АЛЯСКА ТҮБЕГІ — Солтүстік Американың солтүстік-батысындағы түбек, Бристол шығанағы, Беринг теңізі және Тынық мұхит суларымен шайылады. Түбектің территориясы АҚШ-тың Аляска штатының оңтүстік-батыс бөлігі болып табылады. Ұзындығы шамамен 700 км, ал ені 10км-ден 170 км-ге дейін. Негізгі ландшафтысын Алеут жотасы құрайды, оның биік шыңдарына мыналар жатады: сөнбеген (Катмай, 2047 м) немесе сөнген жанартаулар. Ең үлкен биіктігі 2507 м (Вениаминов жанартауы). Мұнда таулы тундралар, шағын мұздықтар кездеседі. Солтүстік-батыс жағалауының бойы — көптеген көлдері бар, субарктикалық шалғындармен қапталған ойпат.
АЛЯСКИТ (алғаш Аляска түбегінде табылуына байланысты аталған) интрузиялық магмалық тау жынысы, граниттің қышқыл құрамды түрі. Құрамы, негізінен, сілтілі дала шпаттарынан (65 % шамасында) жән кварцтан (35 %) тұрады, түсті минералдар өте аз болады (5 %-тен аз). Көбінесе, ашық түсті болып келеді, сонымен қатар қан-қызыл, алқызыл және сұрғылт түрлері жиі кездеседі. А — құрылыс материалы. Ол қаптама тас ретінде ғимараттарды безендіруде қолданылады.