Сөздік ­

Сөздік ғылыми еңбек ретінде қоғамның мәдени өмірінде айрықша орын алады. Сөздік ­– ұжымдық сананы көрсететін ғылыми туынды болса, сөз – ондағы орталық негізгі тілдік бірлік. Сөздіктегі әрбір күрделі сөз, шындап келгенде, ғылыми монографияның пәніне айналады. Бұл білімдер сөздіктің түріне, сөзтізбенің көлеміне, лексикографиялық материалдарды беру тәсілдеріне, сөздік мақаланың құрылымына байланысты жүйелі түрде беріледі. Сөздік жай ғана лексиканы сипаттап қана қоймайды, сонымен бірге міндетті түрде дәуір философиясын, халықтың ұғым-түсініктерінің жиынтығын көрсетеді. Тарихи бағыттағы этимологиялық, тарихи және диалектологиялық сөздіктер жеке сөз бен тілдегі барлық сөздік құрамның тарихын лексикографиялық құралдармен беру міндеттерін шешеді. Сөздің ауызша және жазбаша түрлеріндегі сөз тарихы туралы толық ақпарат алу үшін тарихи бағыттағы сөздіктер жүйесі қажет. Сөз үнемі үздіксіз өзгерісте болатындықтан, оның бүгінгі сөйлеушілердің қабылдауындағы мағынасы өткен жүз жылдықтардағы мағынасымен сәйкеспеуі мүмкін.

Тарихи лексикографияда тілдік дамуды көрсететін екі тәсіл қалыптасты: диахрондық сипаттау (үлкен хронологиялық сөздіктерде), бір синхрондық кезең бойынша сипаттау.

Біздіңше, тарихи бағыттағы сөздіктерді сызба түрінде былайша жүйелеп беруге болады: 1-сурет

Лексикография саласының қарқынды дамуына байланысты тарихи бағыттағы сөздіктердің жаңа түрлері жасалуда: тарихи-этимологиялық, тарихи-диалектологиялық сөздіктер, тарихи-этнографиялық сөздіктер, тарихи-аймақтық сөздіктер және т.б.

Қазақ тіл білімінде тілді фонетикалық және морфологиялық тұрғыда зерттеуде біраз тәжірибе жинақталып, сипаттамалы және салғастырмалы грамматикалар, әртүрлі сипаттағы екітілді, түсіндірме, синонимдік, терминологиялық т.б. сөздіктер шығарылды. Араб, парсы, монғол, орыс және түркі тілдерінің әсері жайында зерттеулер жүргізіліп, бірқатар диалектологиялық жұмыстар атқарылды. Этимологиялық зерттеулердің саны артып, тіл тарихын зерттеуге қатысты жұмыстардың жан-жақты жүргізілгені ескеріліп 1960 жылы Қазақ ССР ҒА Тіл білімі институтының ғылыми-зерттеу жоспарында «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі» деген тақырып енгізілді. Осы жоспардың нәтижесінде 1966 жылы 337 реестр сөзді қамтыған «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі»  жарыққа шықты.

Тарихи сөздік хронологиялық шекті қамту тұрғысынан былайша сараланады: 2-сурет

Тарихи сөздік жасау саласындағы қазіргі лексикографияның тәжірибесін ескере отырып, мынадай тұжырымға келеміз: тарихи сөздік өзінің толық мағынасында жазба тілдің тарихын көрсетуі, лексиканың тарихын беру керек, сөздің ежелгі бастау бұлағынан үздіксіз жалғастығын көрсететін, жазудың басталуынан бүгінгі жағдайына дейінгі барлық сөздердің биографиясын көрсетуі қажет.

Егер ХХ ғасыр лексикография ғасыры болып, ғылым саласы ретінде жан-жақты дамыса, ХХІ ғасырда лексикография жаңа технологияның енуімен жаңа сипат, мән-мазмұнға ие болып, лексикография сөзіне «компьютерлік» сөзі қосылып жаңа бір сала ретінде әлемдік тіл білімінде компьютерлік тарихи лексикография саласы қалыптасу үстінде. Компьютердің бір артықшылығы тарихи картотекалық қордың сапалы сақталуы мен дамуына, оны гиперкартотекалық қорға айналдыруға, тарихи гипермәтінді өз бойында сақтап – көбейтіп – дамыту қызметтерін атқарады.

Қазіргі қоғамда жүріп жатқан ғылыми-ақпараттық кеңістіктің өркендеуімен байланысты лексикография саласының кемелденуі тарихи лексикография мен компьютерлік тарихи лексикография салаларының да қарқындап дамуына әсер етуде. Сонымен бірге қазіргі лексикографияның ғылыми деңгейіне сәйкес түркітану саласындағы тарихи лексикографияның да мақсат-міндеттерін, құрылымдық ерекшеліктерін, ұстанымдық негіздерін айқындау қажеттігі туындайды. Түркітану саласындағы тарихы жазба ескерткіш мәтіндерінің электрондық корпусын және түркі мәдени-рухани, ұлттық құндылықтарының тілдегі көрінісін көрсететін түркілік тарихи электрондық картотекалық қор, әр ғасыр бойынша жасалған тарихи сипатты сөздіктер, қазіргі түркі тілдерінің тарихи сөздігін, түркі тілдерінің тарихи-этимологиялық сөздігін жасау – бүгінгі түркітану ғылымының маңызды  міндеттерінің бірі болып отыр. Бұны түркі тілдерінің тарихи қабаттарын тереңірек ашудың және жаһандану дәуірінде жұтылып кетпеуінің бір кепілі деп білер едік. Тарихи лексикография – тілдің тарихи негіздерін айғақтайтын ғылым саласы.

Қорыта айтқанда, сөздік – бұл дәуірдің  «жемісі». Оның жасалуы көп жағдайда мәдени-тарихи жағдайларға, теориялық лингвистикаға, лексикографтың қолданатын мәтіндеріне тәуелді болып келеді. Тарихқа неғұрлым терең бойлаған сайын, тарихи зерттеулер көбейген сайын тарихи сөздіктердің де түрлері көбейіп, соған сәйкес жіктеменің де ауқымы кеңейе бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *