Сабекова Фарида Курмангалиевна,
Ақмола облысы Көкшетау қаласы
«№2 «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі
Тіл – көп нәрсенің түйінін шешетін табылмас құрал. Қазақ халқы «жеті түрлі білім біл, жеті жұрттың тілін біл» деп үлкен философиялық ой түйіп, жастарға өшпейтіндей өнеге қалдырған.
Бүгінде жас ұрпақтарымыз үш тілде еркін сөйлеп, әр түрлі сайыстарды үш тілде өткізе алатын деңгейге жетуі. Кез-келген қоғамда азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізгі факторлары өз елінің тіліне деген құрмет болып табылады. Бала тілді неғұрлым ерте жастан үйренсе, соғұрлым ол оны жеңіл меңгереді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартуға сәйкес мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуға және терең білім беруге, соның ішінде тілді үйрету мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты «Қатынас» білім беру саласында мектепке дейінгі ұйым педагогтарының алдына қойылған міндет — тілдің негізгі құндылықтарын меңгерген, ана тілінде және өзге тілде әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасқа дайын, сөздік және сөздік емес құралдардың көмегімен қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға қабілетті көпмәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Сонымен, білім беретін, балаларды тәрбиелейтін мекеменің басты міндеті — Қазақстанның жаңа азаматын тәрбиелеу болуы тиіс. Сондықтан кішкентай жасынан балабақшаға келген күндерінен бастап балалардың шетел және басқа тілдерге қызығушылықтарын арттырып, үштілділік арқылы тәрбиелеу керек.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ағылшын тілі ересек топтарда және ортаңғы топтарда жүргізіледі. Балалар осы тіл үйрену оқу іс-әрекеттеріне қызығушылықпен қатысады. Сол жас ұрпақтың өз болмысын тануға ұмтылысына көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту болып отыр, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін рухани күш беру — бүгінгі педагогтардың басты мақсаты. Бұл мақсаттың орындалуы үшін оқыту мазмұнының жаңартылуы, әдіс-тәсілдің озығы өмірге келуі, ол тәсілдер әрбір баланың қасиеттерін, қабілеттерін дамытып, шығармашылығын, талантын ұштайтын болып ұйымдастырылуы қажет.
Көптілділік заман талабына айналып отырған кезеңде ана тілімізді ардақтай отырып, өзге тілдерді білгеніміз әлемдік мәдениетке, өркениетке, білім кеңістігіне еркін кірігіп, болашақта алдыңғы қатардағы бәсекелестікке қабілетті дамыған 30 елдің қатарына енуімізге, жаһандану үрдісінде өмірдің барлық жағынан бәсекелестікке төтеп беруге мүмкіншілігіміздің артуы.Мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің абыройын асқақтату, біздің балабақша есігін ашқан әрбір өзге ұлт баласына тіл үйретіп қана қоймай, қазақтың ұлттық құндылықтарымен қатар, барлық ұлттың салт-дәстүрлерін таныту, әр баланы отансүйгіш, елжанды жеке тұлға етіп қалыптастыру – ынтымақтастық бідің мақсатымыз.
Балабақшада жүргізілетін сан – салалы жұмыстар білім сапасының өсуіне және де тәрбиешілердің шыңдалуына ықпалын тигізеді. Педагогтарды жаңа заман талабына сай жолдармен оқытуға бағытталған әдістемелік жұмыс, олардың білімдерінің жоғарлауына, балалармен жұмыс жүргізу барысында жаңа тәсілдер таңдауға, зерттеу және шығармашылақ потенциалдарын анықтауға мүмкіндік туғызды, ал ең маңыздысы өздігімен кәсіби деңгейлерін жоғарлатып, мамандықтарына деген қызығушылықтарын арттырады. Сонымен қатар инновация тек қана педагогтардың кәсіби шеберліктерін жоғарлату емес, әр педагогтың әлеуметтік және рухани деңгейінің жоғарлағандығын көрсетеді. Негізгі ұстанымымыз: Қазақстан кеңістігіндегі үштілділік бұл өтпелі кезеңнің талабы болып отыр. Егер осы үштілділік тиімді жұмыс істесін, үштілділік біздің мемлекетіміздің болашағына жұмыс істесін десек, онда үштілділікте басымдылық мемлекеттік тілге берілуі керек. Қалған екі тіл сол мемлекеттік тілмен таласпай, керісінше, сол мемлекеттік тілдің әрі қарай дамуына қызмет етуде құрал ретінде пайдаланылу керек Бүгінде егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып әлемге жар салып жатқан дүбірлі кезеңде қазақ ұлтының жанына сүйеу, рухына тіреу болатын басты мәселенің бірі осы – тіл. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең қажеттілік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғанысында: «Үш тілді – мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін меңгергеніміз өте дұрыс. Соның ішінде біздің мемлекеттік тіл қатар келе жатыр. Біз осылай үш тұғырлы тілді қолдансақ, түбінде жолымыз ашық болады», — деп баса айтқан болатын. Елімізді бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын мемлекет ретінде тануы үшін де үш тұғырлы тілдің маңызы зор. Халқымыздың рухани дамуы жолында да көптілділіктің берері көп. Ол баланың жеке бас ерекшілігін ескере отырып дамытатын орталық делінген. Сондықтан Білім беру жүйесінің алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі тәрбие ұйымы болғандықтан тәрбиешілерге мәдениетті, білімді, белсенді жеке тұлға тәрбиелеу міндеті жүктеледі. Әлемдік білім кеңістігінде мектепке дейінгі педагогикалық мәселелерін шешуде тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіру, үнемі жаңалыққа жол ашу бағыттары қарастырылуда. Қазіргі кезде болып жатқан тарихи – әлеуметтік өзгерістер, ғылымдағы жаңалықтар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде, мектепке дейінгі жастағы сәбилердің дамуына, тәрбиелеуіне жаңаша көзқараспен қарауды қажет етеді.
Демек, біздің қоғамда, бүгінгі таңда жас сәбидің өмірін толыққанды ұйымдастыру үшін балабақшаның орны ерекше. Міне, осындай жеке тұлғаны қалыптастыруда мақсатқа жеткізетін сара жолдың бірі жаңаша балабақшада оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырып жүргізу. Ол кейінгі жылдары педагогика ғылымында жиі пайдалана бастаған жаңа ұйымдардың бірі- инновациямен Үш тілді қатар үйретумен байланысты.
«Үш тұғырлы тілдің» мәнін, маңызын, халық пен болашақ ұрпаққа беретін үлкен пайдасын көпшілік ұғына алмауда. Одан бөлек, Президентіміз 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететініне кепілдік беріп отыр. Міне осы мәселені ұжым болып өз жұмысымызда дұрыс пайдаланып, нәтижесін тәрбиелеп отырған бүлдіршіндерімізбен көрсете білуіміз керек. Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық.Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді. Орыс тілін үйреніп, орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік. Енді алдағы асу – ағылшын тілі. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.
Намысын найзаға шаншып, күре тамыры Көк бөріден нәр алған,көк Тәңірге табынған Күлтегіннің ұрпағына бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру қиындық тудыра қоймас. Иә, көп тіл білу ــ әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал біздің мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену емес пе? Балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру ғана емес пе? Кейбір адамдар ағылшын тіліне қарсылық білдіріп жатады. Ал ағылшын әлем мойындаған жаһандану тілі.Бұл-бұзылмас заңдылық.
Біздің балабақшада, барлық топтар аралас тілде тәрбиеленеді. Ортаңғы топ пен ересек тобындағы бүлдіршіндер орыс тілін және ағылшын тілін қоса оқиды, ал мемлекеттік тілде білім алатын балалар ағылшын тілінде білімдерін кеңейтеді. Сонымен қатар ағылшын тілінде қосымша «Үштілділік хандығы» вариативті компонентке сәбилер топ балалары қатысады. Ұйымдастырылған оқу қызметтерінде орыс тілі және ағылшын тілі сөздіктері қолданылады. Шет тіліне үйретуде ең басты тәсіл ойын болып табылады. Біз – балабақша ұжымы ынтымақтастық балабақшасын құруды жөн көрдік. Өйткені, балабақшамыздың ерекшелігі: өз ұлтымыздың балаларымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің балаларына да есік ашып, мемлекеттік тілдегі оқу-тәрбиеге ынталандырудамыз.
Балабақшамызда барлық мерекелерінде балалар өз алған білімдерін көрсетіп отырады, өлең шумақтарын,әндер айтып қана қоймай, ағылшын тілінде ертегілерден үзінді көрсетіп, бір-бірімен диалог жүргізеді.
Қорыта айтқанда, күннен күнге қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның көптілді, көп мәдениетті қоғамында, сонымен қатар, басқа елдің азаматтарымен тіл табысып, табысты қарым-қатынаста бола білген адамды толығымен қалыптасқан коммуникативті тұлға ретінде қарастыруға болады. Осыған орай білім беру жүйесіндегі педагогтарға қойылатын басты талаптардың бірі — өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу. Көптілді мемлекеттер арасында әлеуметтік-мәдени қатынастар жасай алатын, түрлі елдердің мәдениеті, әдебиеті, тарихымен танысып, қажетін пайдалана отырып, өзінің елі мен мәдениетін басқаларға таныта алатын, санатты да саналы, көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру – өмір талабы.
Мемлекеттік тілді – дамытамыз.
Орыс тілін – қолдаймыз.
Ағылшын тілін – үйренеміз.