ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ-БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ-ҰЛТ БОЛУДЫҢ ИГІ БАСТАМАСЫ

Сайдалинова Қаншайым Абилхасымовна,
Ақмола облысы , Сандықтау ауданы
Жыланды негізгі қазақ мектебі
«Балдәурен» шағын орталығының тәрбиешісі

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» стратегиялық жоспары мерзімінен бұрын жүзеге асып, Қазақстанды бүкіл әлем таныды.

Президентіміз кезекті жолдауында , 2050 жылға қарай қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарынан көргісі келетіндігін нақты айтып өтті. Алайда, осы мақсатқа жетуіміз үшін, ең алдымен, әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті, білімді және жан-жақты болуы керек.

Адамның ойын жарыққа шығаратын құрал – тіл. Ал, тіл – адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға мирас болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал. Рухани байлығымыз тіл арқылы жасалады, жеткізіледі. Кез келген халықтың тілі сол халықтың ұлттық ерекшелігін танытатын қойма тәріздес. Сол қойманы ашып, қазынасын танып білу – бізге мұрат. Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Әрбір адам өз туған халқының, өзі өмір сүретін елдің тілін білу қажеттігі – ертеден келе жатқан қағида. Алайда, жаһандану қалыптасқан осы қағидаға түзетулер енгізуде. Қазіргі кезде халықаралық қатынас тілін білу қажеттігі туындап отыр. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет. Мемлекет басшысы: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады” деп сендірді. «Үш тұғырлы тіл» идеологиясы дүниеге келіп отыр. Яғни, елімізге қажетті, үштілді меңгерген, кез келген жерден ақпарат ала алатын, өз ісінің білгірі, бүкіл әлем бойынша к оммуникацияға түсіп, жер бетінің кез келген нүктесінде бизнес жасайтын кадрлар ауадай қажет. Аталмыш кадрлар мәселесін «Үш тұғырлы тіл» саясаты оп-оңай шешіп бере алады.Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениетті еліміздің дамуына үлес қосқымыз келсе, көп тілді игерген азаматтарға қарап қуанатынымыз да белгілі. Үш тілді қатар меңгеру бәсекеге қабілетті ел азаматының міндеті. Қазақстанның білікті, білімді әр азаматын ғаламдық ақпараттар мен инновациялық ағынына ілесу ағылшын тілін үйренуге жетелейді. Әр азамат ана тілінің бай қорын игерумен бірге орыс, ағылшын тілдерінің де асыл қазынасынан сусындап, оны іске асыра білгені де жөн.

Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық.Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді.Орыс тілін үйреніп,орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік.Енді алдағы асу –ағылшын тілі.Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады. Намысын найзаға шаншып,күре тамыры Көк бөріден нәр алған,көк Тәңірге табынған Күлтегіннің ұрпағына бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру қиындық тудыра қоймас. Иә, көп тіл білу ــ әрине, мақтаныш. Әйтсе де өз ана тілін аяқ асты ету тексіздің ісі. Ана тілін жақсы біліп тұрып, өзге тілде жетік сөйлесе ــ бұл сүйініш, мақтаныш; ал ана тілін білмей тұрып, өзге тілде сөйлесе ــ бұл күйініш, өкініш. Ал біздің мақсат – ағылшын идеологиясын сіңіріп, ағылшын болып өмір сүру емес, ағылшынның тілін ғана үйрену емес пе? Балаларымызды әлемге қанат жайған ағылшын тілімен қаруландыру ғана емес пе?Кейбір адамдар ағылшын тіліне қарсылық білдіріп жатады. Ал ағылшын әлем мойындаған жаһандану тілі .Бұл-бұзылмас заңдылық.

Меніңше,ол сыңаржақ пікір.Елбасының сындарлы саясатының астары өте тереңде.Біз әлемдік аренаға шығу үшін ағылшын тілін жетік меңгерген мәңгілік Елге айналумыз керек.Бұл жолда біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өз тілің бірлік үшін,өзге тіл тірлік үшін керек екенін ұмытпайық. Сондықтан «Ана тілің ــ арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді қүрметте» деп, ақын Қадыр Мырза-Әли ағамыз айтқандай, әуелі өз ана тілімізді қүрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Әр ұлттың өз тілі өзге тілге жеткізетін көпір есепті.

Өскелең ұрпақты үштілділікке баулу, мектеп жүйесінде үш тұғырлы тілді дамыту заман талабы. Қазіргі қоғамда үштілділікке оқыту өте өзекті, себебі онсыз жаңа технологияны меңгеру халықаралық қарым-қатынас жасау мүмкін емес. Білім беру жүйесі де әлемдік білім талаптарына сай болуы керек. Еліміздің басқа елдермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару- біздің қазіргі міндетіміз.

Өз кезінде қазақтар орыс тілін мүлтіксіз меңгерді. Сол сияқты, көптеген екі тілде қатар сөйлейді. Енді үшінші тіл – ағылшын тілін меңгеру қажеттілігі туды. Егер мемлекет осы тілде тегін оқытуды өз мойнына алса, ол тек қуанарлық жай. Сонымен қатар, балаларға дене және психикалық салмақ түсірмеу үшін сабақ кестесін жүйелі түрде бөлу қажет шығар. Себебі, келешек ұрпақтың денсаулығы мықты болуы керек. 90- жылдары Қазақстан экономикасы шетелден білім алған адамдар басқарды. Олар осы күнге дейін, елімізге пайда келтіріп, еңбек етуде. Қазақстан мектеп оқушылары орыс тілін еркін меңгерген, бұл оларға Ресейде оқып, қиындықсыз білім алуларына оңай болды. Енді біздің еліміздің түлектері шетелдің озық оқу орнынан білім алатын болды. Ал шетелде білім алу үшін міндетті түрде ағылшын тілін білу керек. Бүгінгі күні алдыңғы қатарлы позицияда, шетел жоғары оқу орнын бітірген мемлекеттік оқу орнын бітірген мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері жұмыс істеуде. Бұлар қоғамның үштілділік бағытта жұмыс істеп жүрген бір бөлігі. Бұл адамдардың еңбегі, табыстары дау туғызбайды. Олар үш елдің мәдениетін тасымалдаушылар. Қазір бізде үштілділікті енгізу, игеру анағұрлым жеңілдеу, өйткені бүгінгі ұрпақ көптілділік қоғамда өмір сүріп жатыр. Олар тек қазақ тілі мен орыс тілі ғана емес, ағылшын тілін де естиді. Радио, теледидар, қазіргі техникалық жаңалықтар – әр түрлі техникалық құралдармен, ғаламтормен жарақталған балалардың бүгінгі күнгі өмірінің бір бөлігі. Бүгінгі күні жас балалардың интернетке кіріп, өзіне қажетті ойынды тауып, үлкендердің жасағандарын қадағалап, соны қайталау арқылы тез меңгеретінін байқауға болады. Көбінесе бұл ойындар ағылшын тілінде өтеді. Баланың есте сақтау қабілеті дамып, ойынға оңай кіреді, еркін меңгереді. Бала өз тілін әлі меңгермей тұрып, бөтен тілдегі ойынды меңгеру қабілеті тез жетіледі. Олардың көру, есту қабілеттерінің күштілігі соншалық, мектепке бармай жатып ағылшын тілінің базалық лексикасын меңгере бастайды. Әрине кез келген жаңа бастаманың жетістіктері мен қиындықтары болады. Дегенмен өмір бойы ешкім басқа тілдегі ақпаратты аударып отырмайды. Сондықтан келешек ұрпақ оны өзі естіп, өзі сол тілдеріде оқып білуі керек. Сол үшін де ағылшын тілін оқытуға жете көңіл бөліп, сапасын арттырып, мүмкіндігінше тереңдетіп оқыту-басты міндеті болары сөзсіз. Үш тілді меңгеру өте маңызды. Ол балалардың ой-өрістерін кеңейтеді, халықаралық достыққа, мәдениетке тәрбиелейді. Баланың жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасауға бағыт алып отырған бүгінгі білім беру жүйесінде әлемдік стандарттар талабының негізгі компоненттерінің бірі деп танылған көптілділік оқытуға көңіл бөлу – бүгінгі заман тапсырысы болып табылады. Жаңа технологиясын жан-жақты меңгеріп, соңғы жарық көрген ғылыми- әдістемелік әдебиеттердегі тәжірибелі тәрбиешілердің оқыту әдістерін оқып үйреніп, оларды өз жұмысында орынды қолдана білуі керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай «Еліміздің ертеңі бүгіні жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында».

Қорыта келгенде,мемлекеттік тілді және шет тілдерді үйренуіміз керек. «Білекке сенер заманда-ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда – қапы қалып жүрмейік » — деп Абылай хан айтып кеткендей, ертеңгі күннің болашағы бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән екенін естен шығармайық. Мынандай шарықтау заманында көп тілді игергенге ешкімнің таласы болмайтыны хақ. Сондықтан қазақ, орыс және шет тілдерінің ішінде көбіне көп қолданылып жүрген ағылшын тілін жетік меңгерген ұрпақ өсіріп, оларға үлгі бола білу-бәсекеге қаблетті елдің берік іргесі мен кемел келешегінің кепілі .

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *