Сингармонизм (грек. Sun – бірге және harmonia – байланыс, үндесу) – түркі тілдеріне тән аса күшті заң. Осы уақытқа дейін сингармонизм дауысты дыбыстардың үндесуі немесе буын үндестігі делініп келді: «түбірдегі дауысты жуан болуына қарай оған тікелей көршілес қосымшадағы дауысты да тиісінше жуан болуы алдындағы өзімен тетелес қосымшамен байланысты; біртіндеп, сатылып барып бір буын екінші буынды ілестірумен барабар, сөздегі барлық буындарға арқау дауыстысы». Яғни қосымшадағы дауыстының сипаты түбірдегі дауыстыға байланысты, бірімен бірі үндесіп тұрады. Бұл, әрине негізінен дұрыс.
Сингармонизмнің басты фонологиялық қызметі – қазақ (түрік) сөзінің өн бойында біркелкі тембрдің сақталуында. Бұлай болмаған жағдайда сөз құлаққа жағымсыз естіліп, қабылдауды, түсінуді қиындатады.
Сингармонизм түрлері. Түркі тілдеріндегі байырғы сөздерде сингармонизм екі түрде ұшырасады.1) Дауысты дыбыстар тілдің қатысы жағынан және 2) еріннің қатысы жағынан бір бірімен үндесіп айтылады.
Лингвальдық сингармонизм. Тілдің қатысы жағынан сөз ішінде дауыстылар не бір өңкей жуан дауыстылар, не бір өңкей жіңішке дауыстылар болып үндеседі. Сөз құрамында соңғы буындардағы дауыстылар алдыңғы буындағы дауыстының әуеніне қарай ыңғайланып айтылады.Дауыстылардың бұлайша үндесуі лингвальдық сингармонизм деп аталады. Ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм. Бастапқы буындағы ерін дауыстының ыңғайына қарай, соңғы буындарда да ерін дауыстылардың келуі дауысты дыбыстардың ерін қатысы жағынан үндесуі нәтижесінде болады. Дауысты дыбыстардың үндесуінің бұл түрін ерін үндестігі немесе лабиальдық сингармонизм дейміз.
Дауыстылардың бір сөз көлемінде еріннің қызметі жағынан ыңғайласып, үйлесіп келуін ерін үндестігі дейді. Қазақ тілінде ерін үндестігі бар ма, бар болса, неше буынға жетеді дейтін мәселе әлі күнге толық шешімін таба алмай келеді.
Қазіргі қазақ тіліндегі ерін үндестігі жайында пікір айтушылар академик
I.Кеңесбаевтың тұжырымын негізге алып жүр.
Аккомодация (лат. accomodatio бейімделу) морфемалар жиігінде қатар келген дауысты және дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, бейімделіп айтылуы. Мысалы: ат, ет, от, өт деген сөздерде бір ғана т онемасы дауыстылардың әсерінен төрт түрлі реңге ие болатынын білеміз.
Дауыстылар мен дауыссыздардың және керісінше, дауыссыздардың дауыстылармен көрші тұруында тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасқан заңдылық бар. Аккомодация құбылысында қазақ тілінде негізінен дауыстылар дауыссыздарға күштілік жасап, көбіне дауыстың қатысы және айтылуы жағынан өзіне бейімдеп тұрады. Мысалы: тарағы (тарақ-ы), ағешкі (ақ ешкі) дегендерде дауыстылар дауыстың қатысы жағына дауыссыздарды игеріп тұр деп түсіну керек. Ал дауыстылардың артикуляциялық ( айтылуы) жақтан әсері дегенде әсіресе тілдің қалпы жағынан дауыссыздарға ықпалын айту керек. Яғни, қазақ тілінде дауыссыздардың жуан және жіңішке болып айтылуы көбіне дауыстымен байланысты. Сондай-ақ жақтың, еріннің де едәуір ықпалы болады.
Өзін — өзі тексеру сұрақтары:
1.Сингармонизм заңы туралы түсінік.
- Сингармонизмнің тіл үндестігі мен ерін үндестігі атты түрлері.
3.Өзге тілдердегі сингармонизм заңының өзіндік ерекшеліктері.
4.Аккомодация туралы түсінік.
Әдебиеттер:
1.Аханов К. Тіл білімінің негіздері. — А.,1973,1977,1993, 2002
2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. -А.,1962
3.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А.,1989
- Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.1975.