Көктем. Көкте күн күлімдеп жылы шуағын шашып тұр. Қыс шырмауынан енді босаған қала жаңа кейіпке ене бастаған. Көшедегі ағаш бұталары бүр жарып, ауа тазарып, жаңа бір тіршілік оянған. Қала адамдары бұл өзгерісті көзбен көрсе де, көңілмен мән бермейді. Қаладағы барша тіршілік иесі қандай күн, қандай заман, қандай жағдай болса да, әрдайым өлместің қамына асығады. Адамдар жұмысына асықса, күшіктер мен мысықтар бір күндік асы мен панасына асық. Осындай асығыс, қарбалас тіршілікте бір мезет тоқтап, бір-бірімен амандасып, хәл сұрауға мұрша жоқ. Бір-бірінің жан-дүниесіне үңілмей, көрсе де көрмегендей, таныса да танымағандай кейіппен өтіп кетуге құмар.
Қала көшелерінде антына берік сақшылардай қаз-қатар тізіліп көпқабатты үйлер тұр. Үйдің қарсы алдында, тау-тау болып үйілген тұрмыстық қоқыс маңындағы алаңда бірнеше бала ойнап жүр. Арасында түр сұлпаты сүйкімді, көкшіл көзді, қоңырқай шашы жүгірген сайын желпілдеп кішкентай Самат да жүр. Ол бұл ойынды жақсы білгендіктен, өзін ойын төресі сезініп, мәз-мейрам, шат көңілде. Ойында ештеңе жоқ, ойын баласы іштей: бұл бақытты сәті мәңгіге жалғасса екен, ойын аяқталмаса екен деп тілейді. Қасындағы әрбір баланы көзден таса қылмай, ойынға үйіріп жүр. Бір сәт, ойын алаңына қарама-қарсы орналасқан көпқабатты үйдің терезесінен, ананың баласын түскі асқа шақырған үні естілді. Саматтың оң жағында тұрған досы үйіне қарай жүгіре кетті. Бір ойыншы кетіп қалса да, ойын жалғасын тапты. Сәлден соң екінші баланы одан үшінші баланы шақыртып ақыры ойын тоқтап қалды. Самат алаңда жалғыз өзі тұр. Ол көпқабатты үйдің терезелеріне көз жүгіртіп, әрбір үйден шыққын дәмді тамақ иісіне танауын тосып тұр. Дәмді тамақ иістері балаға әр үйдің жылулығын сезіндірді. Самат кенеттен, есіне бірдеңе түскендей, ойын алаңының артындағы, өз үйіне қарай жүгіріп кетті. Ентігіп, асығыс есікті ашып, үйге кіріп келді. Үйде ешкім жоқ. Күн сәулесі түспеген алакөлеңкелі ас үй. Стол үстінде жұмыстағы әкесі жазып қалдырған хат пен суып қалған тамақ тұр. Самат тамақтың бетін ашты да, ойланып тұрып қалды. Алдында тұрған ас бақытты күндердің жарқын сәттерін есіне түсірді. Дәл осы тамақты, анасы қазан-ошақтың маңында ыңылдап, әндетіп жасап жүруші еді. Самат бұл сәтті қаншалықты жиі есіне алса да, уақыт өткен сайын бала санасындағы анасының бейнесі көмескіленіп, ұмыт болып бара жатқандай. Осы бір жылы сәттің қайта оралмасын түсінген кішкентай Самат, тамақтың бетін тарс еткізіп қайта жапты. Үйден жүгіріп шығып, алаңға қайта келді. Ол көпқабатты үйден шыққан жылулық иісі мен күлімдеп тұрған күн жылылығына бетін тосып, аспанға қарап тұра берді…
https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/zhilulik_iisi__4706