Фонемаларды топтастырудың  ұстанымдары.                                         Дауысты және дауыссыз фонемалар.

 

Тілдің барлығында да тіл дыбыстарды екі топқа бөледі .Дауыстылар мен дауыссыздар.Физиологиялық тұрғыдан алып қарағанда дауыстыларды айту үстінде фонациялық ауа (сөйлеп тұрғанда шыққан ауа): 1) кедергіге ұшырамай, тосқауылсыз еркін шығады; 2) дыбыстау мүшелеріне күш түспей, оның қалпы жайдары болады; 3)фонациялық ауа баяу (лепсіз) шығады. Ал дауыссыздардың артикуляциясы мұнан басқаша болады. Дауыссыздарды айтқанда, фонациялық ауа: 1) кедергіге ұшырап, тосқауылмен айтылады; 2) тосқауылдан өту кезінде дыбыстау мүшелеріне күш түседі; 3) фонациялық ауаның шығу қарқыны күштірек болады.

Қандай бір тілде болсын, дауысты дыбыстарға қарағанда, дауыссыз дыбыстар көп. Дауыстылармен салыстырғанда, дауыссыздардың классификациясы әлдеқайда күрделі. Дауыссыздардың кейбіреулері дауыстың қатысуымен жасалса, қайсыбіреулері дауыстың қатысуынсыз жасалады. Осыған орай, дауыссыздар екі топқа бөлінеді: оның бірі – қатаң дауыссыздар, екіншісі – ұяң дауыссыздар. Қатаң дауыссыздар деп дауыстың қатысынсыз жасалған дауыссыздарды айтамыз да, ұяң дауыссыздар деп дауыстың қатысуымен жасалған дауыссыздарды айтамыз.

Егер дауыссыздарды айтқанда, дауыс шымылдығы жиырылып қысылмаса және дауыстың қатысы болмаса, онда қатаң дыбыстар жасалады. Мысалы: қ, к, т, п, с және т.б. Егер дауыссыздарды айтқанда, дауыс шымылдығы үн шығарарлық қалыпта болса, онда ұяң дыбыстар жасалады. Мысалы: ғ, г, д, б, з және т.б.

Қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздар түрлі тілдерде дауыстың қатысу немесе қатыспауы жағынан ажыратылады да, өз ара жұп-жұбымен айтылады. Тіл – тілде қатаң дауыссыздардың ұяң сыңарлары, керісінше, ұяң дауыссыздардың қатаң сыңарлары бар. Мысалы: к-г, п-б, т-д, с-з, ф-в және т.б.

Қатаң дауыссыздарда салдыр басым болады. Осыған орай, ұяңдарға қарағанда, қатаң дауыссыздарда ауаның қарқыны басым болады. Сондықтан да, қатаң дауыссыздар кейде, қарқынды немесе күшті дауыссыздар деп те аталады. Ал ұяң дауыссыздарды айтқанда ауаның қарқыны, қатаң дауыссыздарға қарағанда, баяу болады. Осымен байланысты, ұяңдар әлсіз дауыссыздар деп аталады. 

Дауыссыздар жұмсақ таңдайдың қалпына қарай ауыз жолды және мұрын жолды дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді. Егер жұмсақ таңдай жоғары көтеріліп, жұтқыншақтың мұрын қуысына баратын кіре беріс жолды жауып тұрса, онда ауа ауыз қуысымен өтеді де, осының нәтижесінде ауыз жолды деп аталатын жауыссыздар (мыс:б,д және т.б.) жасалады. Егер жұмсақ таңдай төмен түсіп, жұтқыншақтан мұрын қуысынан өтсе, онда осының нәтижесінде мұрын жолды деп аталатын дауыссыздар жасалады.(мыс: м,н…).

Артикуляциялық жолына қарай салдыр дауыссыздар(қатаңдар мен ұяңдар) шұғыл дауыссыздар және ызың дауыссыздар болып екі топқа бөлінеді.

Шұғыл дауыссыздарды айтқанда, дыбыстау мүшелері бір-біріне жабысады да, бірден кілт ажырасып кетеді, осының нәтижесінде ауа үзіліп, шұғыл шығады. Шұғыл дауыссыздардың осы қасиеті ескеріліп, олар эксплозив дауыссыздар деп те аталады. Шұғыл дауыссыздар мыналар:п, б, т, д, к, г, қ.

Ызың дауыссыздар дыбыстау мүшелерінің жымдасуынан емес, тек өз ара жуысуынан, соның нәтижесінде, ауаның сүзіліп шығуынан жасалады. Ызың дауыссыздар кейде фрикатив дауыссыздар деп те аталады. Олар мыналар: в, ф, ғ, с, ш, х, з, ж, һ.

Тіл – тілде ызың дауыссыздар мен шұғыл дауыссыздардың ерекшеліктерін бірдей қамтыған дауыссыз дыбыстар да кездеседі. Мұндай дауыссыздар аффрикат дыбыстар деп аталады. Аффрикаттар (ц, ч…) шұғыл дауыссыз дыбыстың элементінен басталып, ызың дауыссыз дыбыстың элементімен аяқталады. Тіл  білімінде дауыссыз дыбыстар жүйесі консонантизм деп те аталады.

Тіл – тілде дауысты дыбыстар саны жағынан да, сапасы жағынан да түрлі – түрлі болып келеді. Кейбір тілдерде дауыстылардың саны көп те, қайсыбіреулерінде аз. Мысалы,  қазақ тілінде 9жалаң дауысты дыбыс болса (а, е, ы, і, ә, о, ө, ұ, ү), орыс тілінде 6дауысты дыбыс (а, э, и, ы, о, у) бар.

Дауыстылар сөйлеу мүшелерінің негізгі үш түрінің қатысы мен қалпына қарап, атап айтқанда, 1) тілдің қалпына; 2) еріннің қатысына; 3) жақтың ашылу қалпына қарай топтастырылады.

1.Тілдің артқы таңдайға қарай жиырылып, бүктеліңкіреп айтылуынан жуан дауыстылар (а, ы, о, ұ) жасалса, оның таңдайдың алдыңғы жағына жуықтап айтылуынан жіңішке дауыстылар (ә, е, і, ө, ү) жасалады.

2.Ерін қатысына қарай дауыстылар еріндік және езулік болып екі топқа бөлінеді. Еріндік дауыстылар еріннің алға сүйірленуінен жасалса (о, ө, ұ, ү…), езулік дауыстылар еріннің кейін тартылып, езудің жиырылуынан жасалады.(ы, і, е…).

  1. Жақтың ашылу қалпына қарай дауысты дыбыстар ашық дауыстылар және қысаң дауыстылар болып екі топқа бөлінеді. Ашық дауыстылар жақтың кең ашылып, иектің төмен түсуінен жасалса (ә, а…), қысаң дауыстылар жақтың болар-болмас ашылуынан жасалады (ұ, ү, ы, і…). Ашық дауыстылар мен қысаң дауыстылардың аралығындағы дауыстылар – о,ө,е дыбыстары.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

1.Тіл  білімінде дауыссыз дыбыстар жүйесі қалай аталады?

2.Фонетика  қандай  салалардан тұрады?

  1. Тіл білімінің арнаулы бір саласы?

Әдебиеттер:

1.Аханов К. Тіл білімінің  негіздері. -А.,1973,1977,1993, 2002

2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі.- А.,1962

3.Байтұрсынов А. Шығармалары. Үшінші бөлім. –А., 1989

  1. Кеңесбаев І., Мұсабаев Г. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика.- А.,1975.

5.Жүнісбеков Ә. Акустика-артикуляционного характеристики гласных казахского языка. Фонетика казахского ызыка. І-часть. А., 1969. 160 б.

        6.Жунісбеков Ә.Гласные казахского языка. А., 1972. 92 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *