Токсанбаева Зура Еркеновна,
Ақмола облысы Көкшетау қаласы № 2 «Жұлдыз» балабақшасы
қазақ және ағылшын тілі мұғалімі
Тіл – халқымыздың басты байлығы болғандықтан, оны ұлтымыздың болашағы балабақша бүлдіршіндерінен бастаған абзал. Балаға жас кезінде берілген тәрбие оның бүкіл өмірінің мәні. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде үш тілде білім беруді дамыту қазіргі таңдағы негізгі мәселе. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде болу – ұрпағымыздың нағыз сауатты болуында. Осы көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін ең алдымен мектепке дейінгі ұйымдардың деңгейінде көптілді білім беру мазмұнын мықтап қолға алу керек.
Мектеп жасына дейінгі кезең тілдерді үйренуге ең қолайлы кезең, өйткені осы жастағы балалардың зейін қоюға икемді, есте сақтауы мен логикалық ойлау қабілеті жоғары болады, сондықтан үш тілде оқытуды ерте жастан бастау қажеттілігі туындады. Мен қазақ тілі, ағылшын тілі маманы ретінде балабақшада жұмыс жасай отырып, бүлдіршіндерге үш тілді үйретуде баланың дамуында сапалы және тиімді тәрбиелеу мен оқыту, жеке тұлға ретінде қалыптасуына, ой – өрісінің дамуына аса назар аударып жүрмін. Қазіргі кездегі оқыту үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды талап етеді. Әр мұғалім өз іс-тәжірибесінде көптеген тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып, өз білімін жетілдіріп отырады. Мен де өз іс — тәжірибемде үш тілді оқытудың мақсаты мен міндеттерін іске асыру бағытында, балалардың коммуникативтік, танымдық белсенділіктерін арттыру үшін «Үш тіл патшалығы» тақырыбында ортаңғы топ балаларына арналған үш тілді оқыту бағдарламасын құрастырып, шығардым. Құрастырылған әдістемелік нұсқаулық үш тараудан тұрады. Бірінші тарау — мектепалды ортаңғы топ балаларына арналған үш тілді оқыту (вариативті нысан) жылдық жоспары. Екінші тарау – әр сабаққа құрастырылған күнделікті жоспар. Үшінші тарауда дидактикалық материалдар жиынтығы қамтылған.
Ортаңғы топ балаларына арналған үш тілді оқыту бағдарламасының бағыты
«Үш тіл патшалығы» бағдарламасы балалардың үш тілді меңгеруге деген қызығушылығын тәрбиелеуге, үйлесімді жеке тұлға қалыптастыруға, психологиялық процесін, сонымен қатар танымдық және тілдік қабілеттерін дамытуға бағытталған; саналы деңгейде белсенді және дұрыс сөйлеуіне ықпалын тигізеді. Өзімнің іс-тәжірибемде мақсатыма жетуге сабақ барысында музыканы қолданамын. Фонетиканы оқыту музыканың көмегімен жүргізіледі және таза, дұрыс сөйлеуді қалыптастыруға, жеке фонетикалық ережелерді меңгеруге көмектеседі.
«Үш тіл патшалығы» атты бағдарламаның мәдени бағыты бар және ол ортаңғы топ балаларының үш тілді игеруді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бағдарламаның мақсаты: тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, үш тілді меңгеруге тұрақты қызығушылық арқылы мектеп жасына дейінгі балаға жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына мүмкіндік беру.
Міндеттері:
үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру;
баланың өз күшіне сенімділігін нығайту және дұрыс мотивация құру;
ойын және нақты қарым-қатынас жағдайында қарапайым деңгейде серіктеспен байланыс орнатуды үйрету;
фонетикалық есту қабілетін дамыту;
зейін, ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту;
айту және тыңдату: ауызша сөйлеу дағдысының негізін дамыту;
сөздік қорын байыту:
пәнаралық байланысты қамсыздандыру.
Бағдарламаны құрастырудың негізгі принциптері:
Дамыта оқыту принципі.
Мұғалім әр баланың даму деңгейін білуі керек, жақынырақ дамыту аймағын анықтап, осы біліміне сәйкес вариативтік білім беру материалын қолдануы керек.
Тәрбиелеп оқыту принципі.
Оқыту мен тәрбиелеу бір-бірімен тығыз байланыста, үш тілді оқыту процесінде білім ғана беріліп қоймайды, сонымен қатар адамгершілік қасиеттері тәрбиеленеді, қарым-қатынас шамасы қалыптасады (бірлесе қызмет ету, бірге шығармашылықпен айналысу).
Оқытудың жүйелілік және бірізділік принципі.
Алынған білімдерінің арасына өзара байланыс орнату, қарапайымнан қиынға, жақыннан алысқа, нақтыдан дерексізге көшу, бұрын зерттелген мәселеге жаңа позициядан қайта оралу.
Қолжетімділік принципі.
Білімнің мазмұны, оны хабарлаудың әдістері баланың жасына, даму деңгейіне, дайындығына, қызығушылығына сәйкес келуі керек.
Жекешілдік принципі.
Әрбір оқу сабағында мұғалім әр балаға жеке тұлға ретінде қарауға тырысуы керек. Әр сабақ баланың психологиялық, зияткерлік деңгейінің дамуына байланысты құрастырылуы керек, оның қызығушылықтары, бейімділігі, екпіні есепке алынып, қиындық деңгейі әр балаға жеке анықталуы керек.
Баланың білімді меңгеруімен жүзеге асырудағы.
Саналылық және белсенділік принципі.
Оқытуда мұғалім жетекші рөлде ойнайды, ол мәселені анықтайды, сабақтың міндеттерін, екпінін белгілейді. Бала жаңа білім алу үшін мұғалімнің позициясында бола алады.
Өмірмен байланыс принципі.
Мұғаліммен бала процесстерді өзара байланыстыра білулері керек, нақты өмірдегі, қоршаған ортадағы адамның тұрмысындағы, өмірдегі бар заттар мен материалдардың қарым-қатынасынан баламаларын таба алулары керек.
Түсініктеме хат
Елбасымыздың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Халқына жолдауына, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарына», «Зерек бала» білім беру бағдарламасына, «Мектепке дейінгі ұйымдарда тілдердің үштұғырлығын дамыту» әдістемелік құралына сүйене отырып осы бағдарламаны құрастырып, шығардым.
Мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту кезінде олардың жұмыс істеу түрлерін ауыстырып отыру қажет, өйткені бүлдіршіндердің зейіндері тұрақты емес екенін, естен шығармау керек.
Бала жұмыс істеп шаршамайды, оның бір қалыптылығынан шаршайды және ол өзіне қызықты, әсер тигізгенді ғана есінде сақтайды. Ағылшын тілі үйірмесіндегі әрбір ҰОІӘ (ұйымдастырылған оқу іс — әрекеті) қарым-қатынас сабағы ретінде құрастырылған, барынша табиғи қарым-қатынасқа жақындатылған. Тілдің фонетикалық жағына ерекше көңіл аудару керек. ҰОІӘ -ті «Шаттық шеңберден» бастаған жөн. Санамақтар, сергіту сәттері, мақал – мәтелдер, тақпақтар,ойындар, өлеңдер дұрыс айту дағдыларын дамытуға және жетілдіруге, жақсы көңіл-күй жасауға бағытталған. Сергіту сәттері балалардың тек қана шаршағандарын басып қана қоймайды, сонымен қатар олардың зейіні мен есте сақтауларын дамытады.Сабақта қарым-қатынас жағдайын жасау үшін әр баланың жоғары белсенділігін қолдап отыру, балалар өз тырысуларының нәтижесін неғұрлым ерте сезулері маңызды.
Ұсынылған бағдарлама ары қарай ересек тобында үш тілді оқытудың негізін қалауға бағытталған. Берілген курс 30 минуттан тұратын 72 оқыту сабағын жорамалдайды. Сабақты өткізудің жиілілігі барынша ескерілген және мектеп жасына дейінгі балалардың қарым-қатынасы мен танымдық қызығушылықтарын, талаптарын ескере отырып жасалған, ол аптасына 2 сағатты құрайды. Берілген курстың мақсаттары мен міндеттері осы жастағы балаларға қолжетімді деңгейде, олардың сөйлесу қажеттіліктері мен мүмкіншіліктерін ескере отырып құрастырылған.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың вариативті нысандарын енгізу, балаларды мектепте білім алуға дайындығының жоғары болуын қалыптастыруға, олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне баршамыз ат салыссақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.