушыға барғанда көліктен түспей, терезе арқылы ұсынады. Сағи осы әрекеті арқылы өз жақындарына да, алматылықтарға да барынша қамқор болып отыр. Жап-жас жігіттің жұдырықтай жүрегінің мейірімге толы екенін байқап, көңіл қуанады екен.